in

«Қызылжар» клубы айыппұл арқалады

Қазір шілде айында Түркіс­танда өткен «Қызылжар» мен «Тұран» командасы ара­сын­дағы кездесуге байланысты тергеу жүріп жатыр. Бұл матч нәтижесі екеуара келісілген деген күдік бар. 

Қазақстан футбол федера­циясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің отырысы өтіп, «Тұран» клубы­мен өткен матчқа байланысты қызметтік тергеу ісіне көмек­тесуден бас тартып, кедергі келтіргені үшін «Қызылжар» фут­бол клубына жаза қолдан­ылды. Клубқа 100 АЕК, яғни 393 200 теңге көлемінде айып­пұл салынды. Бұл соманы биыл 7 қарашаға дейін төлеу қажет.

Негізі, клуб ҚФФ-ның Қауіпсіздік және интегрити қыз­метіне ойыншылардан, менед­жерден, бапкерлік штаб­тан және матчқа қатысы бар өзге тұлғалардан сұрақ-жауап алуға көмектесуге міндетті. Ал «Қыз­ыл­жар» футбол клубы ҚФФ шешімін орындамаған жағдайда қатаң шара қолдан­ылады. Оның ішінде ұпайлары алынып, клуб төменгі ди­ви­зионға түсіріледі. Ойыншылар мен ресми тұлға­ларға футбол саласында жұмыс істеуге тый­ым салынады.

Айбике ЖАНАСЫЛ