Aikyn.kz халықаралық жағдайды шиеленістірген Израильдің Иранның нысандарына бағытталған әуе соққысын axios.com сайтындағы материалға сүйеніп талдайды.
Бейсенбі кешкісін (12 маусым) Израиль Иранға ашық шабуыл жасады. Олар ядролық және әскери нысандарға, әскери басшылар мен ядролық физик-ғалымдарға шабуыл жасады. Зымыран және әуе шабуылынан қорғаныс нысандарына жасырын диверсиялық операциялар жүргізді.
Израиль аймақтағы өзінің ең мықты әрі жақсы қаруланған қарсыласына АҚШ-тың тікелей қолдауынсыз шабуыл жасап отыр. Иран жауап ретінде Израильге қарай 100-ден астам дрон жіберген.
Президент Трамп бейсенбі күні (12 маусым) Иранның ядролық нысандарына жасалған шабуылға қарсы екенін жариялап, мұсылман елімен ядролық келісімге жету мүмкіндігіне әлі де сенетінін айтқан. Алайда бірнеше сағаттан кейін Израиль Иранның ядролық нысандарына, қарулы күштерінің жоғары басшылары мен ядролық бағдарламада жұмыс істейтін жетекші ғалымдарға соққы бере бастады.
Трамп бейсенбі кешкісін Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ бұл шабуылдардан алдын ала хабардар болғанын, бірақ әскери тұрғыда қатыспағанын және Иранның келіссөздер үстеліне оралуына үміттенетінін айтты. Ал АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) болса, америкалық нысандарға қарсы шабуылдарға жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
Иран өзіне қарсы шабуыл болған жағдайда АҚШ нысандарына соққы беруге уәде еткен болатын. Фото nbcnews.com сайтынан алынды
Иранның мемлекеттік бұқаралық коммуникация құралдары Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы, генерал Хоссейн Саламидің, Бас штаб бастығы, генерал Мохаммад Багеридің және тағы кем дегенде бір жоғары шенді генералдың қаза тапқанын растады.
Мемлекеттік ақпарат құралдары ядролық бағдарламаның екі жетекші ғалымы мен тағы бір генералдың қазасын растап, тұрғын үй ғимараттарынан шыққан түтіннің видеосын көрсетті. Жоғарғы көсем Аятолла Әли Хаменеи шабуыл үшін «қатаң жаза» уәде етті.
Израиль елде төтенше жағдай енгізді. Қорғаныс министрі Исраэль Кац ирандық дрондар мен зымырандармен «жақын уақытта» шабуыл болуы мүмкін екенін айтып, барлық мектептер мен жұмыс орындары жұма күні жабылатынын мәлімдеді.
Израильдің бұл соққысы – жаңа әскери қақтығыстың басталуын көрсетті. Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) дерегі бойынша, шабуылға 200-ден астам жойғыш ұшақ қатысқан. Бұл Иран мен Израиль үшін үлкен қауіп төндіретін қақтығыс деп бағалануда. ЦАХАЛ өкілі ядролық және баллистикалық әлеуетті жою операциясы бірнеше күнге созылатынын айтты. Премьер-министр Беньямин Нетаньяху бұл операция «қажет болғанша» жалғасатынын мәлімдеген.
ЦАХАЛ өкілі Израиль Иранның ядролық бомба жасауға ұмтылып жатқанын байқап, «қайтарымсыз нүктеге» таяп қалғанын, сондықтан әрекет етуге мәжбүр болғанын айтқан.
Иран болса ядролық қару жасау ниеті жоқ екенін мәлімдеуде. АҚШ пен оның өзге одақтастары да Иранның ядролық бомбаға ұмтылып жатқаны жөнінде ешқандай деректер таратпаған.
