Биылғы Азия ойындарында құрлықтың 45 елінен 11 мыңға жуық атлет 469 медаль жиынтығын сарапқа салады. Сондай-ақ биыл алғаш рет босқындар командасы да жүлде үшін таласқа қосылды. Қазақстан да Аичи-Нагоя төріне үлкен құраммен аттанды. Ашылу салтанатындағы спортшылар шеруінде еліміздің көк Туын Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама спортшысы Сарвиноз Миркадирова алып шықты. Салтанатты рәсім аяқталған соң бар назар жарыс алаңдарына ауды. Қазақстан құрамасы үшін алғашқы жарыс күндері сәтті басталып, көк Ту бірнеше мәрте биікке көтерілді.
Алтынмен басталған аламан
Қазақстан қоржынына Аичи-Нагоядағы алғашқы алтынды тасжолдағы велоспорт шебері Рината Сұлтанова салды. Жекелей уақытқа жарыста ол 36 минут 23,72 секунд нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан озып шықты. Қытайлық Чжан Хао екінші, Оңтүстік Корея өкілі Син Джиын үшінші орынға тұрақтады. Рината үшін Азия ойындарының тұғыры бөтен емес. Бұған дейін Ханчжоуда өткен құрлық додасында ол жеке стартта қола медаль иеленген еді. Арада үш жыл өткенде сол қоланы алтынға айырбастап, Қазақстанның Жапониядағы алғашқы чемпионы атанды.
Ринатаның жеңісті жолын тәжірибелі велошабандоз Алексей Луценко жалғастырды. Ол 32,1 шақырымдық жекелей жарысты 41 минут 24,05 секундта жүріп өтіп, қарсыластарынан айқын басым түсті. Жапониялық Шунсукэ Имамура күміс, моңғолиялық Сайнбаяр Джамбальямц қола жүлдені еншіледі. Бұл жеңіс Луценконың спорттық жолындағы тағы бір айтулы белес болды. 34 жастағы велошабандоз осымен Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанды. Бұған дейін 2014, 2018 және 2023 жылдардағы Азиадаларда алтыннан алқа таққан Алексей Жапония жерінде де жеңісті дәстүрінен жаңылмады.
Веложолдағы жеңіс эстафетасын каратэшілер жалғастырды. 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жоламан Биғабыл ақтық бәсекеде Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовпен кездесіп, 9:1 есебімен айқын жеңіске жетті. Бұған дейін жартылай финалда Индонезия спортшысы Мұхаммад Тегар Жануарды 6:1 есебімен ұтқан отандасымыз шешуші кездесуде де қарсыласына мүмкіндік бермей, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Көп ұзамай каратэ шебері Софья Берульцева да алтын қорын молайтты. +68 келі салмақтағы финалда қазақстандық спортшы Таиланд өкілі Маниаан Бутсуванды 8:0 есебімен ұтып, чемпиондық атағын қорғап қалды. Бұл – Софьяның Азия ойындарындағы екінші алтыны. Осылайша ол құрлық додасының екі дүркін чемпионы атанды.
Жүлделі жол жалғасты
Қазақстанның Аичи-Нагоядағы алғашқы медальдарының бірін триатлоншы Арлан Жаңабай жеңіп алды. Ол жарысты 53 минут 11 секундта аяқтап, жапониялық Такауми Ходжо мен қытайлық Чжан Сюжуйден кейін үшінші орынға тұрақтады.
Арлан биыл халықаралық жарыстарда тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен Азия кубогының кезеңінде қола, Түркістандағы кезеңде күміс медаль иеленген спортшы енді Азия ойындарының жүлдегерлері қатарына қосылды. Тағы бір қола жүлдені қазіргі бессайыстан Қазақстан ерлер құрамасы еншіледі. Тихон Варехин, Темірлан Абдраимов және Лев Чувашов командалық есепте 4 647 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Бұл сында Оңтүстік Корея құрамасы 4 779 ұпаймен жеңіске жетсе, Қытай спортшылары 4 768 ұпаймен екінші болды. Қазіргі бессайыста спортшылар семсерлесу, кедергілер жолағы, жүзу және лазер-ран кезеңдерінде бақ сынады. Осылайша, Азия ойындарының алғашқы жарыс күндері Қазақстан құрамасы үшін олжалы басталды. Әсіресе төрт алтынның қатар келуі ұлттық құраманың жалпы медаль бәсекесіндегі қарқынын үдете түсті.
