in

Астана 2026 жылғы Болашақ Ойындарының ресми астанасы болып жарияланды

Бұл туралы Дубай қаласында өткен World Phygital Summit 2025 халықаралық саммитінде Қазақстанда Болашақ Ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі ресми оператор – «Казспортинвест» АҚ басшысы Әлібек Хасенов мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Біз 100-ден астам елден қатысушыларды қабылдауды жоспарлап отырмыз және әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлердің көптеп келуін күтеміз. Турнир жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз, өйткені еліміз ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруда үлкен тәжірибеге ие», – деді Әлібек Хасенов саммит барысында.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы ақпанда Президент Татарстанның Қазан қаласында өткен «Болашақ Ойындары» бәсекесінің ашылу салтанатына қатысып, келесі жылғы мультиспорт турнирі Қазақстанда өтетінін мәлімдеген еді. Ойындар цифрлық және классикалық спортты біріктіретін 21 инновациялық фиджитал бағдарлама бойынша өтті. Қазақстанның ойыншылары мен командалары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түсті. Жалпы бұл турнирде еліміздің 48 өкілі бақ сынады.

Бірақ былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін қаржыны үнемдеу мақсатында елімізде өтетін имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеуді және кейінге шегеруді тапсырған болатын.

Осылайша, «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорт турнирін ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстарын 2025 жылдан 2026 жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды.