in

2025 жылғы Дүниежүзілік ойындар: Қазақстан делегациясы Қытайға барды

2025 жылдың 7–17 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өтетін Дүниежүзілік ойындар қарсаңында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Есет Байтасов спортшылар қалашығына барып, Қазақстан құрамасымен кездесті. Бұл туралы Ұлттық олимпиадалық комитет мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әлімжан Ақаев ұлттық құрама мүшелеріне қолдау білдіріп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол спорттық этика мен олимпиадалық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік ойындар – халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы болмақ. Ол қазақстандық спортшылардың әділ бәсеке, құрмет пен өзара түсіністік рухында жоғары нәтижеге қол жеткізетініне сенім білдірді.

Кездесу барысында спортшылардың тұру жағдайы мен жарыстарға дайындығына қатысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.

Айта кетейік, Чэнду–2025 Дүниежүзілік ойындарында Қазақстан намысын 30-дан астам спортшы қорғайды. Олар джиу-джитсу, каратэ, самбо, муай-тай, акробатикалық гимнастика, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату және ушу сынды спорт түрлерінен бақ сынайды. Жалпы, бұл ойындарға 114 елден 4 000-нан астам спортшы қатысады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM   арнасынан табасыз.