Қазақстан теннис федерациясының мәлімдеуінше, еліміздің аталған әлемдік қауымдастықтағы рөлін нығаяды. Ең жоғары дауыс саны 12 болса, Қазақстанға берілген дауыс саны жетіден тоғызға дейін ұлғайтылды. Енді еліміз ITF-қа ықпалы жөнінен Италия, Чехия, Канада, Испания, Швеция, Швейцария, Қытай, Жапония секілді елдермен бір қатарда тұр. ITF-қа кіретін елдердің дауысы шешім қабылдаған кезде әлемдегі теннистің дамуына әсер етеді. Осылайша, Қазақстан теннистің жалпы даму деңгейі жөнінен әлемдегі 10 елдің қатарына ресми түрде енді.
«Бүкіл әлемдегі ұлттық федерациялардың халықаралық жиналысы елдегі теннистің дамуын, жасөспірімдердің, ересектер ұлттық құраманың жетістігін, сондай-ақ бұқаралық спорт пен теннис инфрақұрылымының деңгейін тәуелсіз бағалау негізінде Қазақстанның дауысын көбейту туралы шешім қабылдады. Енді Қазақстан әлемдегі теннисі дамыған елдердің қатарына заңды түрде кіреді», – деді Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов.
Шешім қабылдау кезінде мынадай факторлар: тенниспен айналысушылар саны, арбадағы теннистің дамуы, корттар саны, ұлттық құрама нәтижелері, соның ішінде ойыншылардың Олимпиада, Дэвис кубогы және Билли Джин Кинг кубогы командалық жарыстағы көрсеткіші ескерілді.
Қазір елімізде 17,5 мыңнан астам бала тенниспен тұрақты айналысып, турнирге қатысады. Елде жыл сайын 250-ден астам, соның ішінде 40-тан астам халықаралық жарыс өтеді.
Айбике ЖАНАСЫЛ