in

Үкіметтік емес ұйым өкілдері бас қосты

«Бір мақсат – бір қоғам – бір болашақ» ұранымен өткен екі күн­дік шараға облыстың барлық 17 аудан-қаласынан және өңір орталығынан 120-дан астам қатысушы жиналды. Қа­тысушылар құрамында ардагерлер ұйымы, әйелдер кеңесі, ақсақалдар алқасы, Ауған соғысы ардагерлері, жастар, еріктілер, журналистер мен түрлі ҮЕҰ мүшелері қамтылды.

Іс-шара Түркістан облыс­ындағы ҮЕҰ арасындағы байлан­ыс пен ынтымақтастықты арттыру, қо­ғамдық сектордағы өзара тә­жіри­бе алмасу алаңын қалыптас­тыруды мақсаты етті. Сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдерінің бірін-бірі жақсы танып, ортақ қоғамдық мүддеге жұмылуына, идеяларын ортаға салып, алдағы жұмыс бағытын пысықтауына мүмкіндік берілді.

Тимбилдингті Түркістан облы­сы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы негізінде Құрмет Кер­ім­­беков басшылық ететін «Жал­ын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлес­тігі ұйымдастырды. Бұл бас­та­маны «Түркістан облысы Аза­мат­тық альян­сы», «Береке» ҚБ және «Ша­ңы­рақ – жас отбасыларды қолдау» ҚБ бірлесе отырып, кон­сорциум аясында жүзеге асырды. Іс-шара­ның ашылу салтанатында Қоғам­дық даму басқармасының басшы­сы Ерлан Күзембаев сөз сөйлеп, жергілікті биліктің қоғам­дық ұйым­­дармен әрдайым тығыз бай­­ла­ныста жұмыс істейтінін және қолдауға мүдделі екенін атап өтті.

«Бұл – тек демалыс пен ойын-сауық емес, бұл – азаматтық қо­ғам­ды дамытуға бағытталған ау­қымды әрі маңызды бастама. Обл­ыстағы 100-ден аса ҮЕҰ әл­еуетін көтеруге арналған бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын таба­д­ы», – деді басқарма басшысы.

Шара барысында еліміздің түрлі өңірінен келген сарапшылар мен салалық мамандар қатысушы­ларға арнап семинарлар мен трен­инг­тер өткізді. Астана қаласынан ар­найы шақырылған ҮЕҰ сала­сын­дағы сарапшы Марғұлан Ер­ма­ғам­бетұлы екі күн қатарынан азаматтардың қоғамдық бақылауға және шешім қабылдау процес­теріне қатысу тетіктері туралы се­минар мен шеберлік сағатын ұйым­дастырды. Қызылорда облы­с­ынан келген  Азаматтық альян­сының тәжірибелі өкілі Жанат Са­пар­жанова болса  «ҮЕҰ-дың ұйым­дық дамуы және қаржы тұр­ақтылығы» тақырыбында өз білім­ін бөлісті. Ал заманауи ақпарат­тық технологияларды тиімді қол­дану бойынша Сағындық Жаныс­баев Жасанды интеллект (ЖИ) құрал­дары арқылы ҮЕҰ-дың PR жұмыс­тарын жетілдіру жайында ауқымды шеберлік сағатын өткізді. Ол пост жазу, визуал қосу, аудитор­ияны тарту мен цифрлық мар­кет­­­инг­­тің құралдарын таныстырды.

Тимбилдинг аясында ұйымдас­тырылған TIMDICS пікірталас сессиясында ҮЕҰ жетекшілері жер­гі­лікті билікке өз ұсыныс-пі­кір­лерін ашық жеткізуге мүмкіндік алды. «Азаматтық Альянс» ЗТБ басшысы Инара Намазбаева «Билік пен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимыл» тақырыбын қозғады. «Жалын» жастар ұйымы төрағасы Құрмет Керімбеков мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың ашық­тығы мен тиімділігі туралы пікірін ортаға салды. «Байтақ болашақ» РҚБ басшысы, табиғат жанашыры Ғани Назарбек экологиялық қоз­ғалыстар мен «Таза Қазақстан» бастамасы туралы ой бөлісті.

Шара барысында қатысушылар командаларға бөлініп, бірқатар тимбилдинг ойынында бақ сын­асты. Арнайы шақырылған Show Today компаниясы ұйымдастырған ойындар – шаңғы жарысы, доппен эстафета, күрделі пішіндер құрас­тыру сияқты қызықты тапсырма­лардан тұрды. Барлық қатысушы белсенділік танытып, бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ мақсатқа жұмыла білді. Ұлттық ойындар да тыс қалмады: ләңгі тебу, арқан тар­ту сынды дәстүрлі жарыстар ерекше көңіл күй сыйлады.

Тимбилдинг соңында барлық қатысушы алған әсерлерімен бөлі­сіп, шараның маңызын жоғары бағалады. Ұйымдастырушылардың кәсіби дайындығы, бағдарламаның мазмұндылығы және спикерлердің біліктілігі қатысушылар тарапы­нан зор ризашылыққа ие болды. Қатысушылар бұл шараның тек тәжірибе алаңы  емес, азаматтық қоғамның жаңа серпілісіне жол ашқан нақты қадам екенін атап өтті. «Осындай шаралар бізге ын­ты­мақтаса отырып жұмыс істеуге, ортақ мақсатқа бірігуге жол аша­ды. ҮЕҰ-ға мемлекет тарапынан қолдау бар екені қуантады. Келесі жылы да осындай бастама жалға­сын тапса деген тілегіміз бар», – деді қатысушылар.

Екі күндік тимбилдинг Түркіс­тан облысындағы ҮЕҰ арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ол­арды жаңа серпінмен алға жетел­ейтін маңызды алаңға айналды. Қоғамдық ұйымдардың белсен­ділігі – ел дамуының қозғаушы күші. Сол себепті де осындай бас­тамалар жиі ұйымдастырылып, азаматтық қоғамның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашыла бермек.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы