Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов өзінің спорттық мансабы жайында тараған қауесеттерге жауап берді, – деп жариялайды Аikyn.kz. Бұл туралы спортшы өзінің X.com парақшасында жазды.
Соңғы кездері ел ішінде Шавкат Рахмоновтың спорттық мансабына қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер тарады. Тіпті, барлық бұқаралық ақпарат құралдарында оның алған жарақатына байланысты UFC ұйымынан кететіні туралы ақпарат жарияланды.
Спортшының бапкері мен команда басшысы бұл ақпаратты бірден жоққа шығарды. Дегенмен спортшының өзі біраз уақыт үнсіз қалып, жанкүйерлерін алаңдатып қойғаны тағы бар.
Жақында ғана Шавкат Рахмоновтың өзі Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеме жасады. Ол барлық болжамға нүкте қойды. Ол жаттығуды тоқтатпағанын және октагонға оралуға асығатынын айтты.
«Күн сайын жаттығуда барымды саламын. Жақында ораламын, октагонға қайта шығуды асыға күтемін», – деп жазды спортшы.