in

Мұхтар Құл-Мұхаммед, заң ғылымының докторы, профессор, академик: «Жапон тыңшылары» қайдан шықты?

Жаңа экономикалық саясат тұсында Кеңес Одағы аз­­дап есін жинай бастаса да, 1921 және 1929-1932 жыл­дарда болған алапат ашар­шылық миллиондаған адамның өмірін қиды. Ресей тарапы қанша мойындағысы келмесе де, Ук­раи­на­дағы голодомор, Қазақстандағы зұл­­мат ашар­шылықпен қатар Ре­сей­дің өз ішінде Еділ бойы, Сол­түс­тік Кавказ, орталық Ресей, Татар мен Ба­ш­құрт Рес­публикалары және Қиыр Шығыста мил­лиондаған адам ашар­шылық шеңгеліне ілініп, ел аман, жұрт ты­ныш­та халық қырылып қалды.

Кеңес Одағында осындай ауыр хал­дің орын алуынан оның ежелгі дұш­пандары әбден хабардар еді. Со­лар­дың бірі КСРО-ның басқан ізін жіті қадағалап отырған  Жа­по­­ния бо­ла­тын. 

КСРО ОГПУ төрағасының орын­басары В.Балицкий 1932 жыл­дың ақпан айында Жапонияның КСРО-дағы ел­шілігінің әскери ат­ташесі Касахараның жапон үкі­ме­ті­не жолдаған кең көлемдегі жаз­ба­ха­ты­ның кө­шір­ме­сін қолға түсіріп, оны дереу орыс тіліне аударып, Ста­­­­лин­ге жолдайды. 

Онда Касахара кейінгі жылдары КСРО басшылығы жанталаса қару­ланып, қазірдің өзінде әскери қуаты жа­­ғынан Польша, Румыния және При­балтика мем­ле­кет­терінің блогын қуып жетсе де, экономикалық әлеуе­ті мен әскери өнеркәсібінің әлсіз­ді­гі­нен кең көлемде соғыс жүр­гізуге қау­қарсыз екендігін атап өтеді. Бірақ эко­но­микасы дәл осындай қарқын­мен дамитын болса, арада 10 жыл өткенде жағдай мүлде өзгеріп, Кеңес Одағы хал­қы­ның саны мен әскери қуа­ты жөнінен қуатты мем­лекетке ай­налуы мүмкін екендігі жөнінде бол­жам жасайды. 

Касахара баянатын батыс ел­дері бо­льшевизмді қанша­лық­ты жек көрсе де,  КСРО-ға қарсы майдан ашу­­­­ға жүрегі дауаламай­ты­нынан бастаған. Егер Жа­пония мен КСРО-ның арасында соғыс өрті тұта­на қал­ған жағдайда Польша мен Ру­мыния Жапонияны қол­дайты­нын, Франция да көмегін аямайты­нын, кейін бұған өзге де батыс елдері қо­сылатынын атап өтеді. Қа­зіргі кез­де шетелдерде тұрып жатқан ақг­вардияшыл ұйым­дар да КСРО-ға қарсы күресті үдетуге дайын екен­дігіне назар аударады.

Қалыптасқан жағдайды жан-жақ­ты саралай келіп жа­пон әскери ат­ташесі: «Из вышеуказанного вид­но так­же, что японо-советская вой­на, принимая во вни­мание состояние вооруженных сил СССР и положе­ние в иностранных государствах, должна быть проведена скорее. Мы должны осознать то, что по мере про­­­­­хож­дения времени обстановка делается все более благоп­рият­ной для них», – деген ұсыныс жасайды (Лубян­ка. Ста­лин и ВЧК – ГПУ – ОГПУ – НКВД. М., 2003, 301-бет).

Касахара баянаттың соңына қа­рай: «Я считаю нео­б­ходимым, чтобы имперское правительство повело бы поли­тику с расчетом как можно ско­рей начать войну с СССР», – деп мә­селені төтесінен қояды.

Бес бөлімнен, әр бөлімі 5-6 та­раудан тұратын бұл маңыз­ды құжат онсыз да секемшіл Сталинді қатты сес­кендірген. Ол жазбахатты қызыл қарындашпен астын сыза оқып, кей тұстарына санамалап белгі соққан. 

Төңірегіндегі ең жақын адам­дар­ға да асқан се­нім­сіздікпен қараған Сталин хатты Ворошилов, Молотов, Куйбышевқа ғана оқытып, өзіне қай­тарып алған. 

Касахараның хаты күдікшілдігі уа­қыт өткен сайын ма­ниакалдық си­­пат алған Сталинді Кеңес Одағын жап­­­пай «жапон тыңшылары» кезіп жүр­гендей халге жет­кізе­ді. Жазба­хат­ты қолға түсірген генерал Балиц­кий­­ді әуелі Украина Ішкі істер нар­ко­­мы қызметіне жоғарылатып, кейін 1937 жылы Қиыр Шығыс НКВД-сын басқаруға жі­береді. Болжамдары дұрысқа шықпаған соң оның өзі­нен се­кемденіп, 1937 жылы ату жазасына бұйырады. 

Бұрын да жапон атаулыға қырын қарайтын Сталин Ка­сахара хатынан кейін НКВД органдарына жапон тың­­шыларын жаппай ұстап, жаза­лау­ды тапсырады. Қан­дықол көсем­нің айтқанын екі етпейтін НКВД жен­­дет­тері тапсырманы ерекше құл­шыныспен орындауға кірі­седі. 

Арада ай өтпей жатып НКВД нар­комы Г.Ягода Ста­линнің атына Түркиядағы Жапон елшілігінің әскери ат­ташесі Масатанэ Канданың Жапония Бас штабына жол­даған жазбахатының орысша аудармасын жолдайды. 

Хат «Оценка возможностей ис­по­льзования мусуль­манс­ких госу­дарств по линии политико-страте­ги­­­­ческих ме­роприятий против СССР и соображения касательно про­­ведения необходимых мер в мир­ное время» деп ата­лады. 

Бұл құжат та жапондарға тән мәт­­тәқамдықпен жа­зылды. Мазмұ­ны­на қарағанда өзі Түркияда қызмет іс­тей­тін Канда арнайы тапсырмамен Ирак, Сирия, Па­лестина және Еги­петке дейін барып, мұсылман елдері­нің хал-жағдайын, олардың Батысқа, КСРО мен Жа­по­­­­нияға көзқарасын зерттеген.

Қысқаша алғысөзден кейінгі бірін­ші тарау: «В нас­тоящий момент важ­ность политико-стратегических ме­роп­риятий во время войны с СССР окончательно осознана на­шей армией», – деген сөйлемнен бас­талады. Хат жазылған 1932 жылы Жапония КСРО-мен алдағы уа­қытта болуы мүмкін соғысқа деген дайын­дықты бас­тап кеткен. Мұны келесі сөйлемдегі «дело подготовки этих ме­роприятий постепенно про­дви­гается вперед» де­ген тіркестен бай­қау қиын емес. Сталин жазбахаттың дәл осы тұсының астын сызып, қызыл қарындашпен қор­шап қойған (Лубянка. Сталин и ВЧК-ГПУ-ОГПУ-НКВД., М., 2003, 501-бет).

                                 Сталин ВКП (б)-ның XVII съезінде. 1934 жыл. Оған қатысқан 1966 делегаттың

                                                               1 108-і тұтқындалып, 848-і атылып  кетті.

Жапон әскери атташесі мұсыл­ман елдерімен сауда-эко­номикалық байланысты одан әрі күшейте түсіп, Ау­ғанстан, Түркия, Персия, Сауд Ара­биясы мен Еги­пет­те сауда өкіл­діктерін ашуды ұсынып, Шынжаң өл­ке­сіне айрықша назар аударады. Ол: «В процессе поез­дки мусульмане всюду задавали мне вопросы о том, по­­­может ли Япония независимому му­сульманскому госу­дарству в Си­ньцзя­не или нет», – деп мұсылман ел­­дерінің Шынжаңдағы дін қарын­дас­тардың тағдырына алаң­дау­шы­лық білдіретінін жеткізді. Тағы бір тұсында: «Под­держка независимого государства Синьцзяня является весьма необходимой с точки зрения перспектив по­литико-стратегичес­ких комбинаций», – деп ғылыми қауым­­дастық ежелден «Шығыс Түр­кістан» деп атап, мұ­сыл­ман халық­тары мекендеген Шынжаң өлкесінде тәуел­сіз мұсылман мемлекетін құру­ды қолдау керегін алға тартады. Әрі қа­рай өз пікірін: «Это пожелание свя­­зано с вопросом благополучия деся­­­­тимиллионной мас­сы мусуль­ман Китая», – деген сөздермен тұ­жы­рымдай тү­седі.

Канда тұтастай жапон билігіндегі Манжу-Го мем­лекетінде дін еркіндігі мен дін өкілдеріне құрметпен қа­­­рау­ды орнықтыра түсуді, мешіттер мен медреселер са­лып, олардың Сауд Арабиясы, Египетпен байланысын кү­шейте беру керегін де назардан тыс қалдырмаған. 

Әрине, мұның бәрі енді оянып ке­ле жатқан, де­мог­ра­фиялық өсу әлеуе­ті жоғары, шикізат ресурста­ры­на бай, болашағы зор мұсылман ел­­­­­дерінің көңілін аулап, олар­ды Жа­понияға жақтас, тілеулес етуден ту­ған әре­кеттер еді.

Хат авторы мұсылман халықтары бұ­рынғы жауын­гер­лік рухынан айы­ры­лып бара жатқанын айта келіп: «Тюр­ки в этом отношении превос­ходят другие мусуль­манс­кие пле­ме­на», – деп түркі халықтарының ерлік ру­хын жоғары бағалайды. 

Әскери атташе мұсылмандарды КСРО-ға қарсы со­ғыс­та өздеріне жақтас етіп пайдалану жөніндегі пікірін: «Из всего вышесказанного вид­но, насколько необходимо ис­по­ль­зование мусульман с точки зрения планов ве­де­ния войны с СССР и нас­колько это осущест­ви­мо», – деп қо­­рытындылайды. Ста­лин жазбахат­тың осы тұсының да астын сызып, жақшаға алып қойған.

Хатта Қазақстан мен Орта Азия рес­публикаларына қа­тысты тағы бір тың дерек кездеседі. Канда: «Около 20 предс­тавителей молодежи, эмиг­рировавших в Турцию из Советского Туркестана, выехали в Синьцзян для по­мощи новому государству», – деп жазады. Олардың кім­дер екенін анық­тау осы тақырыпты тереңдете зерт­­тейтін жас ғалымдардың үле­сін­де деп санаймын. 

Сталин хатпен мұқият танысып, сол кезде Ко­мин­терн хатшылығынан төмендеп, «Известия» газетінде жүр­ген К.Радекке: «Т.Радеку! Не стоит ли опубликовать, мо­жет быть, с не­ко­торыми пропусками?» – деген бұ­рыш­тамамен жібереді. Не айтарын білмей пұшайман бол­ған ол байғұс «жду указания» деп жауап берумен ғана шек­теліпті. 

Канданың хаты жапон мәсе­ле­­­сіне келгенде төңі­регі­не үл­кен күдікпен қарайтын Сталиннің паранойясын одан әрі қоздыра түсіп, енді іштегі жауды КСРО-дағы мұ­сыл­мандардан, хатта көрсетілген «ер­лік рухын сақ­таған» түркі халық­тарынан іздеуге кіріседі. 

Арада екі ай өткенде – 1934 жыл­дың 11 мамырында Баш­құрт Орта­лық атқару комитетінің төрағасы А.Та­гиров Сталинге донос түсіріп, он­да өзінің «Сақмари» де­ген бүркен­шік атты пайдаланатын татар жазу­шы­сы Ға­зизов Ғабдолламен кездес­кенін, бұл әңгімеден ол шет­елде жүр­ген татардың ұлтшыл жазушысы Ғаяз Ис­ха­ков Жапонияда болып, одан шыққан соң Батыс Қы­тайдағы Шынжаң өлкесіне барғанын (хатта «Жоңғария» деп жаңсақ көрсетілген, бұл кезде Жоңғария мүлде кел­­­­­меске кеткен)  баяндайды. Тағы бір «Құр­бан­ғалиев» дей­тін татар ұлтшылы Харбинде жүргендігін, ал Рашит Иб­рагимов дейтін Түркияда тұратын «белгілі панис­ла­мист» Жапония ар­қы­лы Шынжаңға жіберілгенін ха­бар­­лай­ды.

Сталин бұл хатпен де мұқият та­ны­сып, анық-қаны­ғын білу үшін оны Г.Ягодаға жібереді. Ол 1934 жыл­­дың 21 мамырында Сталинге «өте құпия» деген грифпен жауап хат жолдайды. Ягода «Сақмари» уфалық мил­лио­нер Усмановтың ұлы екен­дігін, оның шын аты-жөні Ға­зизов Ғабдолла екендігін баяндаған. Оның татардың ұлт­шыл жазушысы Ғаяз Исхақовтың ықпалында екен­дігін, Манжурияға келген соң біраз уақыт Харбинде тұ­рақ­тап, жапондар қара­мағына өткен теміржол бойын­дағы Пограничная стансасында ағылшын тілі­нен сабақ беріп жүргендігін жет­кізеді. 

Владивосток арқылы КСРО-ға өт­кен «Сақмаридің» Уфа мен Қазан­да­ғы татар және башқұрт ұлтшыл­дары­мен бір­неше кездесу өткізгенін, ОГПУ тыңшылары оны аң­дып жүр­ген­дігін, қазір оның Мәскеудегі бай­­­­­ла­ныс­тарын анықтау үшін аста­на­ға іссапарға шығуға көндіріп, осын­­­да келгенде тұтқынға алуды көз­­­деп отыр­ғанының егжей-тег­жейін ха­бар­лайды.

Ягоданың құпия хатында «Сақ­мари­дің» Токио ме­ші­тінің имамы Құрбанғалиевпен және Жапония про­­текторатымен Еділ-Урал авто­но­мия­сын құру қамында жүр­ген татар ұлт­шылы Ғаяз Исхақовпен тығыз бай­ла­ныс­та екендігі туралы нақты мағ­лұматтар бар. 

Алашорданың Жапониядағы тү­рік қауымдастығымен нақ­ты қандай қарым-қатынаста болғандығы бізге әзірше бей­мағлұм, бірақ оны Париж­дегі Мұстафа Шоқай жақсы біл­ген. Ол өзі редакторлық еткен «Жас Түр­кі­с­­тан»  жур­налы­ның 1931 жылғы  19-санында «Жапонияда тұрушы мұсыл­мандар және Токиода ислам шағын ауданы» деген ма­қала басқан («Алаш көсемсөзі». А., 2010, 4-том, 134-135-беттер). 

Редакция атынан «Басқарма» деп қол қойылған (мұн­дай материал­ды көбіне М.Шоқайдың өзі жазған) шолу мақалада Жапонияда 500-дей мұсылман барлығын, оның 150-дейі Токиода тұратыны туралы дерек кел­тіріл­ген.

Саны аз да болса ауызбіршілігі күш­ті жапон мұсыл­ман­дары 1928 жыл­ғы қазанында Токиода құрылтай өт­­кі­зіп, «Жапония мұсылмандар ода­ғын» құрған. 

Олар 1927 жылы Жапония үкіме­тінің ресми рұхса­ты­мен алты сы­нып­­ты «Токио ислам мектебін» ашып, он­да ана тілі, мұсылмандық шар­­тымен қатар ағылшынша да оқы­­тыпты. 

500-ден аспайтын жапон мұсыл­ман­дарының іскер­лігі соншалық, олар араб қарыптарымен «Токиодағы ис­лам баспасы» деген шағын баспа ашып, түрік тілінде «Жа­пон тілшісі» деген журналға дейін шығарған. 

«Жас Түркістанда» «Жапония мұ­сыл­мандар ода­ғының» төрағасы Токио имамы Мұхаммед Ғабаллахи Құр­банғали, оның бірінші орын­ба­сары Коби қаласының има­мы Ма­дияр Шамғони, екінші орынбасары Мұхаммед мыр­за, бас хатшысы Ахмет Закир Шакир, бас хатшының бірін­ші орынбасары Хусейн мырза және екінші орын­ба­сары Қожа Ах­мет Уаһап екендігі көрсетілген (бар­лы­ғының аты-жөні журналдағы нұс­қамен берілді). 

Басқару жүйесі жапондарға тән мәттақымдықпен жи­нақы, шебер ұйым­­дастырылған «Жапония мұ­сыл­­ман­дар одағының» бірыңғай түр­кітілдес халықтардан құ­ралғанын аңғару қиын емес. Есім-сойларына қара­­ғанда, басым бөлігі татар ұлты­ны­нын өкілі екендігі де бай­қалып тұрса да, олардың кейбірінің (Ма­дияр Шам­ғони) қазақ болуы да бек мүмкін деп шамалаймыз. 

Иек астындағы Жапонияның бас­қан ізін аңдып отыр­ған КСРО елшілігінде НКВД қызметкерлері олар­­дың барлық іс-әрекетін Мәс­кеуге жеткізіп отырған. Ко­­­­­миссар Г.Ягода оны Сталинге баяндаған. 

Ягода Жапония Бас штабының жос­пары бойынша док­тор Хосров-бек Султанов деген азамат Солтүстік Пер­сияға жіберіліп, ол әзербайжан­дар­дың ірі қарулы отря­дын кеңес же­ріне кіргізуді жос­пар­лан­ғанын, ал Ра­шид-кази Ибрагимов дей­тін па­нис­ламист Шынжаң ар­қы­лы Орта Азияға өтіп, онда анти­совет­тік жұ­мыс­тар өріс­тетуді қарастырып отыр­ған­дығы жайында ақпарат бер­ген.

Енді осы хаттарда есімі атала­тын екі адамның тағ­дыры­на тоқталып өтейік. 

Ғаяз Исхаки (хаттарда оның тегі орысша үлгімен Исха­­­ков деп беріл­ген) – татар әдебиетінің аса көрнекті клас­­сигі, түрік-татар бірлігі жо­лында зор қызмет атқар­ған қай­рат­кер. Ол – татар ғұла­масы, ке­зін­де Сор­бон­на уни­верситетін тә­мам­дап, әуелі Ре­сей­дегі Мем­­ле­кеттік Думаға, кейін Түр­кия­ға өт­кен соң осы елдің Парламен­тіне бір­неше мәрте депутат бо­лып сайланған Садри Мақ­­су­ди­мен бірге Октябрь төң­керісі мен Аза­мат соғысы жыл­дарын­да татар ұлты­ның азаттығы жо­лындағы күреске айрықша үлес қос­қан тұғырлы тұл­ға.

Ғаяз Исхаки – 20-жылы Мұстафа Шоқай, Зәки Ва­ли­дилер сияқты Түр­кияға эмиграцияға өтіп, татар хал­қы­ның бос­тандығы жолындағы күре­сін өмірінің соңына дейін бір сәтке де тоқтат­паған қайраткер. Ол Еуропа мен Азия елдерін, оның ішінде араб мемлекеттері, Жапония, Ко­рея, Ман­журияны еркін аралап, татар тілінде оннан ас­там газет-журнал шығарып, түркі халық­тары­ның ын­ты­мақтастығы жолында аян­бай қызмет атқарған. 

Хатта бүгінгі тәуелсіз Әзербай­жан­ның аса көрнекті мем­­­лекет қайраткері саналатын Хосров бек Сұлтановтың (толық аты-жөні – Хосров-бек Паша-бек оглы Султан­за­де) да есімі аталады. Ол 1918 жылы 25 мамырда жария­лан­ған Әзер­бай­жан Демократиялық Республика­сы­ның ал­ғашқы Әскери министрі, екін­ші Жер-су министрі қыз­метін ат­қарып, 1923 жылы Түркияға кетуге мәжбүр бо­ла­ды. Ол осында жүріп те әзер­байжанның азаттығы жо­лын­дағы  күресін тоқтатпайды. Өмірінің соңына қа­рай Түркия мен Герма­ния­да өз мамандығына сай ме­дици­на профессоры болып қызмет ат­қарды.

Жапонияның мұсылман ел­дерімен ынтымақ­тасты­ғын күшейтіп, олардың Кеңес Одағын мекендейтін түр­кі-мұсылман халық­тарымен байланысын нығайтуға ба­ғытталған жоспарлары үрейшіл Сталиннің татар, баш­құрт, әзербай­жан, қазақ және Орта Азия халық­тары мен олардан шыққан қайраткер тұлғалар, шығыстанушы, түр­колог ғалымдарға деген сенімсіздігін бұ­рын­ғыдан да ас­қы­нтып жіберді. 

Адам жанын шыбын құрлы көр­меген сталиндік сұм жүйеден түркі-мұсылман халықтары ғана емес, Кеңес Ода­ғының барлық ұлт пен ұлыс өкілдері зардап шекті.

Ешбір дәлел-дәйексіз, ойдан шы­ғарылған айып­тар­мен қамауға алынып, абақтыға жабылған, ГУЛАГ ла­герьлерінде азап шегіп, ату жаза­сы­на кесілгендер мил­лиондап сана­лады. Олардың нақты санын кеңес­тік тарих­шылар барынша азайтып көрсетуге тырысса, батыс зерттеу­ші­лері әсірелеп жазуға құмар. Бұл тура­лы ақиқат шын­дыққа негізделген мағ­лұматты Кеңес Одағы идео­ло­гия­сының тізгінін ұстап, ең құпия деген деректерге қо­лы еркін жеткен, СОКП Орталық Комитетінің хат­шы­сы, тарих ғылымының докторы, профес­сор, акаде­мик А.Яковлев айтты. Оның оқыған адамның жағасын ұстат­­қызатын: «В мясорубке ленинс­ко-сталинских реп­­рессий погибло более 20 миллионов человек», – де­ген дерек­теріне күмән келтіру қиын (Чер­ная книга ком­мунизма. Преступ­ле­ния. Террор. Репрессии. М., 1999, с.12).

                Сталин, Молотов, Ворошилов және Ежов ГУЛАГ тұтқындары салған «Беломорканал» бойында

Жапониядан КСРО-ға төнген қауіп күшейген сайын Сталиннің жендеті Ежовтың зымияндығымен «жа­пон жансыздарының» қатары да күн сайын арта түсіп, жазықсыз жандар оққа байлана берді.  

ОГПУ, НКВД органдары қолға тү­­сіріп, Сталиннің ал­­­­дына жеткен жаз­бахаттардың мазмұнына қарап, Жа­по­нияның отызыншы жылдары КСРО-ға қарсы соғыс ашу ту­ра­лы нақты жос­пары болғандығынын аңғару қиын емес.

Жапония Қытай сияқты алып ел­дің стратегиялық, эко­номикалық, әс­кери маңызы зор бөлігі Манжурия­ны ба­сып алып, Манжу-Го қуыршақ мемлекетін орна­т­қа­ны­мен оны ұс­тап тұру және отаршылдық мақсатта пай­далану барысында көптеген қиын­дыққа кезікті. Қытай тә­жіри­бесі жапондарға КСРО сияқты жыл сайын күш алып келе жатқан әлеуеті зор елге соғыс ашып, оның  Сі­бір, Қиыр Шығыс сияқты табиғаты қа­таң аймағын иге­рудің оңай болмай­ты­нын дәлелдеп берді.

Экономикасы қарқынды даму жо­лына түскен Жапо­ния­ның назары Корея мен Қытайдан кейін оңтүстік-шы­ғыс Азияға қарай ауды. Бұл қуат­ты әскери-теңіз фло­тын жасақтаған жапондардың Тынық және Үнді мұхи­­тында еркін қимылдауына аса қолайлы еді.

КСРО шекаралық аймақтарда жа­пон тарапынан бір­неше мәрте аран­датушылық әрекеттер болға­ны­на қа­рамастан, оған әскери той­та­рыс­пен жауап қатуға ба­тылы бар­ма­ды. КСРО Манжуриядағы жапон әре­кетін сырт­тай ғана бақылап, Қы­тай-шығыс теміржолын (КВЖД) біржолата жапондарға беріп, бір­қа­тар кон­цессиялық шегініске бару­ға мәжбүр болды.

Егер Жапония мен КСРО-ның арасында 30-жылдары со­ғыс өрті тұ­танып, оның алғашқы кезеңінде жа­пон тара­пы жеңіске жете қалған күн­нің өзінде әскери қи­мыл­дардың Қа­зақстан мен Орта Азия ше­кара­сына дейін жетуінің ықтимал­ды­ғы өте төмен еді. Оның үстіне, Қы­­тай­ды ұстап тұруға көп күш жұм­сап отырған Жапонияның КСРО-дай әскери, демографиялық және таби­ғи ресурс­тық қуаты зор алып мем­лекетке қар­сы майдан ашуға ер­кін жететін әлеуеті болған жоқ. Сон­дықтан екі ел де іш­тей аңды­сып, шар­пысып, эко­номика­сын ны­ғай­тып, әс­кери күш-қуатын арт­тыру­мен болды. 

Қиыр Шығыстан күн сайын дер­лік қауіп төндіріп, ше­каралық аймақтарда жиі-жиі арандатушылық әре­кет­терге барғанына қарамастан Сталиннің Жапонияға қар­сы соғыс ашуға жүрегі дауаламаса да, барлық өшін, ашу-ызасын ежелден қаны қас түркі-мұсылман ха­лық­тарының қайраткер тұлғалары мен зиялы қауымына қар­сы бағыттап, «жапон тыңшысы» деген желеумен қу­ғын-сүргін мен қудалауды одан әрі өршіте түсті. 

                                                       Бакуде түркологиялық құрылтай делегаттары

Сталиннің билігі әлі жеке-дара диктаторлыққа жете қой­маған 1926 жылы ол басқарған Үкімет қаулы­сы­мен Баку­де Бірінші түркология­лық құрылтай өтті. Оған КСРО Ғы­лым академиясы жүйесі мен Кеңес Ода­ғы­ның Мәскеу, Ленин-г­рад, Қазан университеттері бастаған жоғары оқу орындарында, түрлі мемлекеттік ме­кемеде қыз­мет істейтін айтулы түр­кологтар қатыс­ты. Олардың қа­тарын­да есімі бүкіл дүниежүзіне мәш­һүр А.Са­мой­лович, С.Ольден­бург, В.Бартольд, Л.Щерба сияқты шы­ғыстанушы ға­лымдар болды. Құрыл­тайға қа­тыс­қан дауыс беруші делегаттар са­ны 131 болғанымен, оған қо­нақ ре­тінде Түркия, Фран­ция, Герма­ния, Жапония, Финлян­дия, Шве­ция, Венгрия, Иран т.б. елдерден кел­ген 600-ден астам ғалым мен қай­раткер қатысты. 

Кейін 131 делегаттың жүзден ас­тамы репрессияға тү­сіп, басым бөлігі атылып кетті. Олардың ішінде қазақ, татар, башқұрт, әзер­бай­жан, өзбек, қырғыз, т.б. түркі ха­­лықтарының аяулы перзент­терімен қатар, ұлты еврей А.Самой­лович сияқты әлемге даңқы шыққан атақты түр­кологтар болды. Осы съез­ге қатысқан А.Байтұр­сын­ұлы, Н.Төреқұлов, Е.Омаров, Б.Сүлеев­тер де сталиндік репрессия құрбаны болды.