Израильдің шабуылынан кейінгі Тегерандағы қираған тұрғын үй. Фото timesofisrael.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Vahid Salemi
АҚШ бейсенбі күні (12 маусым) кейбір одақтастарына Израильдің шабуылға дайындалып жатқанын құпия түрде хабарлаған, бірақ өзі бұл шабуылға қатыспайтынын білдірген. Бірақ бұрын АҚШ Израильді Иран шабуылдарынан қорғауға көмектескенін және қайта көмектесуі мүмкін екенін де естен шығармаған абзал.
Израиль операциясы өте ауқымды. Мақсат тек ядролық және зымыран нысандары ғана емес, сондай-ақ Иранның жоғары лауазымды тұлғалары да нысанада.
Нетаньяху ядролық және зымыран бағдарламаларына бір мезгілде шабуыл жасау жоспары бірнеше ай бойы дайындалғанын мәлімдеді. Ол Иран ядролық бағдарламасында бұрын-соңды болмаған қадамдар жасағанын және баллистикалық зымырандар қорын жылдам арттырғанын жеткізді. Сондықтан Израиль оны «жоюға» ниетті екенін мәлімдеген.
ЦАХАЛ өкілі жұма күні Израильде тек «қажетті» шаралар ғана жүзеге асырылатынын айтты. Азаматтық нысандардың жұмысына тыйым салынған. Тек маңызды мекемелер ғана жұмыс істейді. Сонымен бірге Израиль әуе кеңістігін жауып тастады. Иран да Тегеран халықаралық әуежайынан ұшуларды уақытша тоқтатты. Израильдің саяси басшылығы қауіпсіз орынға көшірілді.
Жоғарғы көсем Аятолла Әли Хаменеи шабуыл үшін «қатаң жаза» болатынын мәлімдеді. Фото atlanticcouncil.org сайтынан алынды
«Бүгін түнде Израиль Иранға біржақты шара қолданды. Біз Иранға қарсы шабуылдарға қатыспаймыз, біздің басты мақсатымыз – аймақтағы АҚШ күштерін қорғау. Израиль бізге бұл шабуылдар өзін-өзі қорғау үшін қажет болды деп хабарлады. Президент Трамп пен әкімшілік біздің күштерімізді қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдады және аймақтағы серіктестермен тығыз байланыста. Ашық айтайын: Иран АҚШ мүдделері мен қызметкерлеріне шабуыл жасамауы керек», – деп мәлімдеді мемлекеттік хатшы Марко Рубио.
Израиль бірнеше апта бойы дайындық жүргізгенімен, бұрын АҚШ-қа ядролық келіссөздердің нәтижесін күтетінін мәлімдеген. Нетаньяху мәлімдемесінде Трампқа Израильге қолдау көрсетіп, Иранның ядролық бағдарламасына қарсы күресте көмектескені үшін алғыс білдірді. Алайда Трамп бұл шабуылға жария түрде қолдау білдірген жоқ.
АҚШ пен Иран арасындағы алтыншы келіссөз раунды жексенбіге жоспарланған еді, бірақ Израильдің шабуылынан кейін бұл келісім іске аспайтын сияқты. Жұма күні (13 маусым) таңғы сағат 11-де Трамп Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жағдайды үйлестіру орталығында отырыс өткізеді.
Бұдан бұрын Иран ядролық бағдарламасына шабуыл болған жағдайда АҚШ нысандарына соққы беруге уәде еткен болатын. АҚШ Ирак, Бахрейн және Кувейттегі дипломаттар мен әскери қызметкерлердің отбасыларын қауіпсіз жерге көшіре бастады. Сондай-ақ АҚШ Парсы шығанағындағы бірнеше әскери базасында әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейтті.
Израильдің Иранның ядролық және әскери нысандарына ауқымды соққы жасауы, әскери басшылары мен ғалымдарына шабуылы, Таяу Шығыстағы шиеленісті күрт ушықтырды. Бұның бәрі әлем тағы бір үлкен соғыстың алдында тұрғанын көрсетуде. Ядролық қақтығыс қаупі мен ірі соғыс өршу қаупі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Жаһандық державалар арасындағы тікелей немесе жанама қақтығыстардың ықтималдығы артып келеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.