Қазақстандық спортшылар бірнеше спорт түрінен үздіктер қатарынан көрінді. Армрестлинг шеберлері ел қоржынына 7 алтын салса, бәйге түрлерінен 5 алтын медаль бұйырды. Аударыспақ пен тоғызқұмалақтан спортшыларымыз төрт-төрт алтыннан жеңіп алды. Арқан тартудан – 3, мангалада – 2 алтын иеленді. Сондай-ақ жамбы ату, қазақ күресі, күш салу, теңге ілу және самбодан бір-бір алтын медальдан қоржынға түсті. Әсіресе ұлттық құраманың зияткерлік спорт түрлеріндегі көрсеткіші көңіл қуантады. Тоғызқұмалақшылар жарыстың шешуші кезеңдерін сәтті аяқтап, төрт алтын және екі күміс медаль жеңіп алды. Мангала шеберлері де екі алтын, екі күміс және бір қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан құрамасының жетістігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтіп, спортшыларды VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Президент жоғары нәтиженің тайсалмас табандылық, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында келгеніне тоқталды. Сондай-ақ чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және мамандарға ризашылығын білдіріп, мұндай жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретіндегі халықаралық беделін асқақтата түсетінін айтты.
Медаль саны емес, ортақ мұра маңызды
Ойындар аяқталғаннан кейін жалпы медаль санына қатысты түрлі ақпарат тарады. Қазақстан спортшылары 32 алтын медаль иеленсе, бірқатар деректе Қырғызстан құрамасының 30 алтынмен бірінші орын алғаны көрсетілді. Кейін Қырғызстанның ресми ресурстарынан жалпы медаль кестесі алынып тасталғаны да назар аудартты. Осыған байланысты Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі арнайы түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасында мемлекеттер арасында ресми жалпыкомандалық есеп жүргізу қарастырылмаған.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бұл ең алдымен этноспортты және дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту мен танымал етудің, халықтар арасындағы мәдени байланыстар мен достықты нығайтудың халықаралық алаңы. Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекелестігіне емес, елдердің ортақ тарихи-мәдени мұра айналасында бірігуіне негізделген. Дәл осы себепті Ойындар қорытындысы бойынша мемлекеттер арасында жалпы медальдық рейтинг жасалмайды», – делінген министрлік түсініктемесінде.
Расында, Көшпенділер ойындарының мәнін тек медаль санымен өлшеу тарлық етеді. Доданың басты құндылығы – ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан дәстүрлі спортты жаңа буынға жеткізу, оны әлемге таныту. Бірақ кеше, 7 қыркүйекте Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов бұл мәселеге қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медалін есепке алу жөнінде шешім қабылдаған. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Қазақстан бірінші орынға шықты.
«Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын есепке алу туралы шешім шығарды. Соған сай, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан алды. Қазақ бауырларымызды жеңістерімен құттықтаймыз», – деп жазды Асқат Алагөзов Facebook парақшасында.
Ат үстіндегі айқас
Қазақстан жанкүйерлері ерекше назар аударған бәсекенің бірі – көкпар мен көкбөрі болды. Екі сайыста да Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары финалда кездесті. Қазақстан құрамасы көкпар ойыны бойынша финалға екі жеңіспен жеткен еді. Алғашқы кездесуде қазақстандық көкпаршылар Ресей құрамасын 14:1 есебімен ірі жеңіліске ұшыратты. Одан кейін Мажарстан командасынан 9:4 есебімен басым түсті. Осылайша, Қазақстан құрамасы В тобында бірінші орын алып, турнир финалына қатарынан үшінші рет жолдама алды. Алайда финалда қырғызстандық көкпаршы Дастан Русланов бірінші минутта-ақ салым салды. Тоғызыншы минутта Құрманбек Тұрғанбек сан басымдығын пайдаланып, есеп теңескенімен, бірінші таймнан кейін Қазақстан 2:3 есебімен ұтылып жатты. Кездесудің екінші бөлігінде Қазақстан құрамасы есепті өзгерте алмады. Қырғызстан спортшылары жауапсыз төрт салым жасағаннан кейін, финал Қырғызстанның 7:2 есебімен жеңісімен аяқталды. Нәтижесінде Қырғызстан құрамасы алтын медаль, Қазақстан күміс жүлде иеленді. Ал қола жүлде Ресей құрамасына бұйырды.
