in

Жолаушылар алғысы – ең үлкен марапат

Таң ала құзғы­нынан қала жұрты енді ояна бастағанда-ақ автобус жүргізушілері жолға шығып, күн батқанда соң­ғы жолаушыны жеткіз­ген­ге дейін тыным таппайды. 

Осындай қарапайым еңбек адамдарының бірі – Көкшетау қаласының тәжірибелі автобус жүргізушісі Бүркітбай Жүсіп­бе­ков. Жүргізушілікке келгеніне биыл тура қырық жылға жуықтап қалған, ол қанша ұсыныс болса да, мамандығын өзгертпей, ха­лық­қа қызмет етуді өмірлік ұста­нымына айналдырған.

Айыртау ауданының тумасы Бүркітбай аға әскерден оралған соң бірден Көкшетауға келіп, авто­бус паркінде еңбек жолын бас­тапты. D санатындағы дәре­же­лі жүргізуші куәлігін алған­нан кейін 1986 жылы үлкен қо­ғам­дық көліктің тізгіні сеніп тап­сырылған.

– Балалық шағымнан-ақ тех­никаға қатты қызығатынмын. Үл­кен автобусты жүргізу маған әр­қашан аса қызық әрі зор мәр­тебе болды. Бұрын жалақысы да жақсы, жолаушылар да ілтипатты еді. Сәлемін беріп, алғысын ай­тып шығатын жан өте көп бола­тын. Қазір заман өзгерді, адамдар да әртүрлі, бірақ мен ешқашан жолаушымен сөзге келмеймін, – дейді Бүркітбай Жүсіпбеков.

2000 жылдардың басындағы қаржылық қиындық кезінде бір жарым жылдық үзіліс болға­ны­мен, кейіпкеріміз қайтадан сүйікті ісіне оралып, «Бірлік» меке­ме­сінде электрші және жүргізуші қызметін қатар атқарыпты. Соңғы он бес жылдан астам уақыттан бері «Сейнұр» ЖШС автобус паркінде қажырлы еңбек етіп келеді. 

Бүгінде Бүркітбай Жүсіпбеков күн сайын №8 және №22 бағыт­тарында жұмыс істейді. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмыс күні өте ерте басталады. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда кейіп­ке­ріміз автобусын кезекті жұмыс күніне әзірлеп, жұмысын бастап кетеді. Автобус паркінде кейіп­керіміз еңбек ететін №8 бағытқа таңғы 06:55-те, №22 бағытқа тіпті 06.10-да жолға шығу қажет.

– Автобусты күн сайын өзіміз қарап шығамыз. Әрине, меха­ник­тер бар, бірақ көліктің жағдайын жүргізуші де толықтай білуге тиіс. Тіпті, өзіміз жуамыз, – дейді тә­жірибелі жүргізуші.

Бүркітбай Жүсіпбековтің ай­туынша, жолаушылар тасымалы саласында кадр тапшылығы аса қатты сезіледі.

– Бізде 30-40 пайыздан астам жүргізушілер – зейнет жасындағы кісілер. Жастар бұл салаға өте аз келеді. Айтатындары – жалақы кө­ңілден шықпайды және D санатын алу ұзақ әрі қиын. Бұл тек елімізде ғана емес, қазір шет­елде де байқалады. Кей әріп­тес­теріміз Чехия, Польшаға барып, сол жақта да автобус жүргізіп жүр, – деді ол.

Бүркітбай Жүсіпбеков биыл ме­рейлі 60 жасқа толмақ. Жанын­да – өмірлік жары, өрт сөндіруші болып қызмет ететін ұлы және сүйікті немерелері бар. Демалыс күндері бау-бақшаға қарап, азын-аулақ шаруамен де айналысады. 

Жылдар бойғы еңбегі үшін Бүр­кітбай Жүсіпбеков түрлі ме­ке­меден алғысхаттар мен грамоталар да алған. Бірақ ол үшін басты ма­рапат – жолаушылардың алғысы мен жылы сөзі. 

– Жолда әрдайым жасыл жа­рық жансын. Үйде – береке, ең­бекте – әділ бағалау, қалтада – жет­кілікті нәпақа болсын, – дейді Бүркітбай Жүсіпбеков.

Кейіпкеріміздің өмір жолы – адалдық пен еңбекқорлықтың, ма­мандыққа деген шынайы ма­хаббаттың айқын үлгісі.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы