Қазақстан футболының жарқын жұлдыздарының бірі Бауыржан Исламхан ресми түрде “Астана” клубымен келісімшарт жасасты – деп хабарлайды Аikyn.kz Sportinside.kz -ке сілтеме жасап.
Футболшы үшін бұл елордалық клубқа екінші мәрте оралу. 2013 жылы Бауыржан “Астананың” сапында жарты маусым ойнап, 8 кездесуге қатысқан болатын.
Клуб басшысы Саян Хамитжановтың айтуынша, Исламхан қазіргі уақытта жарақатынан толық айықпаған, сондықтан оған қалпына келу үшін уақыт қажет.
“Қазіргі таңда Бауыржан өз бабынан әлі алыста екенін жақсы түсініп отырмыз. Жарақатынан кейін ол бұрынғы қалпына келуі үшін уақыт қажет. Мұндай жағдайдан ешкім сақтандырылмаған. Сондықтан Исламханның ұлттық құрама мен отандық футболдағы еңбегін ескере отырып, клуб оның толық қалпына келуіне көмектесу дұрыс деп шешті”, – деді клуб басшысы.
Саян Хамитжанов Исламханның дәл қазір «Астананың» басты мақсаттарына тікелей ықпал ете алмайтынын мойындаса да, оның тәжірибесі мен деңгейіне еш күмәні жоқ екенін атап өтті.
“Біз оған уақыт керек екенін түсінеміз. Қазір ол біздің мақсаттарымызды орындауға тікелей көмектесе алмайды. Соған қарамастан, оның жоғары деңгейдегі футболшы екеніне еш күмәніміз жоқ. «Астана» оған қайта қалпына келуге, бұрынғы бабына еніп, қазақстандық жанкүйерлерді ойынымен қайта қуантуға мүмкіндік беруге дайын”, – деді Саян Хамитжанов.
Бауыржан Исламхан – Қазақстан құрамасының экс-капитаны, “Қайрат” пен “Әл-Айн” клубтарындағы ойынымен көзге түскен футболшы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.