Цифрландыру үдерісі ауыл шаруашылығынан бастап, әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруға дейін еніп, өңірдің даму бағытын түбегейлі өзгерткенін атап өткен жөн. Интеллектуалды шешімдер мен жасанды интеллектке негізделген жобалар нақты нәтижесін беріп, Ақмоланы жаңа сапалы өмірдің аймағына айналдыруға негіз болды. Бұл – дәстүр мен технологияның, еңбек пен жаңашылдықтың үндескен үлгісі екені даусыз. Өңірдің өркендеу бағытын айқындап, заманауи технологияларды барлық салаға енгізу ісі бүгінде нақты нәтижесін де беріп отыр.
Таяуда Парламент Мәжілісінің депутаттары Ақмола өңіріне жұмыс сапарымен ат басын бұрып, цифрлық жаңғыру мен әлеуметтік даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты танысты.
Депутаттардың сапары облыс орталығы Көкшетаудағы Быковский көшесінде бой көтерген жаңа тұрғын үйлер кешенінен басталды. «Реновация» бағдарламасы аясында салынған бұл баспаналар – заманауи тиімділік пен жайлылық стандарттарына сай келетін нысандар. Жақында мұнда қоныстанушылар көшіп келген.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, жаңа бағдарлама мыңдаған ақмолалықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартып қана қоймай, қалалар мен аудан орталықтарының келбетін түбегейлі өзгертпек.
– Біз тұрғын үй құрылысына тек әлеуметтік қажеттілік тұрғысынан емес, өңірдің эстетикалық және экологиялық бейнесін жаңғыртудың маңызды бөлігі ретінде қараймыз. Бұл бағдарлама жаңа өмір сапасының символына айналмақ. Реновация бағдарламасының көмегімен біз қазірдің өзінде қаланың көптен бері шешімін таппаған әлеуметтік мәселелерін реттеп келеміз, – дейді өңір басшысы Марат Ахметжанов.
Сапар барысында депутаттар 150 адамға арналған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында да болды. Мұнда егде жастағы тұрғындарға ән айтып, би билеу, сурет салу, спортпен шұғылдану, сондай-ақ басқа да шығармашылықпен айналысуға мол мүмкіндік берілген. Жақында ғана пайдалануға берілген орталық зейнет жасына жеткен адамдарға қамқор болу мен әлеуметтік инклюзия қағидатын жүзеге асырудың жарқын үлгісіне айналған.
– Бұл – жай ғана демалыс орны емес, бұл – өмірге деген құлшынысты арттыратын, адамдарға екінші тыныс беретін кеңістік. Біз аға буынның әлеуетін қоғам өміріне барынша тартуға тиіспіз, – дейді облыс әкімі.
Халық қалаулылары бұдан соң Көкшетауда жуырда ашылған «Көк Шалғын» жобасы аясындағы абаттандыру аумағына барды. Жаз бойы тынымсыз жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында қаланың қақ ортасындағы батырларға арналған саябақ, Даңқ аллеясы мен Тәуелсіздік алаңы жаңаша кейіпке енген. Ал ұзындығы 1,4 шақырымдық жаңа Жағалау бүгінде көкшетаулықтардың сүйікті серуендеу орнына айналғанын атап өткен жөн.
Бір кездері ескі, елеусіз көрінген аймақтардың бүгінде заманауи демалыс ошағына айналуы – өңірдің дамуына ерекше серпін қосқан. Яғни, Ақмола облысы бүгінгі күннің сұранысына жауап беретін «ақылды аймақ» болуға нық қадам басқан.
Сапардың ең маңызды бөлігі – Digital Aqmola орталығына бару болды. Мұнда – өңірдің барлық цифрлық шешімдері шоғырланған, мәліметтерді нақты уақыт режимінде талдап, шешім қабылдауға мүмкіндік беретін интеллектуалды штаб орналасқан. Орталықта облыстың даму бағыттарына қатысты барлық көрсеткіш сандық форматта жинақталып, мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілгенін атап өткен жөн.
– Бүгін біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу тапсырмаларын орындаудың нақты үлгісін көріп отырмыз. Digital Aqmola – бұл іс жүзінде өңірдің «Цифрландыру үйі». Мұнда IT бастамалар мен стартаптар тоғысып, инновациялық экожүйе қалыптасып отыр, – деп толықтырды Марат Ахметжанов.
Қазір орталықта 15-ке жуық цифрлық жоба жүзеге асырыла бастаған. Жергілікті IT мамандар өз өңірінде отырып-ақ, мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы, экология және әлеуметтік салаларға арналған нақты шешімдер әзірлейді.
Ақмола облысы қысқа ғана уақыт ішінде ауыл шаруашылығы саласында цифрлық технологияларды енгізудің көшбасшыларының біріне айналып үлгерді. Биыл Ақмола облысы егіс алқабын 5,5 миллион гектарға дейін ұлғайтып, орташа өнімділік гектарына 16 центнерге жеткізген еді. Жалпы жиналған астық көлемі 6,7 миллион тоннадан асқан. Ресми деректерге сенсек, аймақ мемлекет қолдауы мен диқандардың ерен еңбегінің арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 1,2 триллион теңге деңгейінде қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Кездесуде астықты терең өңдеу және инвестиция тарту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Өңірде қытайлық Dalian компаниясымен бірлескен құны 650 миллион долларды құрайтын аса ірі жоба іске асуда. Оның алғашқы кезеңінде жылына 1 миллион тонна астық өңделсе, алдағы уақытта бұл көлем 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтылмақ.
Бұл жоба тек өндірістік емес, әлеуметтік-экономикалық маңызы зор бастама болмақ. Бастама сәтті болса жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті инфрақұрылым дамиды, сондай-ақ өңірдік экспорттық әлеуеті де арта түспек. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров сапар қорытындысында Ақмола облысының бастамаларын еліміздің басқа өңірлеріне үлгі етуге болатынын атап өтті.
– Цифрлық технологиялар басқару жүйесін ашық әрі айқын етті. Қабылданған шешімдер енді нақты деректерге сүйенеді. Бұл – технологияның адам өмірін жақсарта алатынының нақты дәлелі, – деді Мәжіліс депутаты.
Бүгінгі Ақмола – бұл дәстүр мен технологияның, еңбек пен жаңашылдықтың тоғысқан мекені. Аймақта жүзеге асырыла бастаған цифрландыру жобалары тек техникалық құрал емес, басқару мәдениетінің жаңа деңгейге көтеріле бастағанын айғақтайды.
Абзал ТОҚАН,
Ақмола облысы