Тасым Әбішұлы 1916 жылы Қызылқоға ауданының Тайсойған құмындағы №17 ауылда қарапайым шаруа отбасында өмірге келген. Бұл қазақ даласындағы үлкен саяси, рухани өзгерістер басталған жыл болатын. Кейіпкеріміздің балалық шағы ұлт-азаттық көтеріліспен бірге, бірінші дүниежүзілік соғыс, ақпан революциясы, ашаршылық сынды қиын-қыстау заманмен тұспа-тұс келді. 1921-1923 жылдардағы ашаршылықтан халықтың қатты күйзелгені, өлім-жітімнің көп болғаны тарихтан белгілі. Тарихшы-өлкетанушы Орақ Деңгелбаев өз зерттеулерінде сондай қиыншылық уақытта оқуға жағдайы келмеген Тасым Әбішұлының 1930 жылы ғана Доссордағы мектептің табалдырығын аттағанын айтады.
1939 жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, әскери борышын өтеу барысында Мемлекеттік қорғаныс комитетінің резервіндегі 7-ші зеңбірек артиллериясы полкінде қызмет атқарады. 1940 жылдың сәуірінен 31-ші атқыштар дивизиясы 129-шы таулық артиллерия полкінің сапында әскери қызметін жалғастырады. Бұл әскери бөлім Иран және Түркия шекарасында тұрған», – дейді тарихшы-өлкетанушы Орақ Деңгелбаев.
1942 жылы шілде айының соңында Майкоп қаласы (Ресей Федерациясына қарасты Адыгея республикасының астанасы) іргесіндегі Белая өзенінде қорғаныс шебін құрып, Майкоп-Туапсе (Краснодар маңындағы Қара теңіз жағалауындағы портты қала) бағытын қорғауға кіріседі.
Сержант Т.Жанұзақов осы тұста басқа әскери бөлімге ауыстырылады. Себебі бұл кезде гаубицалық артиллерия полктері таратылып, артиллерия дивизиондары атқыштар полкінің құрамына енгізілген еді. 302-ші атқыштар дивизиясының 870-ші полкінде артиллерия взводы командирінің көмекшісі болып тағайындалып, әскери қызметін жалғастырады.
1942 жылдың күзінде Терістік Кавказ майданы жүргізген шабуылдардың бірінде сержант Жанұзақов жарақаттанады. Эвакогоспитальда емделіп, 1943 жылдың ақпан айында өзінің 302-ші атқыштар дивизиясына қайта оралады.
Тарихшы-өлкетанушы Орақ Деңгелбаевтың айтуынша, Тасым Жанұзақов 823-ші атқыштар полкінің миномет батареясының барлаушылар бөлімшесінің командирі болып тағайындалып, жаумен шайқастарға тікелей араласады. Артиллерия барлаушылары қарсыдағы жаудың пулемет-миномет, зеңбірек нүктелерін, басқару пункттерін, танктердің шоғырланған орындарын анықтап, батареялардың шабуылдау бағытын көрсетіп отырған. Олар үнемі жау оғының астында іс-қимыл жүргізген. Бөлімше командирі сержант Т.Жанұзақов барлау жұмыстарын ептілікпен жүргізіп, нақты деректерді жеткізіп отырған.
Донбасс операциясы барысында Украинаның Винницк облысындағы аудандық маңызы бар Калиновка мен Украинаның шығысындағы облыстық маңызы бар Горловка қалалары 4-5 қыркүйек күндері толық азат етіледі. Сонымен қатар майданның екпінді құрамалары Ресейдің Краснояр маңындағы Артемовск қаласы мен Донбасстың орталығы Сталино (қазіргі Донецк, Украина) қаласын жау езгісінен азат еткен. Осы ұрыстардағы ерлік істері үшін, 302-ші атқыштар дивизиясы 823-ші атқыштар полкі миномет батареясының бөлімше командирі, сержант Т.Жанұзақов «Ерлігі үшін» медалімен наградталған.
3-ші Беларусь майданы 1944 жылдың 24 сәуірінде Батыс майданның таратылуына орай құрылған. Кеңес әскерлері батысқа қарай шабуылдарын үдетіп, ілгері жылжып, көптеген қалалар мен елді мекендерді жау қолынан азат етеді. Ұлы жеңісті Эльба өзенінің бойында қарсы алған майдангер Тасым Жанұзақов 1946 жылдың тамызында ғана елге оралған. Елге оралған жылы Қызылқоға ауданындағы Кенбай орта мектебінің директоры болып тағайындалады. Тап осы жылы әртүрлі жағдайға байланысты бұл мектеп бастауыш мектепке айналған еді. Бірден осы мәселені қолға алған ол сол кездегі ауыл басшылары М.Мұхтаровқа, М.Айтмұханбетовке жолығып, Кенбай мектебін қайтадан орталау оқу орнына айналдырған еді.
Бүгінде марқұм болып кеткен еңбек ардагері Сапар Бисенов өзінің естеліктерінде былай деп жазады: «Тәкең осы мектепке ғана емес, бүкіл ауылға, елге үлкен еңбек сіңіріп, шаруашылықты қайта қалпына келтіру ісіне белсене араласты. Ақшелек, Алғабас сынды бірнеше колхоз балаларын біріктіріп, мектеп жанынан интернат ашты. Тәкеңнің жас ұрпақты тәрбиелеудегі ел алдындағы еңбектері өлшеусіз еді. Оның шәкірттері бүгінде әр салада еңбек етіп, халқына қызмет етіп жүр. Тасым Әбішұлының жұмыстағы талапшылдығы, ұйымдастырушылық қабілетімен қатар, оның қарапайымдылығы мен парасаттылығын бүгінде көптеген азамат мақтанышпен әңгімелейді».
Кейіпкеріміз мектепке басшылық еткен жылдары білім ордасының оқу-материалдық базалары жақсарды. Кадр мәселесі шешілді. Мектеп ірілендіріліп, 1963 жылы Сағыз бекетіне жаңадан мектеп салынды. КСРО Халық ағарту ісінің үздігі Тасым Әбішұлы колхоздың қиыншылық кезеңін, мектептегі жұмысын ауыл өмірімен тығыз байланыстыра отырып, бастауыш партия ұйымын қоғамдық негізде он алты жыл басқарды. Ауылдық кеңестің бірнеше мәрте депутаты болды.
Майдангер-ұстаз Тасым Әбішұлының алып жүрегі осы Сағыз ауылында мәңгілікке тыныштық тапты.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы