Көрме «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің мәдени бағдарламасы аясында ұсынылып, әлемдік спорт тарихы мен Қазақстан спортшыларының жетістіктерін бір кеңістікке жинады.
Бұл көрме – спорт тарихын, олимпиадалық құндылықтарды және заманауи технологияны тоғыстырған ерекше мәдени жоба. Мұнда келушілер олимпиада ойындарының 1896 жылдан бергі даму жолымен танысып, әр дәуірдің рухын, спортқа деген көзқарасын, жеңіс пен жігердің адамзат тарихындағы орнын сезіне алады. Афинадан басталған олимпиадалық қозғалыстың бүгінгі Астана төрінде жалғасуы да көрменің мазмұнын тереңдете түседі. Экспозицияның негізін коллекционер Владимир Потанин жинаған олимпиадалық жәдігерлер құрайды. Көрмеге қойылған барлық артефакт түпнұсқа күйінде сақталған. Ұзын саны 140-тан асатын құнды жәдігерлердің қатарында алғашқы заманауи олимпиада ойындарынан бастап бергі медальдар, олимпиадалық алаулар, дипломдар, естелік белгілер, марапаттар және тарихи маңызы зор бірегей бұйымдар бар. Мұндағы әр экспонат – өз кезеңінің үнін жеткізетін құнды дерек. Мәселен, олимпиадалық медальдар арқылы спорттық марапаттау мәдениетінің қалай өзгергенін көруге болады. Ал дипломдардағы көркем безендірулер сол кезеңдегі эстетиканың даму ерекшеліктерінен хабар береді. Олимпиадалық алаулар болса, әлем халықтарын біріктіретін бейбіт бәсекенің, достық пен ынтымақтың символы ретінде ерекше әсер қалдырады.
Көрмедегі жәдігерлер олимпиада тарихын спорттық жарыстар тізбегі ретінде де, тұтас мәдени құбылыс ретінде де танытады. Өйткені олимпиада ойындары қашанда адам мүмкіндігінің шексіздігін, табандылық пен тәртіптің, арман мен еңбектің биік үлгісін көрсетіп келеді. Сондықтан бұл экспозицияға қойылған әрбір заттың артында спортшы тағдыры, ұлт намысы, тарихи кезеңнің тынысы жатыр. Көрме кеңістігі де спорт тақырыбына сай ерекше безендірілген. Экспозицияда күрес кілемі мен бокс рингі үлгісінде жасалған арнайы тақырыптық аймақтар бар. Бұл келушілерге тек жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, спорт атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Әсіресе жас көрермендер үшін мұндай шешім көрменің танымдық әрі әсерлі болуына ықпал етеді.
Экспозиция Қазақстанның даңқты спортшыларына арналған Ұлттық музей қорындағы бірегей жәдігерлермен де толықтырылған. Көрменің тағы бір жеке бөлімі тәуелсіз Қазақстанның олимпиада ойындарындағы жетістіктеріне арналған. Мұнда еліміздің спорт тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғаларға қатысты фотосуреттер, марапаттар мен жеке спорттық бұйымдар қойылған. Атап айтқанда, келушілер Владимир Смирнов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Александр Винокуров, Денис Тен, Ольга Рыпакова, Геннадий Головкин және Елдос Сметов сынды әйгілі спортшыларға қатысты жәдігерлерді көре алады. Бұл бөлімнен қазақстандық спорттың алғашқы ірі жеңістерден бастап бүгінгі биік белестерге дейінгі даму бағытын көре алады. Көрмеден орын алған қазақстандық спортшылардың жетістігі – ел тарихының жарқын беттері. Олардың әрбір жеңісі халықтың рухын көтеріп, жас ұрпаққа үлгі болды. Бекзат Саттархановтың Сиднейдегі тарихи жеңісі, Серік Сәпиевтің Лондон төріндегі ерлігі, Ольга Рыпакованың жеңіл атлетикадағы табысы, Елдос Сметовтің татамидегі қайсарлығы – мұның бәрі отандық спорттың мәртебесін асырған оқиғалар. Көрмедегі жәдігерлер осы жеңістердің рухын қайта жаңғыртып, көрерменді өткен күндердің толқынысына бөлейді.
