in

Киберқауіпсіздік күресі күшейді

Жиынға Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел өкілі Меруерт Еркінқызы мен облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса жедел өкілі Керім Әлібек, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен белсенді азаматтар қатысты.

Киберқылмыспен күрес, он­лайн-алаяқтықтың санын азайту және интернет кеңістігіндегі қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мақсатында елі­мізде «Киберқалқан» мемле­кет­тік бағдарламасы жүзеге асырылып ке­леді. Бұл жоба Қазақстанның ақ­­­­­параттық инфрақұрылымын қор­ғауға, киберқауіпсіздік жүйесін ны­ғайтуға және азаматтардың цифр­лық қауіпсіздігін арттыруға ба­ғытталған. Бағдарлама аясында бір­қатар маңызды шара атқарылды. Атап айтқанда, мемлекеттік орган­дар мен қаржы ұйымдарының ақ­па­раттық жүйелерін қорғау деңгейі күшейтіліп, цифрлық деректерді сақ­тау мен өңдеу талаптары қатаң­да­тылды. Сондай-ақ кибер­ша­буыл­дарды анықтап, жедел түр­­де әре­кет ететін арнайы мони­то­ринг ор­­талықтары құрылып, олардың тех­­никалық мүмкіндіктері жаңар­тыл­­ды. Мемлекеттік және жеке­мен­­шік ұйымдардың қызмет­кер­лері үшін ақпараттық қауіпсіздік бойынша оқыту курстары мен тә­жірибелік жаттығулар тұрақты түр­­де өткізіліп келеді.

Дегенмен бұл бағытта жасалып жат­қан жұмыстарға қарамастан, алаяқ­тар әлі де өз әрекеттерін тоқ­татар емес. Кибершабуылдар жаңа әдіс-тәсілдермен жалғасып, интер­нет кеңістігінде түрлі алдау амал­да­ры көбейіп барады. Сарап­шы­лар­дың айтуынша, киберқылмыскер­лер­дің әрекеті барған сайын кәсіби сипат алып, жасанды интеллект пен әлеуметтік инженерия тәсілдерін жиі қолдана бастаған.

Осыған орай маңызды шараны об­лыстық ардагерлер ұйымының тө­рағасы Ерболат Тұрымбетов ашып, жүргізіп отырды. Жиын ба­ры­сында киберқауіпсіздік пен ин­тернет алаяқтықтың алдын алу мә­селелері кеңінен талқыланды.

Меруерт Еркінқызының ай­туын­­ша, соңғы жылдары кибер­қыл­мыстар мен онлайн алаяқ­тық­тар­дың көбеюіне бірқатар себеп әсер етіп отыр. Сол себептердің бі­рі – азаматтардың жеке дерек­тері­­нің интернет кеңістігіне тарап кетуі. «Биыл наурыз айының бас ке­зінде танымал сервистің екі мил­лион пайдаланушысының жеке дерек­тері желіге тарап кетті. Ин­тер­неттегі алаяқтар сол мәлі­мет­тер­ді пайдаланып, түрлі қылмыс жа­сау қарқынын арттырды. Бұл – тек бір ғана мысал, ал мұндай жағ­дайлар жиілеп барады», – деді сарап­шы.

Оның сөзінше, жеке деректер­дің таралуы тек Қазақстанға тән емес, әлемдік проблемаға айналып отыр. «Қазіргі таңда елімізде ки­берқауіпсіздік саласында екі үлкен мә­селе бар – кадр тапшылығы мен ки­бергигиенаның сақталмауы. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Үкімет бірқатар маңыз­ды шараны қолға алды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрландыру, ғылым жә­не инновациялар есебінен тех­но­логиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында жоғары білікті IT маман­дар даярлауды тапсырды. Соның нәтижесінде былтыр елімізде алты IT мектеп ашылса, биыл тағы бес мектеп ашу жоспарланған. Соны­мен қатар ақпараттық қауіпсіздік мамандығына бөлінетін гранттар саны да жыл сайын артып келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс отан­дық киберқауіпсіздік саласының дамуына зор ықпал етпек», – деді Меруерт Еркінқызы.

Кербез ЕСІМ