Ал бүгінде әлеуметтік желіні мінберге айналдырғандар былапыт сөзді «өтімді контент құралы» еткенін байқауға болады. Бұл не: қоғам талғамының жұтағаны ма, әлде қаралым үшін әдептің ала жібін аттауға дайын жаңа мәдениеттің қалыптасқаны ма? Енді бұл мәселеге мемлекет назар аудармақ.
Былапыт сөз – назар аударту айласы
Виртуалды әлемнің ағынымен келген бүгінгі теріс трендтер қазақы талғамның сау-тамтығын қалдырмай, рухани құлдырауға апарып, ұлттың алтын бесігін шайқалтып, келер ұрпаққа кері тәрбие бермек. Бірақ тосқауыл қою үшін әлеуметтік желілерде, әсіресе жастар арасында балағат сөздің «сән мен шынайылықтың жаңа өлшеміне» айналуының себебін түсінген маңызды.
Психолог-практик Жібек Әмірхан бұл кесірлі үдерістің астарында үлкен әлеуметтік-психологиялық манипуляция жатқанын аңғарыпты. Оның пікірінше, кейінгі кезде блогерлердің, былайғы видео түсірушілердің сөгет сөзге шектен тыс еліктеуі – саналы түрде жасалатын эпатаж және назар аударту құралы екен. Сыпайы тілден гөрі былапыт сөзге толы видеолардың өтімді, қаралымды болуы адам психологиясындағы тыйым салынған нәрсеге деген қызығушылықты оятатын көрінеді.
– Әлеуметтік желіде адамның ар-ұжданына тиетін, әдепке, мәдениетке жат, тұрпайы лексика мен ұятсыз сөздердің көбеюі тіпті кездейсоқ құбылыс емес. Психология тұрғысынан алғанда, былапыт сөз эмоцияны күшейтіп, адамның назарын тез аударады. Әрине, онлайн-платформалардың алгоритмдері боқтық сөзді өткізбеуге тырысады. Бірақ бұл желінің бәрі – шетелдік, олар қазақтың қай сөзі балағат сөзге жататынын нақты түсіне бермейді. Мұның сыртында алгоритмдер көрерменде қандай да бір сезім, дау-дамай тудырып, шок әсерін беретін контентті белсенді таратады. Сондықтан сөздің нәшін келтіріп, мәнерлі әрі көркем тілде сөйлеген спикерге қарағанда боқтық араласқан видео көбірек қаралым жинауы мүмкін, – деді психолог.
Оның пайымдауынша, жаңа «трендтің» тағы бір себебі – әлеуметтік еліктеу. Танымал блогер өзге адамның ар-намысына тиіп, боқтап сөйлесе, сол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмаса, онда кейбір жас немесе сыни ойлауы кемшін аудитория мұнысын «батылдық», «крутойлық» деп қабылдайды, «ешкімнен қорықпайды, тірегі бар» деген жалған авторитет елесі қалыптасады.
Ж.Әмірхан тосын бір факторды алға тартты: халықаралық зерттеулер көрсеткендей, қазіргі кезде TikTok-тағы барлық видеоның, Reels бен YouTube Shorts-тардың 52%-ын жасанды интеллект жасайды. Бұл ретте ЖИ-ге боқтауға рұқсат етілмейді. Содан қазіргі жастар арасында видеода әдеби, таза тілмен сөйлеу «жасанды» көрініп, тек кейіпкер әлдекімді дөрекі сөзбен «бір сыбап алса» ғана «шынайы» деп қабылданатын қауіпті үрдіс таралып барады. Блогерлер бір жағынан соған сай болуға тырысса керек.
«Бұл құбылыстың зардабы зор. Былапыт сөз бара-бара адамның эмоционалды интеллектісі мен сөздік қорын жұтаңдатып, агрессияны күшейтеді. Әлеуметтік деңгейде қоғамның мәдени құндылықтары құлдырап, өскелең ұрпақтың тәрбиесі бұзылады. Балағаттаудың экономикалық салдары бар: қоғамдық орында немесе желіде балағат сөз айтқаны үшін ұсақ бұзақылық бабы шеңберінде қомақты айыппұл салынады не әкімшілік қамауға алынады. Оған қоса, беделіне дақ түсірмеу үшін салмақты серіктестер мен брендтер мұндай блогерлермен келісімшарттан бас тартып, табыстан айырады. Сөз еркіндігін мәдениетсіз сөйлеумен шатастырмау керек», – дейді маман.
Ұрпақ болашағына төнген қауіп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дөрекілік, балағаттау және агрессия үйреншікті құбылысқа айналып бара жатқанын және мәдениетті әрі өркениетті қоғамның бейнесіне мүлдем сай келмейтінін бірнеше рет атап өткен болатын. Сөйлеу мәдениеті жай тұрмыстық мәселе емес. Әңгіме қоғамдық мәдениетті, сөз қадірін сақтау, сондай-ақ «Заң мен тәртіптің» үстемдігі туралы. Бұл мәселе конституциялық құндылықтармен тікелей үндеседі. Конституция азаматтардың құқығы мен бостандығын ғана емес, сондай-ақ мәдениеттілік, жауапкершілік пен қоғамдық ынтымақтастық құндылықтарын да бекітеді.
«Адал азамат» тұжырымдамасы да дәл осы іргелі қағидаттарға құрылған: ол айналадағы адамға деген құрмет пен қарым-қатынас мәдениетіне сүйенетін, толысқан, кемел «Толық қоғамды» қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте Ата заңның 15-бабына сәйкес, адамның өз құқығы мен бостандығын іске асыруы басқа адамдардың құқығын бұзбауға, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның имандылығына нұқсан келтірмеуге тиіс.
