in

«Тобылға» тіл келмей жүр…

Бірақ жанкүйерлердің «Тобыл» емес, «Тобол» деп ұрандатқаны, басшылығының осыған назар аудармай отыр­ғаны алаңдатады. Оған қоса, «Жетісудың» да әлеуметтік желіде ресми аккаунты «Жетысу» деп тұр. «Қызылжарды» «Кызыл-Жар» деп бөлек жазатындар жетерлік. Тілдің түйткілі спорттағы ахуалдан да көрініп тұр. 

Ребрендинг жасауға не кедергі?

Қостанай жұрты «Тобылдың» әуелден-ақ орысша атаумен құрылғанын алға тартуы мүмкін. Тарихқа үңілсек, өңірден «Химик», «Торпедо», «Автомобилист», «Энергетик», «Кустанаец» клубтары шыққан. Бақсақ, бұл аймақ қазақша атау­ға сараң секілді. Өйткені аталған мәселе біраздан бері көтеріліп жүрсе де, команда атауындағы «о-ны» «ы-ға» ауыс­тыру мұң. Әлеуметтік желідегі атауы да, ресми іс-қағазға да «Тобол» деп жазылады. Көп жылдан бері өлкенің де, сондағы басшылықтың да БАҚ-тың айтқанын елемей жүргеніне клубтың басы-қасындағылардың орысша шүлдірлейтіні себеп пе? Өйткені атақты спорт журналисі Дүрәлі Дүйсебай көзі тірісінде «Тобылға» арнап бірнеше мақала жазған. Алдымен, «Егемен Қазақстанға» (09.04.04), одан кейін «Ана тіліне» (19.03.09) шығарған. Беріде белгілі футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен көгілдір экраннан да, әлеуметтік желіден де айтып жүр. Көргеніңіздей, акциясының жартысы жергілікті облыс әкімдігіне, жартысы бизнесмен Әлімжан Қалдиярға тиесілі. 

«Клубтардың заң жүзіндегі атауы – «Тобол», «Жетысу». Кезінде солай жазылып кеткен. Қазақстанда қазақша шрифт жоқтай өмір сүрген кезіміз болды. «Иртыш» деп айтып, жазып жүрді. Кейін латын қарпімен Ertis деп өзгертті. Бірақ соны «Ертис» деп оқитындар әлі бар. «Тобылдың» «Тобол» болып қалғаны қалған. Атауындағы «о» әрпін «ы-ға» өзгертейік дегенді айттық. Бір әріпті өзгерту үшін көп нәрсені өзгерту керек болды. Ауыстырған күнде де жанкүйерлер «Тобол», «Тобол» деуін тоқтатпайды, көресіздер. Кейде клуб банкрот болып, жабылса, оның орнына қазақша атауы бар команда пайда болса дейсің», – деді футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен.

Айтқандай, біз «Тобылдың» да, «Жетісудың» да баспасөз қызметімен байланысқа шықтық. Талдықорғандағы клуб өкілі «Қай жерде қазақша жазылмай жүр?» деген сұрақпен шектелді. Бірақ әлеуметтік желідегі көзге түрпідей тиетін «Жетысу» сөзін «Жетісуға» өзгерткен жоқ. Оған қоса, профильдегі мәлімет те орысша жазылған. 

«Ребрендинг жасау үшін басшылық­тың шешімі керек. Негізі, ешқандай кедергі жоқ. Жанкүйер мен БАҚ «Тобол» атауын «Тобылға» ауыстыру керегін айтып, үнін басшылыққа естірткені жөн. Оған қоса, бір кездері жанкүйерлердің «Тобол» атауы қала берсін дегені бар. Сондықтан қолдаушылар арасында екіұдай пікір жүр. Облыс басшысы да осы мәселені назарға алса жақсы болар еді», – дейді «Тобыл» клубының медиа-офицері Қасқырбай Қойшыманов. 

Байқағаныңыздай, ребрендинг жасау қиын емес. Әрине, біраз қаржы жұмсалатыны анық. Патент бойынша мемлекеттік баж салығын төлейді. Клуб жейдесі, атрибуткасындағы атау өзгереді. 

Жанкүйерге «жаңылтпаш» жаттатпайық

Threads желісінде «Тобылға» қатыс­ты мәселе көтерілгеніне көп болды. Жанкүйер қазақ футболының қазақша сөйлегенін қалайды. Әсіресе, жақында өткен Кубок финалынан кейін «Тобылға» болысқан кішкентай балалардың «Тобол» деп айқайлап тұрғаны құлағына түрпідей тиетіні рас. Осылайша, кішкентай қолдаушының санасына орысша атау сіңіп жатыр. Телефон баптауын қай тілде қойғаныңыз сияқты, баланы да әу бастан қалай икемдегеніңіз рөл ойнайды. Мәселен, «Жайдарман» тәрбиелеген ұрпаққа Тобыл өзеніндегі ел жайын айтсаңыз, бірден «Қостанай – астық өлкесі» әні есіне түседі. Ал қазір қазақ футболына қолдау көбейіп, атағы аспандап жатқанда ұрымтал тұсты пайдаланған жөн. Бұған облыс әкімдігі не дер екен?

Айтпақшы, «Тобыл» клубының дү­кенінде де балалар мен ересектерге ар­­нал­ған жейдеде, бүржейдеде Tobol деп тұр. Содан ұраны да, әні де орысша сөйлеп тұрғандай елестейді. Әйтпесе, «Қайраттың» Чемпиондар лигасына шыққаны туралы сүйіншілегеннің арасында «Тобылдың» жазбасы ерекше. Сондықтан бұл парадокс орысша тәрбиеленген ата-ана қазақша сөйлейтін баласын орыс сыныбына апарғандай әсер қалдырады екен.

Одан бөлек, неге орыстілді басылым клуб атауын қазақша жазуға бейімделмеске? Мәселен, «Литер» газеті адамның аты-жөніндегі қазақша қаріпті сол күйінде қалдырады. Сонда «Женис», «Кызыл-Жар», «Елимай» деп жазбас едік. Өйткені ағылшынша атаудың денін сол тілде жазамыз. 

«Атаулы сөздерді – қала, ауыл, мекеме, спорт командаларының атауын қазақ транскрипциясымен жазуды қолға алу керек. Жанкүйердің басым бөлігі – балалар мен жастар. Олар сүйікті командасының атауын жаттап өседі. Қазақ тілінде жаттаса, сол күйі есте қалады. Бұл – тілді үйретудің де бір оңтайлы тетігі. Өз елімізде отырып, өзге елдің атау сөздерін сол тілде жазамыз да, өз атауымызға келгенде сырғақтай жөнелеміз. Ондай жағдайда мемлекеттік тілді кім сыйлайды, қазақ тілін қалай өркендетеміз? Келер ұрпақты екіұдай ойда қалдырмас үшін, оларды шатастырмас үшін мәселені ұлттық деңгейде шешетін кез келді», – деген екен марқұм Дүрәлі Дүйсебай Aladop-тағы жазбасында.

Арада бірнеше жылдар өтсе де, осы мәселенің түйіні тарқамай отырғаны бізді алаңдатады. Бұл кемшілік бәріне ортақ екені көрініп отыр: облыс басшылығы да, клуб иесі де, берідегі жанкүйерлер де «о-ны», «ы-ға» алмастырғысы келмейтіні байқалады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