Құрлықтық біріншілік биыл алғаш рет Дүниежүзілік бокс федерациясының (World Boxing) ұйымдастыруымен өтті. Көптеген құрама додаға өздерінің үздік спортшыларын алып барып, жарыстың бәсекелестігін күшейтті десек болады. Соның нәтижесінде жарыс тартысты өтіп, күтпеген нәтижелер тіркелді.
Медальдар екі жас санатында сарапқа салынды. Бангкоктағы шаршы алаңға 19 және 22 жасқа дейінгі спортшылар шықты. Қазақстан құрамасы толық құраммен қатысып, ұзақ уақыт бойы дайындық жүргізді. Ерекше атап өтерлігі, жас қазақстандық боксшыларды Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтырды. Айта кетсек, бұған дейін шешуші дайындық кезеңі Ыстықкөлде (Қырғызстан) өтті.
– Біз Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Жиын барысында физикалық және техникалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар Қырғызстан ұлттық құрамасымен бірлесіп қарқынды жаттығу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар жаттығу жекпе-жектері өткізілген болатын.
Әр салмақта өткен жаттығу жекпе-жектерінің нәтижесінде ең үздік спортшылар іріктелді. Іріктелген боксшылардың барлығы Таиландқа аттанды. Азия чемпионатынан кейін қалыпқа келтіру шараларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі жарыс кестесі өте тығыз болды және жекпе-жектер ауыр өтті, – деді Бақыт Сәрсекбаев.
Спорт журналисі Аслан Қаженовтің айтуынша, бұл жарыстар боксты дамыту жүйесіндегі кейбір олқылықтарды анықтауға, кемшіліктерді көруге және алдағы жұмыстарды жүйелеуге мүмкіндік береді.
– Соңғы бір жылды алсақ барлық құрлық, әлемдік жарыстарда жастар арасында жалпы есепте тек бірінші орын алып келдік. Қазіргі нәтиже, әрине көңілді көншітпейді. Жанкүйерлер тарапынан да кейбір орынды сындар айтылып жатыр. Жаттығу барысында балалардың шеберлігін шыңдау, тәжірибе толыстыруға қатысты біраз жұмыстар атқарылу керек екені байқалды. Бапкер құрамы оны ескерді. Екіншіден, төрешілердің кері әсер бергені де анық көрініп отыр. Аяқтан шалып, жеңістен шалған сәт көп болды. Бұл мәселелер алдағы уақытта реттеледі деп ойлаймыз. World boxing жаңадан құрылған ұйым болғандықтан, бұл олқылықтар заңды деп ойлаймын, – дейді ол.
Нәтижелерге тоқталсақ, жалпы алғанда боксшыларымыз Азия чемпионатында жеті алтын медаль жеңіп алды. Оның ішінде, бес алтынды жоғары жас санатындағы спортшылар еншіледі. Ал U19 санатында ерлер мен әйелдер құрамасы бір-бір алтыннан иеленді.
U19 санатындағы ерлер арасында Расул Асанханов 90 келіге дейін салмақта Азия чемпионы атанды. Ал Әділет Тортубек (60 келіге дейін), Бейбарыс Әшірбай (70 келіге дейін), Тимур Тайбеков (80 келіге дейін) және Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келіге дейін) күміс жүлдені еншіледі. Ал Нұрсұлтан Шілдебай (75 келіге дейін) қола медальға қол жеткізді. Командалық есепте Қазақстан үшінші орынға жайғасты. Бірінші орында – Өзбекстан, екінші – Таиланд.
Дәл осы санаттағы қыздар арасында Құралай Егінбайқызы (80 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды. Күміс медаль Аяжан Ермекке (57 келіге дейін) бұйырды. Айым Танкибаева (51 келіге дейін), Жанель Имантаева (54 келіге дейін), Алина Кудайгенова (60 келіге дейін), Ақбота Есімбекова (65 келіге дейін) және Сабина Жақсылық (80 келіден жоғары) жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Осылайша, Қазақстан құрамасы медальдық есепте төртінші орынға жайғасты.
