Бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Таразда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында алтын медальға қол жеткізе алмады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
6 қарашада 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалдық кездесуде алматылық боксшы Шымкент қаласының тумасы Элина Базаровамен жұдырықтасты. Тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер 3:2 есебімен Базарованың жеңісін тіркеді. Осылайша, шымкенттік спортшы Қазақстан чемпионы атанса, Назым Қызайбай күміс жүлдені қанағат тұтты.
Назым Қызайбай бұған дейін ел чемпионатында 14 рет топ жарған. Биылғы жарыста жеңіске жетсе, бұл оның 15-ші чемпиондық атағы болар еді. Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы финалға дейін қарсыластарынан басым түскен. Атап айтқанда, жартылай финалда тәжірибелі боксшы Жайна Шекербекованы 5:0 есебімен жеңген болатын.
Ал Элина Базарова бұған дейін де ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен. Ол биыл Моңғолияда өткен Азия чемпионатында 1/8 финалға дейін жеткен.