Спорт жанашыры Анық Көкенайұлы мұндай ірі жарыста спортшылармен бірге аттарды да алдын ала жүйелі түрде әзірлеудің маңызы зор.
– Дұрыс ат болмады, кейбір облыстар көкпар аттарын бермеді деген әңгіме айтылып жатыр. Құрманбек Тұрғанбектің өзі жеке аты өліп қалып, Қырғызстаннан ат алдырғанын айтқан. Мұндай ірі додаға аттарды ерте бастан дайындау керек еді. Дайын атты кез келген адам бере салмайды. Ұлттық спортқа қомақты қаржы бөлініп жатыр. Сондықтан осындай жарыстарға арналған аттарды арнайы дайындау немесе сырттан жақсы аттар әкелу жағын ойластырған жөн. Байқағаным, біздің бірқатар ойыншымыз серкені жерден іліп әкетуде қиналды. Осы компонентке ерекше көңіл бөлу керек. Кей сәттерде жігіттеріміз еңкейіп, серкені жерден алуға батылдары бармады. Әрине бұған қарсыластың әрекеті де әсер етті. Қырғыз ойыншылары атпен қатты қысым жасап, біздің спортшыларды ығыстырды. Дегенмен алдағы уақытта серкені жерден алу, жекелей шеберлік пен осындай қысым жағдайында ойнауға көбірек дайындалу қажет, – дейді ол.
Сарапшы қарсыластың шеберлігін де мойындау керек екенін айтады. Оның бағалауынша, Қырғызстан құрамасы алаңда физикалық дайындық, аттардың мүмкіндігі және тактикалық әрекет тұрғысынан жақсы ойын көрсетті. Финалдағы жеңіліс Қазақстанның осы ойындардағы жалпы жетістігіне көлеңке түсірмейді. Керісінше, жоғары деңгейдегі бәсеке қай бағытта жұмысты күшейту керектігін көрсетті. Көкпардағы ат дайындығы, ойыншылардың жекелей шеберлігі, серкені жерден іліп алу техникасы мен қарсыластың қысымына төтеп беру секілді мәселелер алдағы дайындық барысында ескерілсе, бұл тәжірибе келесі жеңістерге бастайтын сабақ болмақ.
Жанкүйер жадында қалған сәттер
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары талай тартысты бәсекеге, тосын сәт пен жарқын жеңіске толы болды. Жарыс барысында мінезі, қайсарлығы, шеберлігі немесе ерекше эмоциясымен көзге түскен спортшылар аз болған жоқ. Олардың кейбір сәттері әлеуметтік желіде кең тарап, жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленді. Мәселен, садақ атудан алтын медаль иеленген сәтте көзіне жас алған Аяш Қабдоллаеваны осы жеңіске дайындаған бапкері әрі келіні – Ажар Рахметқызы. Биылғы Көшпенділер ойындарында садақ ату сайысы екі нысана бойынша өтті. Оның біріншісі – түріктің «пут» нысанасы. Бұл сында әйелдер 60 метр, ерлер 70 метр қашықтықтан мергендік байқасты. Екінші нысананы қырғыздар «орта теке» деп атайды, ал қазақстандық спортшылар арасында ол Орталық Азия нысанасы ретінде белгілі. Бұл нысана 40 метр қашықтықта орналасады. Оның басты ерекшелігі – садақшылардың үш түрлі позицияда өнер көрсетуінде. Бірінші жағдайда спортшы классикалық үлгіде тұрып атады. Екіншісінде ат үстінде бұрылып нысана көздейді. Ал үшінші тәсілде бір тізеге отырып садақ тартады. Осы үш түрлі позиция мергеннің дәлдігін ғана емес, тепе-теңдігін, шапшаңдығы мен техникалық шеберлігін де сынға салады. Аяш ханым «Пут» нысанасы бойынша жеңімпаз атанды. Өзі – бастауыш сынып мұғалімі.