– Жалпы, жігіттердің әлеуеттері жаман емес. Индивидуалды спорт болғаннан кейін кейбір салмақта мықты балаларымыз бар. Кейбіреуінде сәл тәжірибенің жетіспеушілігі бар. Алдағы уақытта ауызбіршілік, жүйелі жұмыс керек. Негізінде, осы жарыс үлкен сабақ болды, осылай болуы керек те шығар деп ойлаймын. Өйткені тек бірінші орында жүре бергеннен біз тоқмейілсіп, өзімізге көңіліміз толып қалуы мүмкін. Осы тұрғыда шамалы сүрініп тұрғанда жақсы деп пайымдаймын. Жарыстың тағы бір ерекшелігі жаңа салмақтағы жекпе-жектердің болуы. Осы жағынан да жігіттеріміз жаңа салмақтарға икемделіп, жақсы өнер көрсетті, – деп қорытындылады Аслан Қаженов.
U22 санатында біршама елеулі жетістігіміз бар. Азия чемпионатының шешуші күнінде 22 жасқа дейінгі спортшылар бақ сынады. Бұл кезеңде қазақстандық боксшылардың нәтижесі айтарлықтай жақсарды. Әйелдер арасында Гүлназ Бөрібаева (48 келіге дейін) мен Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) алтын медаль еншілеп көңілімізді марқайтса, Шұғыла Нәлібай (75 келіге дейін) мен Әсел Тоқтасын (80 келіден жоғары) күміс жүлдені місе тұтты. Қорытынды есепте Қазақстан құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орын – Қытай, екінші – Өзбекстан.
Ерлер арасындағы сайыста Қазақстанның Әнұраны үш мәрте шырқалды. Чемпион атанғандардың арасында Нұрислам Қалдыбаев (60 келіге дейін), Санжарәлі Бегалиев (80 келіге дейін), Темірлан Мұқатаев (90 келіге дейін) көзге ілінді. Ал күмісті Илья Калинин (65 келіге дейін) мен Нұрбек Мұрсал (70 келіге дейін) жеңіп алды. Командалық есепте біздің құрама тек Өзбекстанға ғана жол берді. Үшінші орын Жапонияға бұйырды.
Спорт сарапшысы Айдос Рымқұл еліміздің төмен нәтиже көрсеткеніне бірнеше факторды тізбектеп айтып берді.
– Ең негізгісі екі турнирдің арасы тым жақын болды. Шри-Ланкадағы турнир мамыр айында болса, екіншісі тамыз айының басында болды. Спортшылардың пик формасы бәлкім осы мамыр айына келген шығар деп ойлаймын. Екінші фактор ретінде федерацияның жіберген қателіктерін айтуға болады. Шри-Ланкада өткен жарысқа үлкен күш жұмсап, жаңадан құрылған ұйым World boxing-тің ашуын тудырып алған сияқтымыз. Оған себеп Таиландтағы ұйымның вице-президенті болып Өзбекстан азаматының сайлануы болды. Қаншама елден мықты адам үміткер болса да, таңдамауында бір гәп бар. Үшіншіден, жарыс барысында төрешілердің өзбек боксшыларын алдыға сүйрегені әбден байқалды. Мықтылармен кездеспес үшін, қарсыластардың алдын тазалап отырды десем қателеспеймін. Жалпылама қарайтын болсақ, қазақ боксы техникаға икемделген, ал өзбек боксы жаппай төбелеске құрылған. Алайда төрешілер тең кездесудің бәрінде біздің жаққа бұрған жоқ, – деді спорт сарапшысы.
Жалпы алғанда, Таиландтағы Азия чемпионаты қазақстандық бокс үшін бір жағынан сынақ, бір жағынан сабақ болды. Жеті алтын – аз олжа емес, бірақ бұрынғыдай үстемдік көрсете алмау, төрешілік даулар мен дайындықтағы олқылықтар болашақта түзетуді қажет етеді. Бұл дода біздің жастардың әлеуетін, бірақ сонымен қатар жүйелі жұмыс пен халықаралық деңгейдегі ықпалдың да маңызды екенін айқын көрсетті.
Әсет ҚАЛИ