Көрменің басты ерекшеліктерінің бірі – заманауи цифрлық технологиялардың қолданылуы. Нейрожелілік шешімдердің көмегімен олимпиадалық дипломдардағы ежелгі грек құдайлары мен спортшылардың бейнелері «жанданып», қозғалысқа енеді. Бұл тәсіл көне мұраны жаңа форматта танытып, көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Яғни цифрлық бөлім олимпиада тарихын бүгінгі заман тілімен сөйлетеді. Антикалық дәуірдің бейнелері мен қазіргі технология мүмкіндіктерінің бір кеңістікте тоғысуы көрменің мазмұнын байыта түскен. Осы арқылы экспозиция өткенді құр еске салумен шектелмей, оны жаңа қырынан қабылдауға жол ашады. Бұл әсіресе бүгінгі көрермен үшін маңызды. Себебі қазіргі аудитория тарихты тек мәтін немесе жәдігер арқылы емес, интерактивті, әсерлі форматта танығысы келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме олимпиадалық мұра мен заманауи спорттық технологияларды символдық тұрғыда байланыстырады. Расында да, бұл экспозицияда өткен мен бүгіннің арасында табиғи сабақтастық бар. Бір жағында – Афинадан бастау алған классикалық олимпиада рухы, екінші жағында – цифрлық дәуірдің мүмкіндіктері мен фиджитал спортқа бет бұрған жаңа заман. «Болашақ ойындары – 2026» дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны біріктіретін жаңа форматтағы халықаралық турнир болса, бұл көрме сол идеяны мәдени кеңістікте жалғастырады. Яғни спорттың тарихы мен болашағы бір арнаға тоғысады. Көрме заманауи технологиялардың дәстүрді алмастырмайтынын, керісінше, оны сақтап, жаңа буынға жақын әрі түсінікті етіп жеткізуге көмектесетінін көрсетеді.
Владимир Потаниннің олимпиадалық коллекциясы бұған дейін Мәскеу, Сочи, Бейжің қалаларында, ІІ Еуропа ойындары күндері Минскіде, БРИКС ойындары аясында Қазанда және Петербург халықаралық экономикалық форумы кезінде Санкт-Петербургте таныстырылған. Енді халықаралық деңгейде мойындалған бұл коллекция Астана төрінде көпшілікке жол тартты. Астанадағы көрменің маңызы бөлек. Бұл – отандық спорт тарихын халықаралық аудиторияға таныстырудың да жақсы мүмкіндігі. Көрме жас ұрпақ үшін де тағылымға толы. Мұнда спорттың үлкен тәрбие мектебі екенін аңғаруға болады. Олимпиада тарихы адамды еңбекке, төзімге, тәртіпке, әділ бәсекеге және мақсатқа адал болуға үндейді. Ал қазақстандық спортшыларға арналған бөлім жастардың бойында елге деген мақтаныш сезімін оятады.
Экспозицияны аралаған адам олимпиада ойындарының әр кезеңдегі тынысын сезінеді. Бір жәдігерден ежелгі спорттық дәстүрдің ізі байқалса, енді бірінен заманауи спорттың қарқыны көрінеді. Медальдар мен дипломдар, алаулар мен жеке спорттық бұйымдар бір-бірімен үндесіп, адамзаттың ортақ спорттық шежіресін құрайды. «Афинадан Астанаға дейін» атауының өзі көрменің негізгі идеясын айқындап тұр. Афинада басталған олимпиада рухы бүгінде Астанаға жетіп, жаңа мазмұнмен, жаңа технологиямен, жаңа көзқараспен жалғасып отыр.
Ұлттық музейде ашылған бұл көрме олимпиадалық құндылықтарды насихаттаумен қатар, спорт тарихына өзгеше көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Ол өткеннің мұрасын сақтап, бүгінгі жетістіктерді бағалап, болашақ спорттың бағыт-бағдарын сезіндіреді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