Білім-білігі Сталиннің айнала­сындағы шала сауатты бәл­шәбек­тер­ден оқ бойы озық тұрған қай­рат­­кер­лердің реп­рессияға түсіп, жап­пай атылып кетуі түркі халық­тары­ның  саяси, экономикалық, демог­ра­фиялық дамуы­на,  аса бай тарихы мен мәдениетінің зерт­телуіне, өсіп-өр­­­­кендеп келе жат­қан түрко­ло­гия ғылымына орасан зор зар­дап­тарын тигізді. 

Әуелі бас-аяғы он жыл ішінде әліп­би үш рет өзгер­ті­ліп, А.Бай­тұрсынұлы түрлеген, қазақ тілінің бар әуезін сақ­таған емле латыншаға ауыстырылды. Арада он жыл өт­пей ол біржолата кириллицаға кө­шіріл­ді. Мұндай жағ­дай өзге түрік ха­лықтарында да орын алды. Саны түр­­кілерден әлдеқайда аздығына қа­рамастан Сталин жә­не Ми­коян­ның қолдауымен ежелгі грузин мен армян әліп­биі баяғы қалпында қал­­дырылды.

Жиырмасыншы, отызыншы жылдары әлемдік тіл­тану ғылымында скиф, сақ тіл­дерінің көне түркі тілдерімен төркіндестігі туралы зерт­­теу­лер белең алғанына қарамастан, жоғарыдан түскен нұсқауларға сәй­кес, бұл орнықты концепция иран тіл­дер тобына жақын деген жа­да­ғай теориямен ауыстырылды. Ежелгі ғұн тілі, ғұн тарихы түркі­­­лер­ден гөрі моңғолдарға қатысты деген тайғанақ тезиске басымдық бе­рі­ліп, ол орыстілді зерттеулерде әлі күнге дейін үстемдік алып келеді. 

Ираннан мүлде алшақ жатқан Алтай мен Сібір өлкелерінен табылған скиф, сақ мәдениетінің зооморфты стильдегі жауһар туындыларын да түркілерден гөрі ежелгі парсы мәдениетіне жуық жәдігерлер деп қарастыру белең алды. 

Алған білімі, ақыл-парасаты және саяси тәжірибесімен суырылып алға шығып, шетелдегі түр­кі халықтарының көсемі дәрежесіне дейін көтерілген Мұстафа Шоқайдан Сталин қатты сескенген. 

Басым бөлігі Парижде шоғырланған орыс ақсүйектері, генералдары мен жоғары шенді офицерлері, зиялы қауым өкілдерімен етене араласқан М.Шоқай ақгвардияшыл газет-журналдарға жиі-жиі мақалалар жариялап тұрған. Ағылшын, француз, неміс тілдерін меңгерген ол осы тілдерде шығатын Еуропадағы беделді басылымдарға Кеңес өкіметін, Сталиннің зұлымдығын әшкерелейтін өткір мақалалар басқан. 

Сталин 1925 жылдың 29 мамырында Қазақ өлкелік партия комитетінің бюро мүшелеріне хат жолдап, онда: «Я имел возможность на днях познакомиться с журналом «Ак-жол». Я вспомнил в связи с этим некоторые статьи небезызвестного Чокаева в белогвардейской печати и к ужасу своему открыл некоторое, так сказать, духовное «единство» между этими статьями и журналом «Ак-жол», – деп Мұстафаның мақалаларынан үрейі ұшқанын ашық-ашық мойындайды (РГАСПИ, Ф.558, Оп.11, д.133, л.65-67). 

Сталин кәрін төккен «Ақ жолға» кезінде Сұлтанбек Қожанов пен Нәзір Төреқұлов кезектесе редакторлық жасаған. Қазақтың қос аяулысын үздіксіз қудалау Сталиннің запыран шашқан осы хатынан басталды.

Осы хаттан небәрі 12 күн өткенде Ташкентте 1920 жылдан шығып тұрған «Ақ жол» газеті дереу жабылып, аяқастынан ілік табылғанына қатты қуанған Голощекин қазақ қайраткерлерін қуғын-сүргінге түсірген «Кіші Октябрь» құйынын ұйытқыта соқтырады.

Сталиннің «жапон тыңшыларын әшкерелеу» туралы тапсырмасына сәйкес, репрессия тырнағына іліккен қазақ қайраткерлеріне «пантүркист», «панисламист» айыптарымен қатар «жапон тыңшысы» деген желеу қоса жамалып отырды. 

«Жапон жансыздарын» әуелі зиялы қауым мен саяси қайраткерлер арасынан іздеп, біртіндеп армия­дағы жоғары шенді офицерлер мен генералдарға ауыз салған Сталин мұны да місе тұтпай, қанды шеңгелін оның қылмысты бұйрықтарын екі етпей орындап келген НКВД органдарына батырады. 

Ол Мәскеу мен Украинада қызмет істеген жылдары «халық жауларын» әшкерелеуде асқан белсенділік танытып, Сталиннің қас дұшпаны Г.Зиновьевтің ісін жүргізген Г.Люшковты әуелі Ленин орденімен марапаттап, КСРО Жоғары кеңесінің депутаттығына сайлайды. Кейін 1937 жылы қандықол Ежовтың ұсынысымен Қиыр Шығыс өлкесіндегі НКВД басқармасының бастығы етіп тағайындайды. «Жапон жансыздарын» әшкерелеу науқанының өріс алғаны соншалық, орынбасары тұтқынға алынғанда, келесі кезекте өзі тұрғанын анық сезген Люшков 1938 жылдың жазында Манжурияға өтіп, өз еркімен жапондарға беріледі.

Ол жапон барлауына Қиыр Шығыстағы қызыл армиясының құрылымдары, техникасы орналасуы жайлы құпия деректерді жеткізумен қатар, бірнеше рет баспасөз мәслихатын өткізіп, қастандықпен өлтірілген С.Киров өлімінен бастап, Сталин зұлымдықтарының бәрін жайып салады. Жапон жағына өткен соң «Ямогочи Тосикадзу» деген ат алған Люшковтың белсенділігі сондай, ол туралы кеңес барлаушысы Рихард Зоргенің 1939 жылы қаңтарда Орталыққа жолдаған жазбахатының көлемі 100 беттен асып түскен. 

Ягода атылып, Люшков сатқындығы бойынша Ежов қызметінен алынғаннан кейін де (ол 1939 жылы тұтқындалып, 1941 жылы атылды) НКВД органдары «жапон тыңшыларын әшкерелеу» науқанын толассыз жүргізіп, көсем тапсырмасын орындауға жанын салып бағады.

Манжурияны басып алып, КСРО мен Моңғолияға кез келген уақытта тұтқиылдан шабуыл жасаудың дайындығына кіріскен кезде Жапония Мукденде танк зауытын салып, Кореяда бірнеше қару-жарақ өндірісін ашады. Алайда Қытайды отарлауды жеделдету мен оңтүстік-шығыс Азия елдерін тездете бағындыруға кіріскен Жапонияның КСРО-ға қарсы соғысы үнемі кейінге қалдырыла берді. 

Жапонияның КСРО-ға соғыс ашуы мүмкін деген сыбыс шығысы­мен монархиялық билікті қалпына кел­тіруді көздеген ақгвардияшыл офи­­цер­лер Харбин қаласында «Русский Обще-Воинский Союз» атты ұйым құ­ры­лып, Кеңес Одағындағы жақ­тас­тары­мен астыртын байланыс орнатады.

Патшалық Ресейдің бұрынғы ақ­сүйектері, князьдар, генералдар мен адмиралдар, полковниктер мен жоғары шенді офицерлерінен тұратын дәл осы ұйымға қатысты деген күдікпен 15 мыңға жуық адам тұт­қын­далып, олардың басшылығында болған 357 адамның тізімі Сталинге баяндалды. Репрессия бел алып, адам тағдырын шыбын құрлы көрмеуге айналған халықтар көсемі бұл баянатқа: «Ежову. Всех бывших офи­церов и генералов по записке Горбача нужно расстрелять» деген қатыгез үкім шығарады. Ол бұлжытпай орындалып, көмекшісі Поскребышев «Исполнено. Послана телеграмма 16.XII.37 г.» деген жауап жолданады (Мозохин О.Б., ОГПУ-НКГД в борьбе со спецслужбами Японии. Москва-Берлин, 2019, с. 224).

Халықаралық «Мемориал» қорының деректері бойынша 1937-1938 жы­лы тек «Харбин ісі» бойынша 49 470 адам тұтқындалып, оның 31 226-сы ату жазасына кесілген. Жалпы, Ке­­ңес Одағы бойынша «жапон тың­шы­сы» деген желеумен жүздеген мың адам жазықсыз құрбан болды. Олар­дың басым көбі өмірінде тірі жа­пондықты көрмеген жазықсыз жандар еді. 

