Астанада Дзюдо федерациясының кезекті конференциясы өтті. Онда атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы жоспарлар талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сонымен қатар конференция қорытындысы бойынша, кадрлық өзгеріс болды.
Федерация баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев бұған дейін атқарып келген бас хатшы қызметінен босап, Дзюдо федерациясының вице-президенті болып тағайындалды.
Айта кетейік, Асхат Жіткеев 2011-2012 жылдары Қазақстанның ерлер ұлттық құрамасын басқарған, ал 2012 жылдан 2019 жылға дейін Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры қызметін атқарған.
2023 жылдың сәуір айынан бастап Азия дзюдо одағының рефери-директоры лауазымында жұмыс істеп келеді.
Бос қалған бас хатшы қызметіне Тимур Болат тағайындалды.
Конференция барысында өңірлік федерация өкілдерінің есебі тыңдалып, Қазақстан облыстарында дзюдо спортын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.