Қазір шілде айында Түркістанда өткен «Қызылжар» мен «Тұран» командасы арасындағы кездесуге байланысты тергеу жүріп жатыр. Бұл матч нәтижесі екеуара келісілген деген күдік бар.
Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің отырысы өтіп, «Тұран» клубымен өткен матчқа байланысты қызметтік тергеу ісіне көмектесуден бас тартып, кедергі келтіргені үшін «Қызылжар» футбол клубына жаза қолданылды. Клубқа 100 АЕК, яғни 393 200 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл соманы биыл 7 қарашаға дейін төлеу қажет.
Негізі, клуб ҚФФ-ның Қауіпсіздік және интегрити қызметіне ойыншылардан, менеджерден, бапкерлік штабтан және матчқа қатысы бар өзге тұлғалардан сұрақ-жауап алуға көмектесуге міндетті. Ал «Қызылжар» футбол клубы ҚФФ шешімін орындамаған жағдайда қатаң шара қолданылады. Оның ішінде ұпайлары алынып, клуб төменгі дивизионға түсіріледі. Ойыншылар мен ресми тұлғаларға футбол саласында жұмыс істеуге тыйым салынады.
Айбике ЖАНАСЫЛ