in

Шахмат бәйгесі: Үздік сегіздік анықталды

Үш күнге созылған кезең қорытындысы бойынша 16 команданың арасынан үздік нәтиже көрсеткен сегіз ұжым енді жарысты плей-офф кезеңінде жалғастырады. Олардың қатарында Қазақстан атынан сынға түскен Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы да бар.

Топтық кезеңде командалар төрт тақтада бақ сынап, әрқай­сысы алты матч өткізді. Ойындар 45+30 уақыт бақылауы бойынша өтті. Әр топтың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен екі команда келесі кезеңге жол­дама алды.

А тобында ширек финалға шы­ғатын командалар мерзімінен бұрын белгілі болды. Орал мемле­кеттік тау-кен университеті топ­тағы алты кездесудің барлығында жеңіске жетіп, командалар ара­сын­да көш бастады. Олар 12 ко­ман­далық және 22 жеке ұпай жинап, топтағы абсолютті нәти­жеге қол жеткізді. Екінші жолдама Harvard University командасына бұйырды. Америкалық универ­ситет өкілдері 7 командалық және 12,5 жеке ұпай еншіледі. Ал University of Melbourne мен Peking University жарыс жолын осы ке­зеңде аяқтады.

В тобындағы тартысты додада Webster University командасы тур­нирді толық құраммен өткізе алма­ды. Ұжым барлық кездесуге үш ойын­шымен шығып, әр матч­ты қар­сыласынан бір ұпай кем бастап отырды. Соған қарамастан, коман­да 5 командалық ұпай жи­нап, Universidad de Chile-мен тең нәти­же көрсетті. Алайда жеке көр­сеткіштер бойынша чилилік ко­манда басым түсіп, плей-оффқа жолдама алды. Ал алғашқы орын­ды Saint Louis University айқын басым­дықпен иеленді. Команда жеке есепте мүмкін болған 24 ұпай­дың 22,5-ін еншіледі. 

С тобында University of Texas at Dallas топтық кезеңді мінсіз нәти­же­мен аяқтады. Алты кезде­судің барлығында жеңіске жеткен амери­калық команда 12 коман­далық және 19 жеке ұпай жинап, көш бас­тады. Екінші жолдама 8 коман­далық ұпай еншілеген National Technical University of Athens ко­ман­дасына берілді. Қазақстан­дық AlmaU командасы 3 ұпаймен үшін­ші орынға тұрақтап, жарыс жолы­нан шығып қалды. Ал Cambridge University төртінші орынға тұрақтады.

Ал D тобының қорытындысы бойынша, Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы алты кездесудің бесеуінде жеңіске же­тіп, бір матчты тең аяқтады. Осы­лай­ша, қазақстандық коман­да қатысу­шылар арасында көш бас­тады. KNUS қоржынында жалпы 11 командалық және 19 жеке ұпай бар. Топтық кезеңнің соңғы туры қазақ­стандық екі ко­манданың өзара тар­тысына ұласты. KNUS студент­тері әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ коман­дасымен өткізген екі кезде­су­дің екеуінде де басым түсті. Ал­ғашқы матч 3,5:0,5 есебімен аяқ­талса, екін­ші кездесуде спорт универ­ситетінің командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті. D тобында екінші орынға 7 командалық ұпай жина­ған индонезиялық Universitas Gunadarma, ал әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ 6 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Oxford University төртінші орынға табан тіреді.

Енді әлем чемпионатының жеңіске жету жолындағы шешуші ойындары басталады. 7 тамызда ширек финалдық кездесулер өткі­зіліп, турнирдің жартылай фина­лына шығатын төрттік анық­талады. Бұл кезеңде Қазақ ұлттық спорт университеті National Technical University of Athens коман­дасымен кездеседі. Жартылай финалдық матчтар 8 тамызға, ал чемпион мен жүлдегерлерді анық­тайтын финалдық бәсеке 9 та­мызға жоспарланған. Қазақ­стан­дық ко­ман­даға әлем чемпио­наты­ның жүл­десіне таласатын финалистер қатарынан көрінуі үшін екі кездесуде жеңіске жету қажет.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы