Бірі құрлықтық дода алдындағы соңғы дайындығын пысықтаса, енді бірі Лос-Анджелес Олимпиадасына басталған ұзақ жолда рейтингтік қорын молайтуға күш салады. Сондықтан 28-30 тамыз аралығында Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін Grand Slam турнирін күнтізбедегі кезекті жарыс деп қана қарауға болмайды. Мұнда Азиада алдындағы дайындық та, Олимпиада жолындағы есеп те қатар жүреді.
Лозанна додасының тағы бір ерекшелігі бар. Биыл Швейцария өз тарихында алғаш рет дзюдодан Grand Slam турнирін қабылдайды. Жарыс Олимпиада қозғалысының орталығы саналатын Vaudoise Arena кешенінде өтпек. Халықаралық дзюдо федерациясының мәліметіне сүйенсек, турнирге 78 елден 530-дан астам спортшы тіркелген. Оның үстіне бұл бәсеке элиталық дзюдомен қатар бейімделген дзюдо жарыстарын бір алаңда тоғыстыратын айрықша турнир болмақ.
Лозанна татамиіндегі тартыстың жоғары болуына тағы бір себеп бар. Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына ресми іріктеу кезеңі биыл маусымда Ұлан-Батырда өткен Grand Slam жарысынан басталды. Демек, енді әлемдік турдың әр кезеңіндегі жеңіс пен рейтингтік ұпайдың құны бұрынғыдан жоғары. IJF те Олимпиада жолындағы әр жарыстың спортшылар үшін стратегиялық маңызға ие болғанын атап көрсетеді.
Қазақстан құрамасы да осы кезеңге біртіндеп кірісті. Ұлан-Батырдағы Grand Slam турнирінде отандастарымыз жүлдеге жете алмады. Қазақстан үш жетінші орынмен командалық есепте 31-сатыда қалды. Ал араға бір апта салып Қытайдың Циндао қаласында өткен Гран-при кезеңінде Ғұсман Қырғызбаев 66 келіге дейінгі салмақта күміс медаль иеленді. Финалда ол Олимпиада чемпионы жапониялық Хифуми Абэге жол берді.
Қазақстаннан 15 дзюдошы барады
Лозаннадағы Grand Slam турниріне Қазақстан құрамасынан 15 спортшы тіркелген. Оның 11-і ерлер, төртеуі әйелдер құрамасынан. IJF-тің ресми тізімінде де Қазақстанның дәл осындай құраммен қатысатыны көрсетілген.
Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Талғат Орынбасар мен Шерзод Давлатов, 66 келіде Нұрқанат Серікбаев пен Ақылжан Жұбатқанов, 73 келіде Аңсарбек Ғайнуллин мен Бақытжан Абдурахманов, 81 келіде Әділет Алмат пен Абылайхан Жұбаназар, 90 келіде Айдар Арапов, 100 келіде Марат Байқамұров, ал аса ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев белдеседі.
Әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақта Дана Әбдірова, 70 келіде Ажар Асхат, 78 келіде Аружан Жангелдина, +78 келіде Аида Тойшыбекова сынға түседі.
Бұл тізімнің бір ерекшелігі – Лозаннаға Азия ойындарына баратын бірқатар спортшы да қатысады. Яғни Бақытжан Абдурахманов, Әділет Алмат, Айдар Арапов, Марат Байқамұров, Ерасыл Қажыбаев, Дана Әбдірова, Ажар Асхат және Аида Тойшыбекова үшін Швейцариядағы дода Азиада алдындағы маңызды бақылау жарыстарының бірі болмақ. Ал ұлттық құраманың ең тәжірибелі спортшыларының бір бөлігі бұл жолы демалыс пен мақсатты дайындықты таңдаған. Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов, Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев және әлемдік рейтингте Қазақстан әйелдер құрамасының алдыңғы қатарында тұрған Әбиба Әбужақынова Лозаннада татамиге шықпайды. Олардың басты нысанасы – қыркүйектегі Азия ойындары.
XX Азия ойындары Жапонияның Аичи-Нагоя өңірінде 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Дзюдо жарыстары Aichi International Arena-да ұйымдастырылады. Сондықтан Grand Slam мен Азиаданың арасы тым алшақ емес. Осы тұрғыдан алғанда бапкерлер штабы үшін спортшыны жарысқа қосу немесе тың күйінде ұстау мәселесінің өзі тактикалық шешімге айналып отыр.