Бұдан бұрын Астанада өткен «трансформациялық тренингтердің» бірінен түсірілген видео қоғамда резонанс тудырғаны мәлім. Онда адамдардың үлкен тобы «психологиялық ашылу практикасы» деген сылтаумен көпшілік алдында боқтық сөздерді қарша боратқан. Құзырлы органдардың хабарлауынша, осыдан кейін аталған іс-шараны ұйымдастырушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бірер мың теңге айыппұл төлеп құтылды.
Мұндай жабық жиындарға қатысу ақысы бірнеше жүз мың теңгеге дейін баратынын ескергенде, ұйымдастырушылар айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрмейді. Бұл проблема парламентшілерді де алаңдатады. Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, бұл тек бірреттік эпизод емес: әлдеқайда кең ауқымда белең алған.
– Әрине, кәсіби психологиялық практикада, оның өзінде тек жеке, оңаша жұмыс барысында әрі кейбір жағдайда ғана науқастың санасын селт еткізу үшін өткір сөз тіркестерін қолдануға жол беріледі. Десек те, бұқаралық көпшілік іс-шаралардың жөні мүлдем бөлек: жұртшылық алдында коучтар, әртістер, әзілқой стендапшылар, блогерлер және басқасы балағат сөз сөйлесе, оның әсері миллиондаған аудиторияға, соның ішінде балаларға кең таралады. Соның кесірінен іс жүзінде көпшілік алдындағы коммуникацияда әдеп шекараларының шайылуын бақылап отырмыз! Бейәдеп сөздер қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады, – деді депутат.
Ол кейбір танымал адамдар мұндай теріс мінез-құлық үлгісін төл субмәдениетінің элементі ретінде қолдануды әдетке айналдырғанын, мұндай тәжірибе бірте-бірте қоғамдық ортаның сөз мәнерін қалыптастырып жатқанын қынжыла жеткізді.
Тіл тазалығы – қоғамның темірқазығы
Мәжіліске жолдаған хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов те осы мәселені көтеріп, әлеуметтік кеселге тоспа құру бағытында не істеліп жатқанын айтып берді. Ол азаматтардың сөйлеу мәдениеті мен әдепті мінез-құлқын қалыптастыру үшін шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Премьер-министр бұрын өзгерістер енгізілген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлау мақсатында тиісу және айналасындағыларға сыйламаушылық білдіру және басқа да осыған ұқсас әрекеттер енді ұсақ бұзақылық деп танылатынын және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндірді.
Атап айтқанда, мұндай мінез-құлық 20 АЕК немесе 2026 жылы 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл салуға, не 20-дан 30 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға соқтырады.
Бұдан бөлек, биыл «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Ол ӘҚБтК-нің аталған 434-бабын толықтырады. Сол арқылы онлайн-платформаларда – желіде, мессенджерлерде боқтық сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізуді қарастырады. Заң жобасы 2026 жылдың маусым айында заң шығарушы органға енгізіліпті.
Бұдан бөлек, көпшілікке арналған тренингтерді, семинарлар мен лекцияларды ұйымдастырушылардың жауапкершілігі күшейтіліп жатқан көрінеді. 2026 жылдан бастап, кәсіби коучтардың біліктілігіне, құзыреттеріне, біліміне, дағдыларына және әдептік қағидаттарына қойылатын талаптарды белгілейтін №409 «Коучингтік қызмет (кәсіби коучинг)» кәсіби стандарты бекітілді.
Онда коучингтің 9 бағыты бойынша мамандықтар карточкалары көзделген. Соның ішінде коучтар өз біліктілігін жоғары білімінің болуымен, сертификаттаумен растайды. Заңнамалық деңгейде кәсіби коучингтік қызметті жүзеге асыру құқығын беретін ICF (International Coaching Federation), ACU (Association for Coaching University) сияқты халықаралық сертификаттардың болуы – міндет. Біліктілікті қолдау үшін коуч әр 3 жыл сайын кемінде 40 сағат кәсіби мамандандырылған коучингтік оқудан – үздіксіз кәсіби дамудан өтуге тиіс.
Олжас Бектеновтің мәліметі бойынша, кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде коуч кәсіби қауымдастықтың, федерацияның Коучтардың әдеп кодексін сақтауға және қызметтердің адалдық, тең құқылық пен кемсітпеушілік қағидаттарына сәйкес көрсетілуіне дербес жауап береді. Әдеп кодексін бұзғаны белгілі болса, мінез-құлқы дау-жанжал туғызса, ары қарай бұл кәсіппен айналысуына рұқсат етілмеуі мүмкін.
Үкімет қоғамдық орындарда былапыт сөздер қолданудың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына кірісті. БАҚ-та 4 782 ақпараттық материал жарияланды: республикалық телеарналарда – 55; өңірлік телеарналарда – 277; республикалық мерзімді баспасөзде – 42; өңірлік мерзімді баспасөзде – 279; интернет-ресурстарда – 720; әлеуметтік желілерде – 3409 жарияланым.
Өңірлерде жастар саясаты саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 200-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Мектептерде, колледждер мен ЖОО-ларда жүйелі тәрбие жұмысы жүргізіледі, онда жастарда кәсіби әдепті қалыптастыруға, мәдени білім алу мен өзін-өзі дамытуға баса назар аударылады.
Қоғамдық орта мен виртуалды әлемдегі былапыт сөз тасқынына бөгет болу үшін мемлекет заңнаманы қатайтып, қоғамдық орындарда ғана емес, онлайн-платформаларда да балағат сөз қолданғандарды тәртіпке келтірмек. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» мен «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында білім беру ошақтарында, БАҚ пен желілерде тіл тазалығы мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі тәрбие жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек.
Айхан ШӘРІП