in

“Тобығын созып алған”: Мбаппе “Қайратқа” қарсы ойында жарақат алып қалған

Мадридтің “Реал” клубының шабуылшысы Килиан Мбаппе Алматыда өткен “Қайратқа” қарсы матчтан кейін жарақат алғанын мәлімдеді. Аikyn.kz сайты sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Журналист Альберто Перейроның айтуынша, Мбаппе матчтың екінші таймында тобығын созып алған. Бірақ жарақатына қарамастан кездесуді соңына дейін жалғастырған. Кейін ол “Вильярреалға” қарсы ойында да алаңға шыққан. Алайда сол ойыннан кейін шабуылшы тобығындағы ауырсынуға шағымданған.

Осыған байланысты Килиан Мбаппе командамен бірге толық жаттығуларға қатысқан жоқ. Қазір футболшы жеке тәртіпте қалпына келтіру жаттығуларын жасап, медициналық ем қабылдап жүр.

Еске салайық, 30 қыркүйекте Алматыда өткен матчта “Қайрат” өз алаңында “Реалды” қабылдаған болатын. Матчтың қорытындысы бойынша, 5:0 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Ойын барысында Килиан Мбаппе 3 рет гол соғып, хет-трик авторы атанды. Сонымен қатар Эдуарду Камавинга мен Браим Диас та бір-бір голдан соқты. Десе де, кейбір ақпарат көздері шабуылшының ойын алаңына шығатынын мәлімдеп, дайындыққа қатыса бастағанын айтуда. 

Бұған дейін Мбаппенің командадағы әріптесі, түрік жартылай қорғаушысы Арда Гюлер әлеуметтік желіде мадридтік клубтың Қазақстанға жасаған ұшу сапарынан бірнеше сурет жариялаған. Сол фотолардың бірінде ұшақта ұйықтап отырған Мбаппе де көзге түскен. Сол фотосуреттерді көрген Килиан Мбаппе әзіл-шыны аралас “Қазақстанға барған сапар оңай болмады, бро”, – деген жазба қалдырған Мбаппе.