НКВД органдары күн сайын тіміскілеп, қияли ойдан туған «жапон жансыздарын» ұстап, азапқа салуға көшкенде елде Кеңес Одағына қарсы соғысқа қапысыз дайындала бастаған Германия тыңшылары өріп жүрген болатын. Бұл кезде Гитлермен ауыз жаласып үлгерген Сталин мұны білсе де, білмегенсіп, көрсе де, көрмегенсиді.

Сезікшілдігі қанішерлік жағдайға дейін жеткен Сталинге түрмеге түскен, айдауға жіберілген, атылған ондаған мың адам тағдыры аздық етті. Ол 1937 жылдың 21 тамызында КСРО Халық комиссарлар ке­­­ңе­сінің №1428-326 қаулысымен Қиыр Шы­ғыстағы 172 мың этникалық корейді «Жапонияға тыңшылық жасады» деген айыппен Қазақстан мен Өзбекстанға жер аударуға бұйрық береді. Мал таситын азынаған вагондармен көшірілген корейлердің 11 мыңы жол азабынан қайтыс бола­ды. Шынтуайтқа келгенде, Сталин айып­таған корейлер өз елінен, жерінен айырылып, миллитаристік Жапониядан зәбір-жапа көріп отырған ғаріп халық еді. Сондықтан олардың өзін аяусыз езгіге салып отырған жа­пондардың тыңшысы болуы ақыл­ға сыймайтын айыптау болса да, айналасындағылармен санасуды мүлде қойған диктатор қылмысты істерін одан әрі өршіте түсті. 

Сталиннің «жапон жансыздарын» әшкерелеу науқанынан тұтас­тай репрессияға түскен корейлермен қатар Жапониямен шекаралас өлкедегі өзге ұлыстар да жапа шекті. Бұл туралы ресейлік тарих ғылымының докторы, профессор, арнаулы органдар полковнигі О.Мозохиннің басшылығымен шыққан іргелі зерттеуде: «Репрессиям также подвергались китайцы и харбинцы, замешанные в связях с японцами. Происходила «чистка» приграничных территорий. Выселялись семьи репрессированных. Проводились массовые репрессии партийных деятелей, руководящего состава органов НКВД, командиров Красной армии», – деп орынды атап өтілген (Мозохин О.Б., Тужилин С.В. Борьба спецслужб Японии и СССР в годы Второй мировой войны. М., 2020, с.521).

                                                             Қазақстанға жер аударылған корейлер

Саясаттың қара бораны екпіндете соғылған кезде Орталық Азия, Қазақстан мен Кавказ жұртындағы ұлт зиялылары да сол баяғы «жапон тыңшысы» деген айыппен Сталиннің қанды шеңгеліне іліне берді. 

Қазақстандағы «жапон тыңшыларын әшкерелеу» науқаны – өте ауқымды тақырып. Оны тарқата талдап, таратып айту үшін арнайы зерттеу қажет. Ол – алдағы уақыттың еншісінде болса да, қазақ зиялыларының тағдырына орасан зор қа­сірет-қайғы әкелген зұлмат науқанның кей тұстарына қысқаша тоқталып өткенді жөн санадық. 

Қазіргі оқырманның көп дүниеге көзі ашылды. Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік хатшы, профессор Е.Қариннің бас редакторлығымен 2023 жылы «Алашорда ісіне» қатысты бұрын құпия мұрағаттарда құлыптанып келген 12 томдық құжаттар мен материалдар жарық көрді. Енді солардың бір парасын сөйлетіп көрейік. 

Төңкеріске дейін патша жандармериясының қуғын-сүргініне түсіп, бірнеше мәрте абақтыға жабылған Әлихан Бөкейханов НКВД тергеу­шілері алдында өзін еркін ұстаған. Ол 1937 жылдың 6 тамызындағы доп­роста барлық жауапкершілікті өзіне алып: «Я лично по всем этим вопросам вел переговоры, как представитель национальной партии «Алаш», – деп қасқая қарсы жауап беріпті. 

                                                   Әлихан Бөкейханов Бутырка түрмесінде, 1937 жыл

Ә.Бөкейханов Алаш партиясының мақсаты Қазақстан автономиялық республикасын құру болғандығын да ашықтан-ашық мәлімдеп: «Основной задачей партии «Алаш» являлось создание автономии Казахстана в составе российского буржуазного государства, через Учредительное собрание», – деп Алаштың асыл мақсатын ашықтан-ашық жеткізген. 

Кеңес өкіметіне қарсы күрестен қалай бас тартқаны туралы тергеу­шінің қитұрқы сұрағына кектене қарсы тұрып: «Я не мог и не могу быть сторонником советской власти. Мои убеждения исключают признание ее. Я остаюсь верным своим алашординским идеям, за которые я боролся с советской властью», – деп Кеңес өкіметін қабылдамағаны былай тұрсын, барлық күш-жігерін онымен күресуге жұмсағанын тайсалмай мәлімдеген.

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы да НКВД тергеу­шілері алдында өзінің азаматтық өр қалпын сақтаған. Ұлт ұстазы алғаш рет ату жазасына 1928 жылы кесіліп, кейін ол 10 жыл мерзімге сталиндік лагерьге ауыстырылған. 

Сан мәрте абақтыға түсіп, азап атаулысының неше атасын басынан өткізген аяулы Ахаң алған бетінен қайтпай: «Организация Алаш ставила перед собой цель – вести активную борьбу против большевиков и против восстановления советской власти в Казахстане», – деген жасқанбай жауап қатқан. 

Ахаң Алаш партиясы алға қойған мақсаттарды кеңестік органдар құрамында жүзеге асыру үшін партия қатарына да өткен. Одан шығу себебін де ештеңеден тартынбай: «Но состоя кандидатом ВКП(б), я имел расхождение с коммунистами по ряду вопросов», – деп түсіндірген. 

Республиканың НКВД басқармасының 1937 жылдың сәуіріндегі А.Байтұрсынұлына қатысты толтыр­ған анықтамасында: «В 1934 году…восстановил старые к-р связи и оживил деятельность ликвидированной к-р организации, направив ее деятельность на подготовку к-р повстанчества в период войны Японии с СССР», – деген шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қисынсыз айып тағады.

Марсельский дейтін шала сауатты тергеушінің осы құжатты толтыр­ған 1934 жылы КСРО мен Жапония арасында соғысты былай қойғанда, ірі қарулы қақтығыс та болмаған. Хасан көлі мен Халхин-гол оқиғалары 1938-1939 жылдары орын алды. 

Жалмауыз жүйе Ахаңның ақсақал жасына, ұзақ жылғы ұстаздық қызметіне қарамастан, қанқұйлы «үштік» үкімімен 1937 жылдың 25 қарашасында ату жазасына кеседі. 

                                                                Абақтыдағы Ахмет Байтұрсынұлы

НКВД тергеушісі ұзаққа созылған аурудан сырқаты меңдесе де, жігері жасымаған Халел Досмұхамедовке «жапон жансызы» деген айыпты мойындата алмаған. Ол 1938 жылдың 7 қазанында тергеушінің екі мәрте қатарынан қойған сұрағына: «Повторяю, что в национал-фашист­ской организации не состою и агентом японской разведки не был», – деп бастапқы жауабынан қайтпай, табандап тұрып алыпты. 

Қаныпезер тергеушілер қанша азапқа салса да, алған беті, берген жауабынан таймаған Х.Досмұхамедовке «қылмысын» мойындата алмайды. Ату жазасына кесу туралы үкім мәселесін алдын ала шешіп қойған жауыздарға мұндай мойындатудың қажеті де шамалы еді. Олар қайсар қайраткерді толып жатқан қисынсыз айыптармен бірге: «являлся агентом японской разведки и вел шпионскую работу в пользу Японии» деп көпе-көрінеу қаралап, ату жазасына кеседі.

Алаш қайраткерлері ішінде Жапон үкіметіне хат жазып, оның өкілімен кездесіп, нақты байланыс орнатқан Райымжан Мәрсеков екендігін біз жоғарыда атап өттік. 

ОГПУ органдарының Мәрсековке қарсы жүргізген 1922-1925 жылдардағы аңду, тергеу материалдарында оған тағылған «жапон тыңшы­лығы» туралы айып кездеспейді. Соған қарап, бұл кезде тергеушілер оның 1919 жылы Владивостокта жүргізген келіссөздері мен Жапон үкіметіне жолдаған хатынан бейхабар

болған деп шамалауға болады. 

Қазақстан ГПУ-ы 1930 жылдың 30 қыркүйегінде Алашорданың аса көрнекті қайраткері Әлімхан Ермековтің үйіне тінту жүргізіп, сол жыл­дың 17 қазанында қамауға алады. Бір жарым жылға созылған тергеу барысында профессор Ә.Ермеков өзіне тағылған айыптардың бәрін теріске шығарып, ешқандай контрреволюциялық қызмет пен бандитизмге қатысы жоқты­ғын дәлелдеп шығады. Нәтижесінде КСРО ОГПУ-ы 1932 жылғы 27 ақпанда: «2. Следственный материал, касающийся последних лет, характеризует лишь националистические взгляды обвиняемых. 3. Организованная руководящая роль обвиняемых в бандитизме совершенно не доказана», – деген қаулы шығарады (ҚР Президентінің мұрағаты, 352-қор, 1-тізім, 6610-іс, 3-том, 201-бет). 

