2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарының жүлдегері, чемпион боксшы Ермахан Ибраимов бокстан Қазақстанның U-22 құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаевпен болған әңгіме жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
“Бақыт Сәрсекбаев – қазіргі таңда өте мықты бапкер. Шынымды айтсам, алғашында ол U-22 құрамасын жаттықтыра бастағанда, кейбір түсініксіз жағдайлар болды да, кейін кетіп қалған еді. Бірақ қазір ақылды, сабырлы болып, қайта оралды. Оған тағы да мүмкіндік берілді. Маған оның жаттығу өткізудегі тәсілі, жиындарды ұйымдастыруы өте ұнайды – бәрі жоғары деңгейде. Мен онымен жеке сөйлестім де, оған ұсыныс жасадым. Мен айттым: “Бақыт, сен Қазақстан құрамасына қосылуың керек”. Ол маған: “Қалай барамын, ол жақта бас бапкер бар ғой”, – деді. Сонда мен: “Саған бас бапкер болу міндетті емес, аға жаттықтырушы ретінде бар. Егер сен құрама командаға Олимпиада медальдарын алуға көмектескің келсе, онда дәл солай баруың керек”, – дедім. Мен оған кеңес бердім, әрі қарай шешімді өзі қабылдайды”, – деді Ермахан Ибраимов.
Айта кетейік, 2025 жылы Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Бақыт Сәрсекбаевтың жетекшілігімен қазақстандық боксшылар 22 алтын медаль жеңіп алды.