«Садақ атумен екі жылдан бері айналысамын. Бұл спортқа келуіме келінім себеп болды. Қазір менің екі бапкерім бар: бірі – жолдасым, негізгі дайындықты көбіне сол кісі жүргізеді. Келінім үйге келген кезден-ақ садақ атуға қызығушылығым оянған еді. Бірақ ол кезде мүмкіндік болмады. Немерелер дүниеге келіп, отбасылық тірлікке көбірек көңіл бөлдік. Кейін балалар есейе бастаған соң садақ атуды үйренуге кірістім. Көшпенділер ойындарына қатысу үшін жазда ұлттық құрама мүшелері арасында «Чемпиондар лигасы» өтті. Сол жарыста екінші орын алып, Көшпенділер ойындарына жолдама иелендім. Бұл додада қарсыластардың бәрі мықты болды. Әсіресе Қырғызстан, Ресей, Малайзия спортшылары жақсы дайындықпен келді. Садақ атудан ең басты қарсыласың – өзің. Себебі жарыс кезінде өзіңді бір қалыпта ұстап, ішкі тыныштықты сақтау өте қиын. Әсіресе жүрек толқынын басып, ойыңды жинақтау үлкен шеберлікті талап етеді. Мұны садақшылар жақсы түсінеді. Келінім екеуміздің қарым-қатынасымыз да ерекше. Біз ене мен келіннен гөрі ана мен қыздаймыз. Ол – менің жалғыз келінім, – дейді ол.
Жеңімпаздың бапкері әрі келіні Ажар Рахметқызы – ШҚО-дағы садақ ату федерациясының негізін қалаушы. Ол 2024 жылы өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында күміс жүлде иеленген. Ал биыл бапкер ретінде шәкіртін додаға дайындап, алтын медаль алуына үлес қосты.
Ал көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы финалдық бәсекеде ұлттық құраманың капитаны Құрманбек Тұрғанбек аттан құлап түскеніне қарамастан, көкпаршы көп ұзамай қайта ат үстіне мініп, ойынды жалғастырған видеосы тарады.
«Бірінші таймда қырғыз бауырларымыз есеп ашты. Кейін біз де жинақталып, көкпар қолымызға тиген сәтте шабуылға шықтық. Сол кезде ат тоқтамай қалғандай болды, нақты не болғанын өзім де аңғармай қалдым. Қырғыз жігіттері аттан жығып кетті. Көкпар болған соң мұндай жағдайлар кездесіп тұрады. Бір рет құладым екен деп сынуға болмайды. Біз алаңға бар өнерімізді, бар күшімізді саламыз деп келгенбіз. Медицина қызметкерлері мені алаңнан алып кетпек болғанда, ойынды жалғастыратынымызды айтып, алаңда қалдық. Жанкүйерлердің қолдауы бізге ерекше күш береді. Осындай демеу болса, әлі талай мықты ойын көрсетіп, жеңісті күндеріміз көп болады деп сенемін. Ойын басталмай тұрып жанкүйерлерімізді көргенде-ақ ішкі күшіміз оянды. Мұндай қолдау ұлттық спорттың дамуына да оң әсер етеді. Бұрын-соңды мұндай үлкен қолдауды сезінбеппіз. Бауырларымыз жұмыстарына қарамастан, қаншама шақырым жол жүріп келіп, бізге жанкүйер болды. Мұның өзі біз үшін үлкен рух пен жауапкершілік, – деді спортшы Қ. Тұрғанбек.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