Желіде таэквондодан Ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтан 21 жасында жалған құжат жасап, жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысты деген ақпарат тарады. Сол кезде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысқан спортшы алтын медаль жеңіп алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Аталған жағдайды журналист Диас Нұрақын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, таэквондодан Ұлттық құраманың бас бапкері 2001 жылы Азия чемпионатына Есбол Ерден деген атпен қатысқан.
“Ол Азия чемпионатына 2001 жылы Есбол Ерден деген есіммен қатысқан. Сондай-ақ жүлделі бірінші орын алған. Алайда оның жасы сол кезде 21-де болған дейді. Құжатқа 1981 жылы туғанымен 1984 жылғы деп жаздырған екен. Осы құжатпен 2005 жылға дейін әртүрлі жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Интернеттегі ашық мәліметтерде Есбол Сұлтанның 2002 жылы Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алғаны жазылған. Сондай-ақ тағы бірнеше беделді жарыстарда жүлде алыпты. Тек 2006 жылдан бастап қайтадан өзінің түпнұсқа төлқұжатын пайдаланған”, – деп жазды журналист.
Журналистің мәліметінше, полиция жалған құжатты тексергенімен, 25 жыл бұрынғы оқиға деп істі жаба салған.
“Жалған құжат жасатқанын полиция тексерген. Олардың мәліметінше, Есбол Ерденұлына 1997 жылы Шымкент қалалық АХАЖ бөлімі төлқұжат берген. Сосын 2000 жылы ОҚО, Қазығұрт ауданы АХАЖ бөлімі берген жалған туу туралы куәлік негізінде тағы бір төлқұжат жасалған. Онда туған жылын 1984 жыл деп көрсеткен. Мұның бәрін құзырлы орган өкілдері дәлелдегенімен, 25 жыл бұрын жасалған заңсыздық (қылмыс) деп істі жылы жаба салыпты”, – дейді журналист.