in

Қазақстан футбол құрамасы Лихтенштейнді ірі есеппен жеңіп, турнир кестесінде жоғарыға көтерілді

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті ойында Лихтенштейн командасын сенімді түрде ұтып, өз жанкүйерлерін қуантты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алды. 26-минутта семейлік «Елімай» клубының шабуылшысы Ғалымжан Кенжебек есепті ашып, команданы алға шығарды. Екі минут өтпей жатып, ұлттық құраманың көшбасшысы Бахтиер Зайнутдинов есепті 2:0 етіп ұлғайтты.

Екінші таймда да қазақстандықтар басымдығын сақтап, қысымын тоқтатқан жоқ. 59-минутта Кенжебек дубль жасап, өзінің мінсіз ойын формасын дәлелдеді. Ал матчтың соңына қарай, 81-минутта қорғаушы Әлібек Қасым ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соғып, кездесуді 4:0 есебімен түйіндеді.

Кездесудің үздік ойыншысы болып екі гол және бір нәтижелі пасымен көзге түскен Ғалымжан Кенжебек танылды. Қазіргі таңда ол ұлттық құрамада 9 ойын өткізіп, 3 гол соққан.
Басты шабуылшы Бахтиер Зайнутдиновтың еншісінде 43 матч пен 15 гол бар. Бұл көрсеткіш оны Қазақстан футболының тарихындағы ең нәтижелі ойыншылардың қатарына қосады.

Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасы 6 ұпай жинап, J тобының турнирлік кестесінде төртінші орынға жайғасты. Топта Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейн құрамалары өнер көрсетіп жатыр.

 

Али Алиев жаттықтыратын ұлттық құрама келесі кездесуін 13 қазан күні сағат 23:45-те Скопье қаласында өткізеді. Қазақстандықтар сырт алаңда топтың көшбасшысы – Солтүстік Македония құрамасына қарсы ойнайды.