                                                              Қайсар профессор Халел Досмұхамедов

Ә.Ермековтің 1930-1932 жылғы ісінде «жапон тыңшысы» деген айып­тау болмаса да, ол 1937-1938 жыл­дары жүргізілген істе алдынан шығады. 

Ә.Ермековпен бірге Ташкентте болған кезінде 1930 жылдың 8 қазанында Қазақстан ОГПУ-ының №132 қаулысымен Мұхтар Әуезов те қамау­ға алынады. 

Әуез атасының арқасында ешкім бетінен қақпай бұла өсіп, жастайынан Алаш арыстарының мектебінен өткен Мұхтар тергеу барысында ештеңеден именбей өзін еркін ұстапты. Оны абақтыға түскен күні-ақ ОГПУ 1-бөлімшесінің бастығы Попов сұрақ-жауаптың астына алған. 

Қызуы үнемі көтеріліп тұратын Ленинградта оқыған жылдары қаншама қудалауға түссе де, ар-намысын ешкімге таптатпай, білім-білігі арқасында өз құқығын қорғай білген университеттің бекзат болмысты оқытушы-профессорларымен етене араласып, саяси тәжірибе жинақтап үлгерген жас Мұхтар Поповтың ығына жығыла қоймапты. 

Ол тергеушіге берген жауабында А.Байтұрсынұлын 1918 жылдан бері білетінін, ал Мұхамеджан Тынышпаев, Халел және Жанша Досмұхамедовтермен 1922 жылы Ташкентте бол­ған жылдары танысқанын, ал Мағ­жан Жұмабаевпен хат алысып тұра­тынын қысылмай-қымтырылмай мәлімдеп: «О существовании ка­ких-либо нелегальных организаций я ничего не слышал и не знаю», – деп жауабын төтесінен қайырыпты.

Ешбір айыбын мойындата алмаса да, қамау мерзімі ұзаққа созыла түскен соң Мұхтар 1930 жылдың 6 желтоқсанында ОГПУ-дің өкілетті өкілі А.Альшанскийдің, 1931 жылдың 21 мамырында прокурор Столбованың атына арыз түсіріп, онда өзінің негізсіз, себепсіз түрмеге қамалғанын айтып: «Я прошу вызвать к допросу и указать на мотивы к принятым репрессивным мерам в отношении меня», – тепсіне теңдік сұраған. 

Арада төрт ай өткенде Попов Әуезовті тағы да тергеуге алады. 

Бұл жолы да Мұхтар Алаш қайраткерлерін бұрыннан білетінін, Ленинградта оқыған жылдары Алаш­орда үкіметінің мүшесі болған Халел Ғаббасовтан материалдық көмек алғанын, Смағұл Сәдуақасов­пен Орынбордан таныс екендігін жасырмай жеткізіп, бастапқы ұстанымынан қайтпай: «Об организации, которая якобы существовала у националистов, я абсолютно ничего не слышал и не знал, а тем более не состоял в ней», – деп өзіне тағылған бар айыпты тағы да үзілді-кесілді жоққа шығарады. 

Жазушының тергеуге түсіп, абақ­тыға жабылуының соңы 1932 жылдың 10 маусымында «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде «Алашорданың басты екі адамы өздерінің де, бұрын­ғы пікірлестерінің де төңкеріске қарсы болғандығын әшкерелеп, өз кінәларын жууға уәде беріп отыр» деген айғайлаған тақырыппен берілген М.Әуезов пен Ә.Ермековтің мәлімдемесімен аяқталады. 

Алғаш профессор Т.Жұртбай тауып, ғылыми айналымға түсірген бұл құжаттың мазмұнын қайталамай-ақ әңгімені қысқа қайыратын болсақ, отыздың бесеуіне енді ғана шыққан М.Әуезов қанша азапқа салса да, азаматтық абзал қалпынан жазбаған. Ол қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» сияқты классикалық туындыларынан бас тартып, «мен өз шығармаларымның көбімен анығында беті ашық ұлтшылдық күйіндегі жазушы болып шықтым», – деп кінәнің бәрін өз мойнына алып, бірде-бір әріптес­терін жауға бермейді. Бермегені былай тұрсын, Әуезов мәлімдемесінде өзінен басқа ешкімнің аты-жөні айтылмайды («Социалды Қазақстан», 1932 жыл, 10 маусым). 

Мұхтар Әуезов осы «мойындауы­нан» кейін тұтқыннан босатылса да, ұзақ жылдар бойы соттылығы алынбады. Сталиндік жүйенің қарғыс таңбасы төрт томдық «Абай жолы» эпопеясы түгелдей жарыққа шығып, жазушы әлемдік даңққа жеткен кезде тек 1958 жылдың 28 ақпанында алынып, «аса құпия» деген белгі соғылған бір жапырақ анықтама кемеңгердің қолына тапсырылған. 

Әлімхан Ермеков түрмеден босаған соң Қазақстаннан бой тасалап, Куйбышев жоспарлау-экономика институтында жоғары математика кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген 1938 жылдың наурызында екінші мәрте тұтқындалып, этаппен Алматыға жеткізіледі. Бұл кезде тергеу барысында жауапқа алынғандарға жасаған жауыздықтары үшін ешқандай жазаға тартпайтынына әбден көзі жеткен НКВД-ның жаналғыш тергеушілері аласұрған иттей ойына келгенін істеп, ашықтан-ашық айуандық тәсілдермен тергеуге көшеді. Ермековтің ісі осындай қаныпезерлікпен жүргізілді. 

Тергеу аяқталғанына он шақты күн өтіп, есін енді ғана жинаған Ә.Ермеков 1938 жылдың 17 мамырында Қазақ КСР Ішкі істер халкомы С.Реденске арыз жазып, онда тұтқынға алынғанын, кейін 15-16 күн бойына қинау мен азапқа салынғанын, ал 20-23 сәуір аралығында үш күн бойы нәр сызғызбай, ұйықтатпай, үздіксіз ұрып-соғып, есі кірерлі-шығарлы жағдайда болғанда тағылған айыптарды зорлықпен «мойнына алдырып», қол қойғызғанына шағымданады. Ол өз арызында азапқа төзбегендіктен: «Возводил на себя чудовищную клевету, вплетать людей произвольно было тоже самым ужасным бессовестным преступлением», – деп өзін де, өзгелерді де жазықсыз айыптағанына зор өкініш білдіріп, өз қолымен жазылған толық жауап жазуға мүмкіндік сұрайды. 

                                                                    Абақтыдағы Мұхтар Әуезов, 1932 жыл

Бастапқы арызына жауап болмаған соң 27 мамырда С.Реденске тағы бір шағым түсіріп, онда: «Начиная 18 мая гр. следователь заставил меня стоять непрерывно около двух суток, у меня отекли ноги, и я, не будучи в состоянии держаться на ногах, упал на пол. В этом состоянии гр. следователь избивал меня, таскал по полу, угрожая, что в этом состоянии будет меня держать до тех пор, пока я не приму на себя тягчайшее обвинение в организации шпионажа в пользу Японии», – деп жазады (ҚР Президентінің мұрағаты, 352-қор, 1-тізім, 5194-іс, 70-бет).

Ермеков шағым айтқан соң Марков деген жаналғыш одан сайын құтырып: «Скоро мы смешаем ваши кости с мясом, поломаем все ребра, а показание все-таки выудим», – деп тіптен құтырып кетеді. Жантүршігерлік азаптаулардан есінен тана берген Ермеков өзі жазғандай: «Я каждый раз в состоянии бредовом, галлюцинаций должен вставать на ложный путь, возводить на себя чудовищные обвинения», – дегенге барған.

Сонда Ермеков нені «мойындаған». Тергеушінің азапқа салып мәжбүрлегендегі айыптаулары мынандай болып шыққан.

«Я с 1919 г. являюсь агентом японской разведки».

«Завербован я в 1919 г. в г.Омске секретарем японской военной миссии при Колчаке капитаном Като». 

«Наша организация основной целью ставила свержение советской власти, вооруженное отторжение Казахстана от СССР и создание буржуазного казахского государства под протекторатом Японии».

…«Основными руководителями национал-фашистской организации являлись: Букейханов Алихан, Рыскулов Турар, Ходжанов Султанбек и Нурмаков Нигмет, с которыми я осуществлял организованную связь». 

Мен профессор Ермековтің өмірін зерттеумен қырық жылға жуық айналысып келемін. Орыс тілін өте шебер меңгерген, әр сөзіне терең мән-мағына сыйдыратын, математикалық талдау қабілеті мықты, ғылыми ойлау жүйесі терең ғалымның енді ғана құрылған Алаш автономиясын (Қазақ АССР-і 1920 жылы 26 тамызда жарияланды) қарулы күшпен әлі Одаққа бірікпеген КСРО-дан (ол 1922 жылы 30 желтоқсанда құрылған) бөліп әкету туралы жазуы профессор Ермековтің мо­йындауы емес, шала сауатты тергеу­шінің сандырағы екені бірден-ақ көрініп тұр.

Ермековтің өзін «ұлтшыл-фашист», «жапон барлауының агенті» деп «мойындауы», өмірде мүлде болмаған, есімі «ойдан шығарылған әлдебір «Като» дейтін капитанмен байланысы да – тергеушінің қиялынан туған шатпақтар. 

