Ағылшындық «Челси» клубы туралы жазатын TheChelseaChronicle.com сайтының мәліметінше, қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаевтың «Стэмфорд Бриджге» ауысуы аяқталған соң, оны бірден жалға беруді жоспарлап қойған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазірдің өзінде «Челсиге» тиесілі саналатын Дастан Сәтпаев келесі жылы, 18 жасқа толған соң, Лондонға баруға тиіс.
Қазақстан футболы тарихындағы рекордтық келісімшартқа қол қойған «Челси» клубы ойыншының келесі маусымда Еуропаның жетекші чемпионаттарының бірінде ойнауға толық дайын болуын көздейді. Клубта Сәтпаевпен жеке жұмыс істейтін маман бар. Ол футболшының шеберлігін жетілдіріп, қазіргі клубында жоғары деңгейде өнер көрсетуіне көмектесіп жүр.Сәтпаевтың өз әлеуетін дәлелдеуге тағы бірнеше мүмкіндігі бар: ол биылғы Чемпиондар лигасында «Қайрат» сапында «Интер» және «Арсеналға» қарсы ойнайды. Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы сапында да өзін танытып үлгерді және маусымды жоғары деңгейде аяқтап, «Страсбургке» жалға ауысу мүмкіндігіне ие болуға ниетті, — деп жазады басылым.