Көкшетаулық “Арлан” клубының ойыншысы, Беларусь елінен келген 27 жастағы қорғаушы Арсений Борисов Қазақстан азаматтығын алды. Ол бұл шешімді әйелі мен балалары үшін қабылдағанын айтты, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Tengri Sport-қа сілтеме жасап
“Жан жарым – қазақ, екі баламыз да осы жерде дүниеге келді. Бізге Қазақстанда қолайлы, болашағымызды осында құрғымыз келеді”, – деді хоккейші.
Қазақстан азаматтығын алу үшін Арсений туған елі – Беларусьтің төлқұжатынан ресми түрде бас тартып, бұл шешімге өкінбейтінін жеткізді.
– Туған еліңіз мұндай шешіміңізді қалай қабылдайды деп қорықпадыңыз ба?
– Жоқ, – деп қысқа жауап берді ол.
Сонымен қатар ол Қазақстан құрамасынан шақырту түссе, қуана келісетінін де жасырмады.
– Қай спортшы ұлттық құрамаға шақырту алғысы келмейді? – деді ол.
Жақында олар екінші рет сәбилі болды. Есімі – Артемий. Ерлі-зайыптының тағы бір қызы бар.
Арсений Борисов 2013-2021 жылдар аралығында Беларусь чемпионатында әртүрлі клубтарда ойнаған. Ол 2021 жылы Қазақстанға ауысып, алдымен “Арлан”, кейін “Сарыарқа” (Қарағанды), “Хумо” (Ташкент) клубтарында ойнады.