Марковтың ойына келгенін істегені соншалық, оған «Като» деген жалғыз жапон барлаушысы аздық етіп, оның жанына «Сато» есімді тағы бір офицер және Пет­ров дейтін «связнойды» қосақтаған.

Жаналғыш тергеушіге бұл да жетпеген сияқты. Ол Ермеков «жа­уабына»: «В разное время мною лично в качестве агентов японской разведки завербован Ауэзов Мухтар – писатель, которого я еще в 1925 году лично свя­зал в г. Москве с капитаном Като и Петровым», – деген М.Әуе­зовке қатысты тағы бір  сандырақ қосады. Бұл болашақ ұлы жазушының тағдырын  жар басына әкеп тірейді. 

НКВД тергеушілері «жапон тыңшыларын әшкерелеу» жоспарын орындау үшін Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, Ж.Досмұхамбетов, Х.Дос­мұхамедов, М.Жұмабаев, Е.Омаров, А.Қозыбағаров, Ә.Сәтбаев, тағы басқа қайраткерлерді дәл осындай жолмен «мойындатып», олардың бәрін ату жазасына кеседі.

Тергеу материалдарымен танысу барысында тағылған айыптар мен азаптау тәсілімен алын­ған «мойындауларды» оқудың өзі қиын. Саясаттан бойын аулақ салып, ешбір лауазымды қызмет атқармаған қазақтың аяулы ақыны, жас Мұхтар Әуезовке «Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемінді» айтқызған Мағжан Жұмабаевты сұмдық азаптарға салып: «завербовав меня шпионом в пользу Японии, Букейханов поручил мне вести работу среди казахской молодежи», – деген «мойындауларға» қол қойдырады. Мағжан «мойындауларындағы»: «Япония, этот могущественный монгол, рано или поздно интервирует все пространства от Великого океана до Уральских гор», – деген жапондарды «моңғол» деп кекетіп көрсеткен ғылымға жат, қисынға келмейтін келемежді одан жауап алған надан тергеу­шілер түсінбеген. Қайткенде Мағжаннан «жапон тыңшысы» жасауды мақсат еткен тергеушіге ол қажет емес еді.  

Алаш қайраткерлерінің бәрі дерлік жазықсыз құрбан болған соң жендеттер арандарын революцияның төл перзенттері – коммунист басшыларға қарай ашады. Оларды жантүршігер­лік азапқа салып, Ермековті «мо­йын­датқан» тәсілмен өздеріне қа­жет құжаттарға қол қойдырады. 

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов сияқты қайраткер тұлғалар одақтық деңгейде танылды. Егер Т.Рысқұлов Ресей үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілсе, С.Қожанов республика партия ұйымының 2 хатшысы дәрежесіне дейін өсті. Сұлтанбекті Сталин жақсы білетін. 

Жапон тыңшыларын әшкерелеу науқанында асқан белсенділік танытқан НКВД басшысы Н.Ежов Қазақстандағы әшкерелеу жұмысының жоғары деңгейде жүргізіп жатқанын көрсету үшін С.Қожановты ұрып-соғып, азаптау арқылы алынған «мойындатуды» 1937 жылдың 31 шілдесінде Сталиннің алдына қояды. Әрине, ондағы Ежовтың тапсырмасымен НКВД тергеу­шілері жазған шындыққа мүлде сәйкес келмейтін сандырақтарды Сұлтанбек Қожановтай арлы азаматтың айтуы мүмкін емес екені белгілі. Әйтсе де, адам тағдыры аяқасты етіліп, НКВД тергеушілері жазған бұл құжатпен де таныса кеткен артық бола қоймас. С.Қожановтың қолы қойылған «түсініктерде» төмендегідей шатпақтар кездеседі.

«Я расскажу о той мерзкой, предательской роли, которую я и мои сообщники играли за весь этот период».

«Еще в период гражданской войны алаш-ордынцы связались с представителями иностранных государств, как надежными союзниками в борьбе против Советской власти. Такая связь существовала Букейхановым и японским бароном Унгерном, у Букейханова, Байтурсынова, Тынышпаева с белогвардейцами в Китае».

«Чокаев ведет переговоры с Японией об организации восстания и интервенции в СССР».

«Осенью в 1936 г. в Ташкенте на моей квартире сообщил, что в Алма-Ате Ермековым Алиханом получено предложение от Чокаева начать, через казахских эмигрантов, переговоры с представителями Японии в Китае»

«В 1936 году мною поручено Асфендиярову, Жандосову, Масанчи и Розыбакиеву вести переговоры с японским агентом в Западном Китае об установлении тесной связи с японским правительством в вопросах подготовки войны против СССР и использования нашей организации в интересах Японии» (Лубянка. Сталин и Главное управление госбезопасности НКВД 1937-38. М., 2004, с. 21).

Баянаттың әр тұсында Сталиннің қолынан түрлі еcкертпе мен шартты белгі түсірілген. О.Жандосовтың есімі тұсында «Джандосова взять» десе, фамилиялардың кейбірі қоршауға алынып, тұсына «Ар.», яғни тұт­қындау жөнінде белгі соғылған.

Жазбахатта аты-жөнін Сталин жақсы білетін, Қазақстанда жоғары деңгейде басшы қызмет атқарған Рысқұлов, Жандосов, Нұрмақов, Сейфуллин, Құлымбетов, Есқараев, Меңдешев, Са­рымолдаев, Асфендияров, Жүргенов, Досов, тағы басқа кеңестік қайраткерлер есімі аталады. Кейін олардың бәрі репрессия құрбаны болды. 

Ермеков пен Қожанов «мо­йындауларын» олардың тарапынан жасалған осалдық ретінде қарауға мүлде болмайды. НКВД жендеттері мұндай «мойындауларды» тергеуге түскендердің бәрінен дерлік алған және олар мұндай құжаттарға ұзаққа созылған қаныпезерлік азаптаулардан кейін есін білмейтін жағдайда қол қойған немесе өздері қоя салған. 

Кеңестік қазақ қайраткерлеріне жапон, ағылшын, неміс тыңшылығы ғана емес, ұлтшылдық, контрреволюциялық, буржуазиялық, антисоветтік, исламшыл, түрікшіл деген толып жатқан айыптар тағылып, Троцкий, Каменев, Бухарин, Зиновьев, Рыков, т.б. Сталиннің жауларымен ымыраласты деген ойдан шығарылған жала жабылды.

Пролетариат пен коммунис­тер көсемі саналатын Ленин революциялық қызметі үшін Қазан университетінен оқудан шығарылса да, кейін экстернмен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген жоғары білімді адам еді. Оның төңірегіндегі Н.Бухарин Москва университетін тәмамдаса, Г.Зиновьев Берн университетінде, Л.Каменев Москва университетінде,  А.Рыков  Қазан университетінде оқыған, бірнеше шет тілдерін білетін интеллектуалдар болатын. 

Бар оқыған-тоқығаны Тифлис діни семинариясымен таусылған шаласауатты Сталин айналасындағылардың білімі, ақыл-парасаты өзінен жоғары  болуын қаламады, ал білімдар қайраткерлермен кездескенде білімінің кемшіндігінен өзін қор санай бастады. Сол себепті маңындағы алды – Еуропаның, соңы Ресейдің айтулы жоғары оқу орнын бітірген зиялыларды біртіндеп қызметтен шеттетіп, қуғын-сүргінге ұшыратып, оларды қоғам алдында халық жауы ретінде әбден масқаралаған соң ату жазасына кесіп отырды.

Атылып, келмеске кеткендер орнына айтқанына көніп, айдағанына жүретін Микоян, Каганович, Ворошилов, Калинин сияқты толық орта білімі де жоқ, рухы төмен, кешегі қара шекпен мен кухаркалардың балаларын жинады. 

Кеңес Одағы басшысының сенімді серіктері ішінде В.Молотов қана Санкт-Петербург политехникалық институтының үш курсын тәмамдаған инженер болатын. Жігерсіз Молотовтың Сталин алдынан басқаны былай қойғанда өз әйелін репрессиядан аман алып қалуға дәрмені жетпейді. П.Жемчужная 1949 жылы абақтыға жабылып, көсем өлгенше айдауда болды. 

                                           Нарком Г.Ягода Н.Хрущевпен бірге ГУЛАГ тұтқындары салған

                                                     «Москва-Волга» каналы  құрылысында, 1935 жыл

Сталин ресми түрде КСРО Министрлер кеңесі төрағасының қызметін атқарды. Сондықтан оны шетелдік басылымдар Черчилльге ұқсатып, «Премьер Сталин» деп жазатын. Ол кезде Үкімет басшысын КСРО Жоғары Кеңесі бекітетін, ал оның төрағалығын 1938-1946 жылдары ел ішінде кекесінді мағынада «бү­кілодақтық староста» деп атал­ған, ал шетелдік басылымдарда қоқитып «КСРО Президенті» дейтін Михаил Калинин атқарды. Сталин қызметіне бекітетін жарлыққа қол қоятын бұл байғұс оның алдында малайындай құрдай жорғалайтын. Бар оқы­ған-тоқығаны жұмысшыларға арналған Нарва училищесінің екі курсынан аспаған «КСРО Президенті» әйелі Е.Калининаны (қыз күніндегі тегі – Лорберг) Сталин 1938 жылы түрмеге қамап, айдауға жібереді. Ол Гулагта өлім халіне жеткенде 1946 жылы ғана сорлы күйеуі оны босатып алуға әрең шамасы жетеді. Заң жүзінде мемлекет басшысы саналатын Калининнің отбасын осындай мазақ пен азапқа салған Сталин үшін өзгелердің тағдыры шыбын құрлы да емес еді.

