in

Ақтөбе спортының әлеуеті кең

Өңірде заманауи спорт кешендері мен дене шынықтыру алаңдары салынып, қолданыстағы нысандар жаңғыртылуда. Бұл бір жағынан, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуы­на қолайлы жағдай қалыптас­­­­­тыр­са, екінші жағынан, балалар мен жасөспі­рім­дердің спортқа қызығушылығын арттыруға жол ашады.  Әсіресе ауылдық елді мекендерде спорт нысандарының қолжетімді болуы бұқаралық спортты дамытудың маңызды тетігіне айналып отыр.

Бұқаралық спорттың дамуы ең алдымен қолжетімді спорт инфра­құрылымына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Ақтөбе облы­сында спорт нысандарын көбейту мен жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қалада ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жаңа спорт кешендері мен дене шы­нық­тыру алаңдары салынып, тұр­ғындардың жүйелі жаттығуына жағдай жасалуда.

Спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі бойы­н­ша Ақтөбе облысы республикада екінші орында тұр. Облыс әкім­дігінің мәліметінше, 2024-2025 жылдары 19 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілген. 2026 жыл­дың соңына дейін тағы 13 жобаны аяқтау жоспарланған. Соңғы үш жылда бюджет қаражаты есебінен 31 нысан іске қосылса, оның 24-і ауылдық жерлерде орналасқан. 

Аймақтағы ірі жобаның бірі – жаңа футбол стадионының құры­лысы. Мемлекет басшысының футболды дамыту және өңірлер­дегі спорт инфрақұрылымын жаң­ғырту жөніндегі тапсырма­лары аясында Үкімет резервінен жобаға 6,5 млрд теңге бөлінген. Қаланың батыс бөлігіндегі 25 гектар аумақта бой көтеріп жатқан стадион 35 мыңға дейін көрермен қабылдай алады. УЕФА-ның төр­тінші санат талаптарына сай жо­баланған кешенде футбол алаңы­нан бөлек, спортшыларға, коман­далар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнал­ған инфрақұрылым қарастырыл­ған. Құрылысты 2028 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ қаланың «Алтын Орда» әлеуметтік-іскерлік орта­лы­ғында 5 мың көрерменге арнал­ған әмбебап спорт кешені салы­нуда. Жалпы ауданы 31 мың шар­шы метрден асатын нысанда ор­талық спорт аренасы, 50 метр­лік бассейн, гимнастика, баскет­бол және волейбол залдары, жат­тығу бөлмелері болады. Кешен түрлі деңгейдегі жарыстарды өт­кі­зуге және тұрғындардың бір­не­ше спорт түрімен тұрақты айна­лысуына мүмкіндік береді.

Балалар спортын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Алға қаласында №2 балалар-жасөспі­рімдер спорт мектебі ашылып, онда сегіз спорт бағыты бойынша үйірмелер ұйымдастырылған. Бұл жасөспірімдердің спорттық қабілетін шыңдап, болашақ чем­пиондарды даярлауға жасалған мүмкіндік десек болады.

Спорт баршаға қолжетімді болуы керек деген қағиданы бас­шылыққа алған өңір басшылығы ерекше қажеттіліктері бар азамат­тарға арналған инфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлуде. Биыл жылдың басында пайдалануға берілген «Қуат» инклюзивті спорт кешені – осы бағыттағы маңызды жобаның бірі. Жалпы аумағы 4 855 шаршы метрді құрайтын ны­санда 106 жаңа жұмыс орны ашыл­ған. Кешенде жүзу бассейні, әм­бебап спорт және күрес залда­ры, жаттығу құрылғылары ор­натылған бөлмелер, үстел теннисі залы мен ашық спорт алаңдары бар. Мұнда келушілер спорттың 20-дан астам түрімен айналыса алады. Олардың қатарында па­ралимпиадалық, сурдлимпиа­далық және басқа да спорт ба­ғыттары қамтылған. Жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел тен­нисі, парадзюдо, голбол, боч­ча, арбадағы теннис, футзал, күрес, шахмат және тоғызқұмалақ секілді спорт түрлеріне жағдай жа­салған. Инклюзивті спорт ке­шендерін салудың маңызы тек дене шынықтыру мүмкіндігімен шектелмейді. Олар ерекше қажет­тіліктері бар азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашады. 

