14 маусым күні Семей қаласындағы «Спартак» стадионында «Елімай» және «Ордабасы» футбол клубтары арасында өткен матч барысында төреші А.Х.Исмуратов ойын кезінде және ойыннан кейін «Елімай» клубының ойыншылары мен клуб басшылығына былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Аbaiaqparatkz-ке сілтеме жасап.
Аталған әрекет Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес (ұсақ бұзақылық) әкімшілік құқық бұзушылық ретінде тіркелді.
Осы дерек бойынша 2026 жылғы 15 маусымда Семей қаласының полиция басқармасымен әкімшілік іс қозғалып, тиісті дәлелдемелер жинақталды. Тергеу барысында құқық бұзушыны Астана қаласы әуежайында желілік полиция қызметкерлері ұстап, одан түсініктеме алынды.
Сол күні Семей қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен А.Х.Исмуратов кінәлі деп танылып, оған 5 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Аталған іс бойынша Абай облысы прокуратурасы құқықтық қолдау көрсетті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.