in

«Жасыл ел»: тәжірибе алаңы

Қала әкімдігі мен «Жасыл ел» бағ­дарламасының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба жазғы мау­сым­дық жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Бұл бастама жастардың еңбекке араласуына жағдай жасап, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруды мақсат еткен. Сонымен қатар жоба арқылы Шымкент қаласын көгалдандыру, абаттандыру және тазалық сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу көзделуде.

«Жасыл ел» – Қазақстан жастарының патриоттық рухын көтеруді және еңбекке баулуды мақсат тұта­тын республикалық бағдарлама. 2005 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан бұл бағдарламаға жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен он мыңдаған жас қатысып келеді. Шымкент қаласы да бұл бастамадан шет қалған жоқ. Жыл сайын жаз мезгілінде қала жастары көше мен саябақтарды тазалап, ағаш отыр­ғызып, гүлзарларды күтіп-баптау секілді жұмыстарға белсене қатысады. Жастар үшін бұл тек табыс көзі емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік пен қаланы сүюдің бір көрінісі болып табылады.

Маусымдық жұмыс орындары негізінен төрт негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады. Олардың қатарында  аулаларды ретке келтіру, қоғамдық орындарды тазалауды ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстар бар. Сонымен қатар көгалдандыру шарасы аясында ағаштар отырғызылып, гүлзарлар орнату, ағаштарды сурау жұмыстары жүреді. Ал абаттандыру барысында кіші архитектуралық формалар орнатыл­ып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бағдарлама аясында жастар қаланың санитарлық тазалығына да үлес қосады.

Аталған жұмыстар Шымкент қаласының төрт ауданында – Абай, әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында жүргізіледі. Жастардың жұмыс істеуіне барлық қажетті құрал-жабдықтар мен қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Қатысушы­ларға заңға сәйкес еңбекақы төленіп, еңбек кітап­шасына жазбалар енгізіледі. Бұл олардың болашақ­тағы жұмыс іздеу кезінде қосымша артықшылық болады.

Бұл жастар үшін тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер алаңы болып отыр. Жобаның тағы бір артықшылығы еңбекке араласу арқылы жастардың әлеуметтік дағ­ды­ларын жетілдіруге, жаңа достар табуға және бола­шақ мансабына қажетті тәжірибе жинақтауға мүм­кін­дік алуы. Бұл олардың бос уақытын мақсатты әрі пайдалы өткізуіне сеп болады.

– «Биыл алғаш рет осындай жобаға қатысып отырмын. Қала тазалығына үлес қосу өзім үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Жұмыстың ауырлығына қарамастан, осындай бастама жастарға үлкен мүмкіндік береді», – дейді қатысушылардың бірі, 19 жастағы студент Ержан Әбдіқадыров.

Жобаға қатысқысы келетін жастар өздерінің аудандық Жастар ресурстық орталықтарына немесе Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқарма­сына тікелей хабарласа алады. Қатысу үшін жастар­дың жасы мен жұмыс істеуге қабілеті ескеріледі. Құжат тапсыру кезінде жеке куәлік, студенттік билет (бар болған жағдайда), мекенжай анықтамасы қажет болуы мүмкін.

Жоба тек қала тазалығын сақтауға бағытталып қана қоймай, жастардың бойына еңбекқорлық, ұқып­тылық пен ортаға деген жанашырлықты қалып­т­астыруға негізделген. Еңбекке ерте жастан аралас­қан азаматтардың болашақта кәсіби мансабына деген көзқарасы қалыптасып, белсенді азаматтық ұстанымы артады.

Шымкент қаласының әкімі, сондай-ақ жастар саясатына жауапты мекемелер бұл жобаның алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатынын мәлімдеді. Жаңа форматтағы еңбек топтары, ерік­тілер қозғалысы және экологиялық акциялар арқы­лы қала жастарының белсенділігі артып, қоғам­дық жұмыстардың ауқымы кеңейе түспек. Жазғы мау­сым­дық жұмыс орындары жастар үшін табыс табу­мен қатар, өз қаласына деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеуге берілген үлкен мүмкіндік. Мұндай жобалар жастардың дамуына, ел болашағына ин­вестиция екені сөзсіз.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы