in

Жарқ етіп сөнген ғұмыр

Саттарханов жайында түсірілген мультфильм де, театрлық қойылым да, өлең мен күй де бар. Ал түрколог, зерттеуші Ержан Ар­ғын­баев құрастырған жинаққа осының бәрі бірдей енді. Спортшының туғанына 45 жыл толуына орай жарыққа шыққан кітаптың авторымен тілдестік. Ол аталған жинақты жасауға былтыр кірісіпті.

«Бекзат – спортшы емес, ол қа­зақ­тың 20 жыл күткен жеңісін әкелген батыр», – деп бастады әңгімесін Ержан Арғынбаев. Құрастырушының айтуынша, «Жарқ етіп сөнген 20 жас» чемпионның туғанына 45 жыл толуы­на орай жоспарланып, жарыққа шық­қан. Оған ширек ғасыр ішінде Бекзат Саттархановқа арнап жазылған ең­бек­тер топтастырылған. Ержан Ар­ғын­баев саңлақ спортшы туралы деректерді көбіне Түркістан, Шым­кент, Алматы қалаларындағы кітап­ханадағы қорлардан алғанын айтты. 

– Зерттеу барысында Бекзатқа арнап жазылған 100-ге жуық өлең таптық. Алайда биылғы 45 жылдығына орай 45 өлеңін ғана іріктеп алдық. Одан бөлек, жинағымызда 8 әннің сөзі, 15 аспаппен орындалатын оркес­т­рге арнап жазылған үш күйдің нота­сы, кітаптар мен телевизиялық туын­ды­лардың, көшелер мен кешендердің тізімі бар. Бекзат Саттархановқа ар­нал­ған аталмыш еңбектерді жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Мақсатым – Бекзаттың жасағанын, ол туралы жарыққа шыққан барлық туындыны көпшілікке таныту және келер ұрпақ­қа жеткізу, – деді ол.

Жоба мұнымен аяқталған жоқ. Жи­наққа енген 45 өлеңді енді түрік тіліне аудару жүзеге асып жатыр. Оның себе­бін кейіпкеріміз Бекзат Саттар­ханов  қазақ елінің ғана емес, түркі әлемінің мақтанышына айнал­ғаны­мен түсін­дір­ді. Сондықтан ұлт мақ­т­анышы туралы өлеңді туыс халық­тар да өз тілін­де оңай оқи алуы керек екенін атап өтті. 

Жинақ «Қазақ ақын-жырау­лары­ның жоқтау жырлары және Бекзат Саттархановқа арнап жазылған жоқ­тау­лар» деген мақаладан басталды. Рухани миссияға айналған жұмысты бастауға осы мақалада кездескен спорт­шы туралы өлеңдер түрткі болыпты. 

– Жоқтауларды жинай жүріп, Бек­зат ағамызға арнап жазылған өлең­нің көп екенін байқадым. Түркіс­тан қаласы Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызының «Осы өлеңдерді неге кітап етіп шығар­ма­с­қа!» деген пікірінен соң өлеңдердің жанына өзге де еңбектерді қосу идея­сы туды, – деді Е. Арғынбаев.

Оқырманға тағы түсінікті болуы үшін жинаққа енген 30 кітаптың тізімі ұсын­ылған. Әрқайсысының өзіндік ерек­шелігі бар. «Жарқ етіп сөнген 20 жастың» негізгі өзгешелігі – спортшыға арналған өлең, ән, күй, кино, мультфильм, деректі фильм­нің бәрі қамтылған. Әрі олардың қайдан алынғаны көрсетіліп, дереккөздер келтірілген.  

– Біз деректерді негізінен мұрағаттар­дан алдық. Алайда Сырлыкүл апамызбен және тікелей авторлармен де сөйлесіп матер­иалдардың дұрыстығын бақылап отырдық. Мысалы, әндердің сөздерін, күй­лердің ноталарын авторларға жіберіп, тексерттік. Бекзаттың спортшы ретінде бағындырған белесі, алған асуы бөлек әңгіме. Ал қайсарлығы мен сабырлығы жас­т­арға үлгі болуы керек. Тәуелсіздіктен кей­інгі алғашқы жылдары Бекзат ағамыз қиындыққа мойымай жаттығуына жаяу барып жүріп, бокс қолғабын анасының етігінің қонышымен жамап жүргені нағыз сабырлықтың үлгісі емес пе? Сондай жағ­дайдан шығып, Туымызды   олимпиадада желбіретті. Сол жеңіс 80-жылғы Мәскеу қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров аға­мыздың жеңісінен кейін қазақтың 20 жыл күткен жеңісі болатын, – дейді зерттеуші. 

Небәрі 20 жастағы баланың ұлт мақ­тан­ыш­ына айналуы тарихи оқиға еді. Сон­дықтан Ержан Арғынбаев Бекзат Сат­тар­хановты рухымызды көтерген ұл ретінде дәріптеуіміз керегін алға тартты. Осыған сәйкес, соңғы уақытта спортшы туралы жарыққа шығып жүрген кітап­тардың кең тақырыпты қамтып, шаршы алаң­нан тыс Бекзатты суреттейтінін атап өтті.  «Осындай еңбектер жастарға спорт­шыны жақыннан тануға мүмкіндік бер­еді» деп тұжырымдады ол.

Құрастырушыдан алдағы жоспары туралы сұрағанымызда осы сынды тағы бірқатар жобаны жүзеге асыратынын айтты. Зерттеу кезінде табылған 10 өлең­нің қалғанын алдағы уақытта тағы да бір жинақ кітаптың ішіне енгізуді жоспарлап отыр. Осылайша, жинақты көп таралым­мен шығарып, өңірдегі мектептерге тара­туды қолға алмақ.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