Қала күні қарсаңында облыс әкімдігінің бастамасымен ауқымды спорт нысанының құрылысы басталып, өңірдің әлеуметтік-спорттық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеру жолындағы нақты қадамдар жасалды.
Texol Wellness Atyrau: Өңірлік спорт индустриясының жаңа белесі
Қала күніне орай Атырауда өңірдегі ең ірі спорттық нысандардың бірі – Texol Wellness Atyrau спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 24 миллиард теңгеден асады және бұл инвестицияны Texol компаниясы толықтай өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда.
Нысанның іргетасына уақыт капсуласын салу салтанатты рәсімі жоғары деңгейде өтті. Салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Texol компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава, облыстық спорт ардагерлері одағының төрағасы Болат Қожиев, кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы Жандос Назарбеков, сондай-ақ спорт саласының өкілдері мен спорт мектептерінің жас тәрбиеленушілері қатысты.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов бизнес пен мемлекеттің әлеуметтік әріптестігіне ерекше назар аударды. «Бүгін біз өңірдегі ең ірі спорт-сауықтыру кешенінің құрылысын бастап отырмыз. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын көрінісі. Texol секілді ірі компаниялар тек өндірістік жобалармен шектеліп қалмай, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да елеулі үлес қосуда. Мұнда 12 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік болады. Балалар да, ересектер де жаттыға алады. Бұл – салауатты әрі белсенді қоғам құру жолындағы тағы бір қадам», – деді Серік Шәпкенов.
Ал Texol Group директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава бұл кешеннің тек спорттық мақсатпен шектелмей, өңірдің орнықты даму символына айналатынын атап өтті:
«Texol Wellness Atyrau – бұл тек спорт пен демалыс орталығы емес, сонымен қатар Атыраудың шикізаттық экономикадан адами капиталға негізделген дамуға бет бұрғанының белгісі. Бұл жобадағы басты басымдық – Атырау тұрғындарының денсаулығы мен амандығы», – деді ол.
Жалпы ауданы 18 мың шаршы метр болатын үш қабатты кешенде теннис корттары, алты жолақты жүзу бассейні, жекпе-жек залдары, фитнес және тренажер залдары, скалодром мен демалыс аймақтары қарастырылған. Кешен бір мезетте 1 000 келушіге дейін қабылдай алады. Бұл жоба – Атыраудың спорттық әлеуетін арттыратын, өңірлік және ұлттық деңгейдегі жарыстарға арналған ауқымды нысан болмақ.
Олимпиадалық спорт түрлеріне арналған база
Атыраудағы тағы бір маңызды спорт нысаны – бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған оқу-жаттығу орталығының құрылысы да қайта жанданды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты.
Сот дауларына байланысты тоқтап қалған нысан құрылысы қайта жанданды. Құрылыс жұмыстарын VEK-Stroy-Com ЖШС жүргізуде. Жобада үш заманауи спорт залы мен қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
Оқу-жаттығу орталығының құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Бұл нысан олимпиадалық спорт түрлері бойынша облыстық құрама командалардың дайындық базасына айналады. Мұнда күніне 200-ден астам спортшы тұрақты түрде жаттыға алады.
Спорт – әлеуметтік даму мен қоғамдық денсаулық кепілі
Атыраудағы бұл қос нысан – тек құрылыс жобасы ғана емес, өңір халқының салауатты өмір салтын ұстануына, балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына арналған стратегиялық әлеуметтік бастамалар. Бұлар облыстың спорт инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жаңартуға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар бизнес қауымдастықтың әлеуметтік жауапкершілік танытып, қоғамдық маңызы бар нысандарға қаржы салуы – өңірлік даму моделі үшін үлгі боларлық тәжірибе.
Texol Wellness Atyrau мен оқу-жаттығу орталығының іске қосылуы – Атыраудың спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық спорт саясатының өңірлік деңгейде жүзеге асуына нақты үлес қосатын маңызды қадам.
Айта кету керек, 2021-2025 жылдары облыста 36 спорт кешені мен 25 воркауд жаттығу алаңын салу жоспарланды. Биыл Мақаттан өзге Исатай, Махамбет, Индер аудандарында спорт кешендері пайдалаунға беріледі. Ал облыс орталығынан салынатын дарынды балалар арналған спорт мектеп-интернатының жобалық-сметалық құжаты жасалып, құрылысы келесі жылы басталады.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы