Сонымен қатар Қазақстан құрамасының көшбасшылары да жеңіс тұғырының биігіне көтерілу үшін бақ сынайды. Olympic.kz әлем чемпионатына алдын ала шолу жасады.
Әлем үздіктері 2024 жылғы Олимпиададан кейінгі маусым барысында ірі халықаралық жарыстардан сырт қалған болатын. Солардың ішінде қазақстандық балуандар да бар. Алайда, алда өтетін әлем біріншілігіне татами шеберлері түгел дерлік қатыспақ. Бұл – мұндағы бәсекелестік өте жоғары деңгейде болады деген сөз. Әрбір кездесу тағдырын ұсақ-түйек қателіктер шешіп кетуі әбден мүмкін.
Қазақстан құрамасының балуандары соңғы рет ел ішінде өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне қатысқан болатын. Толық құрамның ішінде Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та болды.
Татами шебері аталмыш жарыста екінші нәтиже көрсеткен еді. Айта кетейік, Ғұсман үшін бұл әлем біріншілігі ұзақ уақыт демалыстан кейінгі алғашқы ауқымы жоғары жарыс саналмақ.
Ал, әйелдер арасында Әбибә Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева бұл жарысқа қатыспады. Бапкерлер штабы қос спортшыны әлем чемпионатына тыңғылықты дайындық үшін сақтауды жөн көрген.
Дегенмен, Әбибаның бірнеше халықаралық доданы өткізіп алғанын ескерсек, соған қарамастан спортшының аяқ алысы жаман емес. Отандасымыз Аустрияда өткен Гран-приде алтыннан алқа тақса, Душанбедегі “Үлкен дулыға” турнирінде қола жүлде иеленген. Сонымен қатар Ғалия Тынбаева да әлем біріншілігінде жүлдеге таласа алатындай қауқары бар.
Биылғы әлем чемпионатында 92 елден барған 566 дзюдошы 14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Сонымен қатар әр салмақта 40-қа жуық спортшының медаль үшін таласатынын айта кету керек.
Дүбірлі додаға қатысатын дзюдошылардың қатарында көптеген әлем чемпионы мен Олимпиада жүлдегерлері бар. Атап айтар болсақ, 60 келі салмақта Лука Мхеидзе (Франция), Рюдзю Нагаяма (Жапония), Георгий Сардалашвили (Грузия), Франсиско Гарригос (Испания). 66 келі салмақта Хифуми Абэ (Жапония), Рамазан Абдуллаев (Ресей), Хяр Валид (Франция). 73 келі салмақта Хидаят Гейдаров (Әзербайжан) бар. 81 келіге дейінгі салмақта бәсекелестік өте жоғары болмақ. Себебі Ли Ен Хван (Оңстүстік Корея), Сомон Ахмадбеков (Тәжікстан), Тимур Арбузов (Ресей), Таканори Нагасе (Жапония), Тато Григалашвили (Грузия) өзара мықтыны анықтайтын болады.
90 келіге дейінгі салмақта Сансиро Мурао (Жапония), Лаша Бекаури (Грузия), Федор Целиди (Грекия), Нгаяп Амбу, Максим Гаэль (Франция) сынды мықты балуандар татамиде кездеседі. 100 келіге дейінгі салмақта Зелим Коцоев (Әзербайжан), Илья Суламанидзе (Грузия) фаворит саналады. 100 келіден жоғары салмақта Инал Тасоев (Ресей), Тимур Рахимов (Тәжікстан), Ким Минджон (Оңтүстік Корея), Гурам Тушишвили (Грузия), Хьега Ота (Жапония) бар. Жалпы ерлер арасындағы бәсеке өте жоғары деңгейде өтпек.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Ширин Букли (Франция), Вакана Кога (Жапония) бар. Алайда Әбибә Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева да осал емес. Отандастарымыз да фавориттердің қатарында.
Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстанның толық құрамы төмендегідей:
Ерлер:
– 60 келі: Мағжан Шамшадин, Шерзoд Давлатов
– 66 келі: Ғұсман Қырғызбаев
– 73 келі: Есет Қуанов
– 81 келі: Абылайхан Жұбаназар
– 90 келі: Мейірлан Максим
– 100 келі: Нұрлыхан Шархан, Марат Байқамұров
– 100 келіден жоғары: Ерасыл Қажыбаев
Әйелдер:
– 48 келі: Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева
– 63 келі: Эсмигүл Куюлова
Жекелей сайыстар 13 маусымда басталып, 19 маусымға дейін жалғасады. Ал командалық сайыс 20 маусымда өтеді.
Әлемнің үздіктері жиналғанына қарамастан, қазақстандық спортшылардың медаль жеңіп алуына толықтай мүмкіндігі бар.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.