Сталин төңірегіндегілер ішінде ең ұзақ жасап, ең көп жоғары лауазымды қызметте болған адам – А.Микоян. Ел ішіндегі орақ тілділердің «От Ильича до Ильича, без инфаркта и паралича» деген қылжақ сөзіне қалған құбылма қайраткер – осы кісі. Оның да бар білімі Сталин оқы­ған Тифлистегі діни семинариямен шектеліпті. 

Ұзақ жылдар Сталиннің Үкіметтегі бірінші орынбасары қызметін атқарған Л.Кагановичтің білімі де өз деревнясындағы екі сыныптық мектептен аспаған екен.

Кеңес Одағының алғашқы маршалдардың бірі, даңқты қолбасшы ретінде көп дәріптелген, 1925-1940 жылдарға дейін Қорғаныс министрі, кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып, Саяси бюро мүшелігінен абсолютті рекорд жасаған (34 жыл) К.Ворошиловтың бар оқып тауысқаны өз  деревнясындағы екі сыныптық земстволық мектеп болатын. 

Сталиннен кейін Кеңес Ода­ғын он жыл қатарынан билеп-төс­теп, ойына келгенін істеген Н.Хру­­щевтің де жоғары білімі болмаған.

Ол 1929 жылы Өндірістік академияға (1925 жылы ашылып, 1941 жылы біржолата жабылған) оқуға түседі. Ондағы бір жарым жыл ішінде жартыкеш білімін толықтырудың орнына акаде­миядағы партком хатшысы ­қыз­метін атқарып, «партиялық тазалау» науқанына білек сыба­на кірісіпті. 

Хрущевтің академияға кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ. Ол 1931 жылы Кагановичтің ұсынысы, Сталиннің қолдауымен бірыңғай партиялық жұмысына ауысып, 35-ке келгенде әрең қолы жеткен академиядағы оқуын орта жолдан тастап кетіпті.

Кеңестік әдебиетте әйдік революционер, жалынды большевик, ірі оқымысты деп асыра мақталған Сталиннің төңірегіндегі сүмелек қайраткерлердің шынайы сықпыты осындай болатын.

Сталин дәл осы принципті республика басшыларын таңдау барысында да берік ұстанды. Қазақстанда большевиктер билігін мойындап, кеңес жағына шыққан, Ресейдің ең таңдаулы университеттерін бітірген, орыс тілімен қоса, бірнеше шетел тілін меңгерген қайраткер тұлғалардың молдығына қарамастан, рес­публика басшылығына бар білімі тіс технигінен аспаған, бірнеше ұмтылып Санкт-Петербург әскери медицина академия­сына түсе алмаған Ф.Голощекинді тағайындайды. 

                                                             Атылар алдындағы Санжар Асфендияров

Егер таңдау коммунист-дәрігерге түсер болса, дәл осы кезде Қазақстанда Денсаулық сақтау министрі қызметін және одақтық деңгейдегі зор лауазым саналатын КСРО Орталық атқару комитеті хатшысының орынбасарлығын абыроймен атқарған Санкт-Петербург әскери медицина академиясының түлегі, өзі жақсы білетін Санжар Асфендия­ров бар еді.

«Өзі жақсы білетін» дегенді тегін айтып отырған жоқпыз. Сталиннің 1924 жылдың 15 шілдесінен бастап қайтыс болған 1953 жылдың 5 наурызына дейін­гі әр күні кімді қабылдағанын мұқият тіркеп отыратын арнайы журнал болған. Ол 1926 жылы С.Асфендияровты 15 ақпан, 15 наурыз және 30 наурызда үш мәрте қабылдаған. Қайраткер-ғалымның  ақыл-парасаты, білімі, кәсіби деңгейі, қайраткерлік қабілетінің Голощекинді он орап әкететінін өте жақсы білген. Біле тұрса да, қазақтың игі жақсыларының алтын басын қор етіп, шаласауатты, ұрдажық Голощекинге жығып берген. 

Кеңес өкіметін мойындап, 1919 жылдан партия қатарына өткен, әуелі Түркістан өлкесінде, кейін Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанда басшы қызметтер атқарып, Бүкілодақтық Орталық Атқару комитеті хатшысының орынбасарлығына дейін көтерілген бекзат болмысты қайраткер, дәрігер ғалым, тарихшы профессор, бірнеше тілде еркін сөйлейтін Санжар Асфендияровқа үш бірдей капиталистік елдің тыңшысы деген қисынға мүлде келмейтін, жазықсыз жанды нақақтан күйдірген жала жабылады. Оған 1937 жылдың 29 қарашасында тағылған  айыптау қорытындысында: «Начиная с 1930 г., занимался активной шпионской деятельностью в пользу Англии, Японии и Германии, систетаически снабжая разведки этих стран секретными материалами», – деген сөздер жазылып, атағы жер жарған қазақ хандардың тұқымы, асылзада азамат ату жазасына кесіледі.

Жиырмасыншы жылдары республика тізгінін Сталин өте жақсы білетін Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияров, Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев сияқ­ты қайраткерлердің бірі ұстағанда, қазақ халқының тең жартысын жалмаған зұлмат ашаршылық болмас еді.

Отызыншы жылдары қазақ­тан шыққан коммунист қайраткерлердің алды одақтық деңгейге көтеріліп үлгерді. Солардың ішінде оза шауып, Ресей үкіметі төрағасының орынбасары лауазымына дейін жеткен Тұрар Рысқұловты Қазақстан басшылығына мүлде жолатпады. 

Голощекин Қазақстанға келгенше республика партия ұйымының екінші хатшысы қызметін атқарған Сұлтанбек Қожанов та республикадан шеттеліп, ВКП (б) Орталық комитетінің нұсқаушылығына «жоғарылатылды». 

Қазақстан мен Түркістан автономиялық республикаларында бірнеше мәрте министр болып, КСРО Орталық атқару комитеті хатшысының орынбасарлығына дейін көтерілген Санжар Асфендияровтың да қайраткерлік қабілеті пайдаланылмай, ғылыми-ұстаздық қызметке жіберілді. 

Республиканы басқаруға КСРО-ның Сауд Арабиясындағы тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұловтың әлеуеті емін-еркін жететін еді. 

Бұлардың әрқайсысының Сталин төңірегіндегі Микоян, Каганович, Калининдерді әлденеше орап әкететінін көсем өте жақсы білсе де, оларды Қазақстанға мүлде жолатпады. 

Жалпы, Сталин қазақтарға ғана емес, барша түркі халықтарына мұрнын шүйіре менсінбей, қомсынып қараған. Үнемі сенімсіздік көрсеткен. Ол 1929 жылдың 14 желтоқсанында Т.Рыс­құловты соңғы рет қабылдаған. Бұдан кейінгі 1929-1952  жылдар аралығында О.Исаевтан басқа бірде-бір қазақ қайраткерін табалдырығынан аттатпаған. Өзі «дала қыраны» деп көтермелей баға берген Ж.Шаяхметовтің өзін бір-ақ рет – 1952 жылдың 21 қазанында, оның өзінде сол кездегі Қазақстан Министрлер Кеңе­сінің төрағасы Е.Тайбековпен бірге қабылдаған (На приеме у Сталина: Тетради (журналы) записей лиц, принятых И.В. Сталиным (1924-1953 гг.) М., 2010). 

Ол  Орта Азия республикасы басшыларын да менсінбей, төмен санаған. Кеңес Одағын отыз жыл еркін билеп-төстеген диктатор Орта Азия мен Қазақстанға бірде-бір рет ат ізін де салмаған. 

Мұны кейбір сталинтанушылар мен оған табынушылар кө­семнің жұмыс графигінің тығыз­дығымен түсіндіруге тырысады. «Олай емес» дейміз біз. Өйткені ол тек 1937-1938 жылдары доносшыл нарком Н.Ежовты 290 рет қабылдауға уақыт тапқан. Әр кірген сайын жүздеген, мыңдаған адамның басын жалмайтын тап­сырма алып шығатын тажалды қабылдауға кеткен уақыттың оннан бірінің есебінен Қазақстан мен Орта Азияға ең болмағанда Октябрьдің 10, 20, 30 жылдығына орай бір рет келуге болар еді,  бірақ қолдан жасалған даңқ пен дақпыртқа піскен, дандайсыған диктатор мұны мүлде қажет деп таппаған.

«Орнында бар оңалар»  дейді дана халқымыз. Еліміз тәуелсіздік алған соң туған халқының азаттығы жолында құрбан болған Алаш арыстары қайнар бастауында тұрған жапон-қазақ қарым-қатынастары жаңа биікке көтерілді. Бұл – орайы келгенде айтылатын арнайы әңгіменің тақырыбы…