Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановқа бір жыл бұрын федерация тарапынан уәде етілген пәтер әлі берілмеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Балуан журналист Нұрсейіт Жылқышыбаймен сұхбат әңгімесінде сертификат алғанмен, баспанаға әлі қолы жетпегенін айтты. Сондықтан жаттығуға алыстан қатынауға мәжбүр.
«Былтыр федерацияның қорытынды жиынында пәтер сертификаты берілді. Бірақ пәтердің өзін беру жағы бір жылдан бері созылып кетті. Сұрап жазған едік, оған федерация тарапынан жауап болмады. Нақты болмай жатыр. Берілсе жақсы болар еді. Пәтерден-пәтерге көшіп жүрмін. Қазір Талғарда тұрып жатырмын. Шық деп жатқан жоқ, тек жаттығуға күн сайын қатынап жүрмін. Кептелісте 2-3 сағат тұрамын», – дейді балуан.
Спорт журналисі Аслан Қаженов әлем чемпионы әлі күнге дейін бауырының үйінде тұратынын айтты.
«Нұрқожа Қайпановтың сұхбатын көрген шығарсыз. Осы сертификатты алып, пәтерді алмағанына бір жыл болыпты. Өте ұят жағдай. Әлем чемпионы әлі күнге дейін бауырының үйінде тұрады. Өз отбасы бар. Өз өмірі бар. Бірақ, біреудің баспанасын паналауға мәжбүр. Жаттығу үшін Талғардан Алматыға қатынап жүр. Қанша уақыт жоғалтады?! Қанша жүйке жұқартады?! Масқара ғой. Сұхбаттың шыққанына бір тәулік болды. Жауапты тараптар үнсіз. Негізі уәде берілді ме, орындалуы керек. Қазақтың батырлары тентіреп жүрмеуі керек! Қазақ чемпиондарының еңсесі езілмеу керек! Жақын күндері мәселе шешімін табады деп үміттенеміз…», – деді журналист.
Нұрқожа Қайпанов 2024 жылы Венгрияда күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионатында 70 келіде чемпион атанған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от 1bol.kz (@b1rinshibol)
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.