Туризм және спорт министр­лігінің мәліметінше, бүгінде елі­мізде шамамен 8,5 млн адам не­месе халықтың 44,5 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады. Мемлекет 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш­ті 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Ақтөбе облысында да тұрғын­дарды бұқаралық спортқа тарту бағытындағы жұмыстар жалға­суда. Бүгінде өңірдің 418 мыңнан астам тұрғыны дене шынықты­румен және спортпен тұрақты айналысады. Жарыстар, мара­фон­дар, спарта­киадалар мен спорт фестивальдері тұрғындар­дың белсенділігін арт­тырып қана қоймай, спортты күнделікті өмір салтына айнал­дыруға ықпал етеді. Әсіресе бала­лар мен жасөспір­ім­дерге арналған тегін секциялар мен спорт үйір­мелерінің жұмысы маңызды. Мұн­да дені сау ұрпақ тәрбиелеу­мен қатар, болашақ чемпиондарды даярлаудың ал­ғашқы баспалдағы қалыптасады.

Өңірде республикалық және халықаралық жарыстар өткізу дәстүрі қалыптасып келеді. Ақ­төбелік спортшылар әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүр. Биыл өңірде алғаш рет шаң­ғы роллерінен FIS Roller Ski Asian Cup Азия кубогы және жас­тар арасындағы шаңғы жары­сынан Қазақстан чемпионаты ұйымдас­тырылды. Халықаралық жарысқа Қазақстан, Моңғолия және Таи­ландтан 134 спортшы қатысты. Азия кубогында Ақтөбеден 14 спорт­шы бақ сынаса, ел чемпио­натында өңір намысын 25 спорт­шы қорғады. Мұндай додалардың өңірде өткізілуі жергілікті спорт­шылардың тәжірибесін шыңдап, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге шаңғы рол­лерінен жарыстар өткізу қысқы спорт түрлерінің маусымаралық дайындығын жетілдіруде де ма­ңызды саналады.

Ақтөбе өңірі әлемдік спорт ареналарында ел абыройын ас­қақтатқан талай чемпионды тәр­биелеп шығарды. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша облыс спортшылары әлем және Азия чемпионаттарында 10 ме­даль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, үшеуі – күміс, төртеуі – қола. Жүлдегерлер қатарында грек-рим күресінен әлемнің екі дүркін және Азияның үш дүркін чемпионы Қуанышбек Жаңажол, әлем чемпионатының күміс жүл­де­гері Алмас Әли, дзюдодан ере­сектер арасындағы Азия чемпио­ны Әділет Алмат бар.

Ақтөбелік спортшылардың ха­лықаралық аренадағы жетістік­тері мемлекеттік деңгейде де баға­ланды. Ерлік Сертай семсерлесу­ден командалық жарыстағы алтын медалі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал ММА спорт­шылары Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев халық­аралық жарыстардағы алтын жүл­делері үшін «Ерен еңбегі үшін» ме­даліне ие болды. Бұл жеңістер – спортшылардың табандылығы мен жаттықтырушылар еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар олар өңірде қалыптасқан спорт мек­тебінің әлеуетін көрсетеді.

Ақтөбе облысында спорт сала­сын дамыту жұмыстарының ауқы­мы кең. Жаңа нысандар салу, бұ­қа­ралық спортты қолдау, бала­­ларға жағдай жасау және халық­аралық жарыстар өткізу бір-бірі­мен сабақтас бағыттарға айналған. Ал алдағы міндет – бар мүмкін­діктерді тиімді пайдаланып, спорт­пен тұрақты айналысатын тұр­ғындар санын арттыру және аймақ спортының әлеуетін одан әрі нығайту.

Тілек ҚАБЫЛ