Қазақстан қоржынына кезекті жүлде кеше каратэден түсті. Әйелдер арасында 61 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Әсел Қанай Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсел Қанай Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындары мен Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы қытайлық Гон Лимен кездесті. Әлемдік деңгейдегі екі спортшы арасындағы тартысты жекпе-жекте Қытай өкілі 8:2 есебімен басым түсіп, алтын жүлдені иеленді. Осылайша, Әсел Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салды. Бұған дейін Әсел үш кездесу өткізіп, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңген еді. Ол 1/8 финалда Бангладеш өкілі Актер Хумайра Антораны 9:1 есебімен жеңсе, ширек финалда моңғолиялық Маралжингоо Пуревжавтан 6:0 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда Камбоджа спортшысы Чакрия Ванды 3:0 есебімен ұтып, шешуші сынға жолдама алды.
Бәс тігетін сәт әлі алда
Азия ойындарының алғашқы күндері Қазақстан үшін олжалы басталғанымен, ұлттық құрама үлкен үміт артып отырған бірқатар бәсеке әлі алда. Соның ішінде қазақ спортының дәстүрлі түрде медаль күтетін екі бағыты – бокс пен дзюдоға назар ерекше. Соңғы ірі халықаралық жарыстарда Қазақстан боксшылары Азиядағы ғана емес, әлемдегі жетекші құрамалардың бірі екенін байқатты. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бәсеке кейінгі жылдары шаршы алаңдағы басты тартыстардың біріне айналды. 2025 жылы Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының әлем чемпионатында Қазақстан жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықса, Өзбекстан алты алтын, екі күміс және үш қола жүлдемен аяқтаған еді. Сондықтан Аичи-Нагоядағы бәсекеде де екі құраманың нәтижесіне назар аударылады.
Бұл жолы Қазақстан Азия ойындарына тәжірибелі боксшылардан құралған негізгі құрамын алып келді. Спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдың айтуынша, ұлттық құраманың дәл қазір жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндігі жеткілікті. Дегенмен ол Азиядағы бәсекенің оңай болмайтынын да айтады.
– Негізі, құрам біркелкі жасақталған. Қазақстан Азия ойындарында жалпы есепте топ жаруды көздеп отырғаны анық. Ал көршілеріміз, әсіресе Өзбекстан, керісінше, 2028 жылғы Олимпиадаға көбірек назар аударып, құрамын жастармен толықтырып жатыр. Бізде дәл қазір нәтиже көрсете алатын тәжірибелі боксшылар жеткілікті. Дегенмен осы құрамдағы кейбір спортшылардың 2028 жылғы Олимпиададағы мүмкіндігі қандай болатыны сұрақ тудырады, – дейді Айдос Рымқұл.
Сарапшы ерлер мен әйелдер құрамасын қоса есептегенде, қазақстандық боксшылардан бес алтын медаль күтетінін жеткізді. Яғни Аичи-Нагоядағы сын тек бүгінгі нәтиженің көрсеткіші емес, Лос-Анджелес Олимпиадасына дейінгі мүмкіндікті бағамдайтын маңызды белестердің бірі болмақ. Дзюдодағы бәсекенің де салмағы бөлек. Қазақстан бұл спортта Олимпиада, әлем және Азия додаларында жүлде алып жүрген тәжірибелі спортшыларға арқа сүйейді. Оның үстіне, Азия дзюдосында Жапония, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Қытай және Қытай Тайбэйі секілді мықты құрамалар бар. Сондықтан әр салмақта жүлдеге жетер жолдың жеңіл болмайтыны анық.
Қазақстандық дзюдошылар үшін Аичи-Нагоя додасының тағы бір ерекшелігі – жарыстың дзюдоның отаны саналатын Жапонияда өтуі. Азияның үздік балуандары жиналған татамиде әр белдесу жоғары деңгейдегі тартысқа ұласуы мүмкін. Ұлттық құраманың қатарында бұған дейін Азия ойындарының, әлем чемпионаттары мен Олимпиаданың жүлдесін иеленген тәжірибелі спортшылардың болуы елдің үмітін еселей түседі.
Алда бокс рингі мен дзюдо татамиіндегі тартыс, одан бөлек Қазақстан жүлде күтетін өзге де спорт түрлерінің шешуші сындары тұр. Аичи-Нагоядағы аламан енді ғана қыза бастады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