Кіл мықты жиналған
Турнирдің деңгейін қатысушылар құрамының өзі аңғартады. Ерлер арасында Олимпиада чемпиондары мен әлемдік дзюдоның танымал өкілдері көп. Солардың бірі – Париж Олимпиадасының чемпионы әзербайжандық Хидаят Гейдаров. Сондай-ақ Рио Олимпиадасының жеңімпазы италиялық Фабио Базиле, Париж-2024 ойындарының күміс жүлдегері француз Лука Мхеидзе, бразилиялық Олимпиада жүлдегерлері Леонардо Гонсалвес пен Виллиан Лима, бельгиялық Маттиас Кассе секілді тәжірибелі балуандар бар. Оларға әлем чемпионаттарында жүлде алған Инал Тасоев, Ромен Валадье-Пикар, Эмомали Нурали, Гурам Тушишвили секілді дзюдошылар қосылады. Мұндай құрам кейбір салмақ дәрежелеріндегі бәсекені әлем чемпионатына бергісіз етуі мүмкін.
Әйелдер арасындағы бәсеке де осал емес. Франция құрамасы Лозаннаға өте мықты спортшыларын әкелмек. Ширин Букли, Сара-Леони Сисик, Одри Чемё, Романа Дикко секілді Олимпиада жүлдегерлері жеңіс үшін таласады. Олардың қатарына әлемдік додада үздік шыққан және жүлдеге іліккен Ассунта Скутто, Этери Липартелиани, Маша Балльхаус, Гефен Примо, Ангелика Шиманьская сынды спортшылар қосылады. Бұлардың арасында дәл қазір әлемдік рейтингтің жоғары сатысында тұрған балуандар да бар. Мәселен, Лозаннаға тіркелген Эмомали Нурали өз салмағында әлемдік рейтингте алғашқы орындардың бірінде тұрса, әйелдер арасында Маша Балльхаус, Ширин Букли, Романа Дикко секілді дзюдошылар жарыстың жоғары нөмірлі фавориттері қатарында.
Кімде мүмкіндік көбірек?
Қазақстан құрамасы үшін, әсіресе жеңіл және орта салмақтардағы белдесулер қызық болмақ. 60 келідегі Талғат Орынбасар соңғы уақытта тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Ол биыл Қазақстандағы Grand Slam турнирінде күміс, Тбилисидегі Grand Slam додасында қола медаль алды. Тамыз айындағы IJF рейтингінде ол әлемнің үздік жиырмалығына кірді.
Шерзод Давлатов та биыл елдегі Grand Slam жарысында қола жүлдеге ие болды. Сол турнирде Аңсарбек Ғайнуллин мен Айдар Арапов қола алса, Марат Байқамұров чемпион атанды. Демек, Лозаннада Қазақстан тек тәжіри-бе жинау үшін емес, нақты нәтиже үшін де таласуға қабілетті құрам апарып отыр.
66 келіде де ішкі бәсеке қызық. Қазіргі IJF әлемдік рейтингінде Нұрқанат Серікбаев Қазақстан дзюдошылары арасындағы ең жоғары орындардың бірінде тұр. Ақылжан Жұбатқанов та халықаралық жарыстарда тәжірибе жинап келеді. Ал бұл салмақта Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың болуы ұлттық құрамадағы бәсекені одан әрі күшейтеді. Лозаннадағы әр белдесу алдағы ірі жарыстарға құрам жасақтау кезінде бапкерлер үшін қосымша жауап болары анық.
Grand Slam бағдарламасы үш күнге бөлінген. Алғашқы күні ерлердің 60 және 66 келі, әйелдердің 48, 52 және 57 келі салмақтары өтеді. Екінші күні 73, 81 келідегі ерлер мен 63, 70 келідегі әйелдер белдессе, 30 тамызда ауыр салмақ иелері татамиге шығады.
Лозаннадағы дода Қазақстан үшін бір мезетте бірнеше сауалға жауап беретін жарыс болмақ. Азиадаға баратын спортшылар қандай деңгейде? Олимпиадалық іріктеу басталған тұста жастар әлемдік рейтингте қаншалықты жылдам көтеріле алады? Құрамада әр салмақтағы ішкі бәсеке кімнің пайдасына шешіледі? Сол себепті Швейцариядағы Grand Slam-ның бағасын тек медаль санымен өлшеу жеткіліксіз. Аичи-Нагоядағы Азия ойындарына санаулы апта қалғанда, Лозанна татамиі Қазақстан құрамасының қазіргі мүмкіндігін байқататын үлкен сынақ алаңына айналмақ.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