Алайда соңғы жылдары осы тыныштықты бұзып, бүкіл елді дүрліктіретін ерекше сипаттағы қылмыстың бірі – жалған терроризм, яғни террорлық актілер туралы жалған хабарлар беру әрекеттері жиілеп кетті. Бұл құқық қорғау органдарының ғана емес жалпы тұтас мемлекет үшін аса зор қауіп төндіретін, алаңдатарлық мәселеге айналып отыр…
Мұндай оқиғалар – жай ғана біреудің қателігі немесе бірсәттік ойын емес, бүтін қоғамға қауіп төндіретін ауыр құқықбұзушылық. Кез келген жалған ақпарат – ол бейқам отырған халықты дүрліктіріп, шұғыл қызметтерді негізсіз жұмылдырып қана қоймай, ең бастысы – шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға дер кезінде жетуге кедергісін келтіреді. Бұл – жай ғана әзіл емес, өте қауіпті әрекет екенін түсіну оны кейінгі буынға да жеткізудің маңыздылығы жоғары.
Жалған терроризм дегеніміз не?
«Жалған терроризм» – бұл террорлық акт жайлы алдын ала жалған ақпарат тарату. Көп жағдайда мұндай хабарламалар телефон арқылы, мессенджерлер немесе әлеуметтік желілер арқылы таратылады.
Оқиға орнына арнайы қызметтер дереу аттанады, мекеме немесе нысан эвакуацияланып, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды – сөйтіп, тұтас қала жүйесінің жұмысы бір-ақ сәтте астаң-кестеңі шығады. Жағдай ушығып кетпесе де, оның экономикалық, моральдық, тіпті стратегиялық зардаптары аса орасан екені көпшілік біле бермеуі де мүмкін.
Ең сорақысы, дәл осы уақытта шынайы көмекке мұқтаж бір адамға полиция, жедел жәрдем немесе құтқару қызметі дер кезінде жете алмай қалуы ғажап емес.
Жас талғамайтын жауапкершілік
Көпшілік үшін таңсық болуы мүмкін, бірақ жалған терроризм үшін заң алдында 14 жастан бастап жауапкершілік қарастырылған. Яғни, мектеп жасындағы жеткіншектің өзі де қылмыстық жауапқа тартылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, террорлық акт туралы жалған хабар бергені үшін 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл (бүгінгі мөлшермен 18,4 млн теңге), сонымен қатар дәл осы көлемде түзету жұмыстары және бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған.
Мұнымен қоса, заң аясында келтірілген нақты шығын көлемін өтеу міндеті де сот арқылы тағайындалады. Ал бұл сома кейде бірнеше ондаған миллион теңгеге дейін жетіп жататынын атап өткен жөн.
Қоғамға тигізер зияны қандай?
Жалған террористік әрекеттердің жиі нысанасына ілінетін орындар – мектеп, сауда орталықтары, вокзалдар мен әуежайлар, яғни адам көп шоғырланған аймақтар екені рас. Мұндай ақпарат тараған сәттен бастап шұғыл қызметтер іске кірісіп, жүздеген, кейде мыңдаған адам қауіпсіз аймаққа көшіріледі.
Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықовтың айтуынша, мұндай жалған хабарламалар – тек арнайы органдардың жұмысын тежеумен шектелмейді.
– Жалған террористік акт жасалатыны жайлы жалған хабарламалар тарату мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық орындардың қызметін тоқтатып, азаматтардың үрейін күшейтеді. Тіпті, бір кезде қоғам шын қауіптің алдында тұрса, оған ешкім мән бермей қалуы мүмкін. Сондықтан бұл әрекет тек құқықбұзушылық емес, қоғамдық санаға шабуыл, – дейді Руфат Құттықов.
Ресми дерекке сүйенсек, ірі қаладағы вокзалдың бір сағаттық эвакуациясы 1 миллион теңгеге дейін, ал сауда орталықтарының уақытша жабылуы бірнеше миллион теңге шығын келтіруі мүмкін. Бұл шығындардың барлығы жалған хабар таратушының мойнына артылады.
Қателіктің соңы – өкініш
Осындай жағдайдың нақты мысалын Ақмола облысынан көруге болады. Былтырғы жылдың 4 қаңтарында Ерейментау ауданында мас күйінде жүрген П. есімді азамат «102» нөміріне қоңырау шалып, бомба қойылғаны жөнінде жалған хабар таратқан. Тиісті қызметтер бірден әрекет етіп, қауіпті аумақ қоршалды. Алайда ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Қасақана жасалған әрекеті үшін азамат Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бостандығы шектелді. «Мұндай болады деп ойламадым», «жәй қызық үшін жаза салғанмын» деген сияқты сылтаулар ауыр жазадан құтқармайды.
Бейбіт күннің тыныштығын бірге қорғайық
Жалған терроризм – қоғамдағы сенімді бұзатын, адамдардың сана-сезімін тұмшалайтын және ең бастысы, тыныш өмірімізге тікелей қауіп төндіретін әрекет болатыны ақиқат. Сондықтан мұндай қылмыстың алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір саналы азаматтың міндеті.
Облыс прокуроры бұл орайда бірінші кезекте ата-аналардың өз балаларына кішкентай кездерінен мұндай әрекеттің заң алдындағы үлкен жауапкершілік екенін түсіндіріп отыруы қажет деп есептейтінін жеткізді.
– Ата-аналар балаларына мұндай қылмыстың салдарын ашық әрі түсінікті түрде түсіндіруі қажет. Әсіресе, әлеуметтік желіде, интернетте белсенді жасөспірімдер өз әрекеттеріне жауап беретінін білуі керек. Бейбіт күнде үрей туғызу – ауыр қылмыс. Ал қоғамдық қауіпсіздік – бәрімізге ортақ жауапкершілік, – деп түйіндеді Руфат Бауыржанұлы.
Ақмола облыстық прокуратурасының ресми мәліметінше, тек соңғы екі жылда ғана Ақмола облысында 16 жалған терроризм оқиғасы тіркелген (2024 ж. – 9, 2025 ж. – 7). Абырой болғанда, олардың бәрі жалған болып шыққан. Бірақ бұл – ертеңгі күні шынайы қатерге мән бермей қалудың да алғышарты болуы мүмкін екенін ескерген абзал.
P.S.
Тыныш өмірдің қадірін қауіп төнген сәтте түсінеміз. Сол үшін ел ішінде бейберекет үрей туғызатын, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттың таралуына қарсы бәріміз жұмыла әрекет етуіміз керек. Заңнан да бұрын ар алдындағы жауапкершілік бар.
Ойнап айтылған жалған сөздің артында бүтін бір елдің қауіпсіздігі тұрғанын естен шығармалық…
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы