Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі» деп дәл айтқан. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 14 наурызда Ұлттық құрылтайдың IV отырысында осыған екпін түсіріп, тәрбие мәселесіне мән берді. Президент «Адал азамат» атты біртұтас тәрбие бағдарламасын енгізуді ұсынды.
Бұл тапсырма жаңа 2025-2026 оқу жылында толыққанды жүзеге аспақ. Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев мұның «өте маңызды құжат болатынын» мәлімдеді.
– Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Біліммен қатар, тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс, – деді ел Президенті.
Бұл бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынған Қ.Тоқаев оның аясындағы тәрбие жұмысы әрбір баланы қамтуы қажетін, сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болатынын атап өтті. Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйектен елдің барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылатынын жария етті.
«Жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымында, соның ішінде жекеменшік мектептерде тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі. Бұл – бұрын жүзеге асқан «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы. Мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген», – деп хабарлады ведомство.
Бағдарламаның үйлестірушісі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мәліметінше, Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен бағдарлама жаңа атауда қайта бекітілді. Оның мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтарды тәрбиелеу.
«Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты, серіктестікті нығайтуға бағытталады. Алғаш рет бұл бағдарлама жекеменшік мектептер үшін де міндетті болмақ. Бұл тәрбие жұмысының елдің барлық бұрышында бірыңғай стандартпен жүргізілуіне және бүкіл оқушы үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА.
Барлық мектеп үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленеді. Соның негізінде мемлекеттік және жекеменшік білім ордаларының ішкі (интерьері) және сыртқы келбеті (экстерьері) жаңаша безендіріледі: олар қазақы нақыштармен көмкеріліп, ұлттық тәрбие құндылықтары мен ұлттық мәдениетті бейнелейтін ортаға айналуға тиіс.
– Тәрбие жұмысына қатысатын барлық тараптың іс-әрекетін үйлестіруге, қоян-қолтық жұмыс істеуіне ерекше көңіл бөлінеді. Мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдардың, құқық қорғау, денсаулық сақтау, төтенше жағдай, ішкі саясат саласындағы құрылым-қызметтердің өзара тығыз іс-қимылына құрылады, – деді академиядағылар.
Әрбір ай үшін белгіленген тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды бір-бірімен қисынды сабақтастырады. Мысалы, әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сияқты құндылықтарға негізделген тақырыптар мектеп пен одан тыс тәрбие процесінің өзегіне айналмақ. Мектептердегі оқу процесіне «Өнегелі 15 минут», ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізіледі. Мемлекеттік және жеке мектептердегі сабақтар арасындағы үзіліс қоңырауы қазақтың күй әуенімен ауыстырылады.
– Оқушының білім ұйымының қабырғасынан тыс өмірлік тәжірибесін байытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Сабақтан тыс тәрбие жұмыстары жүйеленіп, 6 ірі жоба жалғасады. Бұлар: «Қамқор» (экология және волонтерлік), «Еңбегі адал – жас өрен» (еңбекке баулу және мамандыққа бағдар), Smart Bala (IT және инновациялық ойлауды қолдау), «Шабыт» (өнер мен мәдениет арқылы рухани даму), «Ұшқыр ой алаңы» (пікірсайыс пен зияткерлік ойындар), «Балалар кітапханасы» (оқу сауаттылығы мен кітап мәдениетін дамыту), – деді министрлік өкілдері.
Мұның сыртында «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» сияқты профилактикалық жобалар жалғасын табады. Олар буллингтің, құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ балалар арасындағы басқа да қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан соңғы жылдары министрлік білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударып, педагогтер мен ата-аналарды өскелең ұрпақты адал азамат ретінде қалыптастыруға жұмылдыру ісіне баса мән беріп отырғанын айтты.
Осы мақсатта министрлікте жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруға тікелей жауапты Тәрбие ісі жөніндегі департамент құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы 2023 жылы пилоттық режимде енгізілді. 2024 жылы мазмұны толықтай жаңартылып, барлық білім беру ұйымында іске асырыла бастады. Енді жаңа атау алып отыр. Яғни, білім ордаларындағы тәрбие жұмыстарын бір жүйеге түсіру бағытында нақты бетбұрыс жасалды.
– Еліміздегі 20 мыңға жуық балабақша, 7 мыңнан аса мектеп және 700-ден аса колледж жаңа тәрбие бағдарламасын іске асырады. Бағдарламаның өзегі «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеологиялық үштағанымен астасып жатыр. Оның мазмұны ел Президенті атап көрсеткен, ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын алты құндылыққа сәйкес жүйеленген, – деді Е.Оспан.
Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақовтың мәліметінше, бағдарламаның негізгі тетігі – күнделікті, апта және ай сайын жүйелі іске асырылатын қадамдар. Мысалы, білім алушылардың үзіліс кезіндегі бос уақыты асық, тоғызқұмалақ, бес тас ойнату арқылы ұйымдастырылады. Мектептің ішкі кеңістігі құндылықтарды айшықтайтын бейнелермен, пайдалы мәліметтермен, нақыл сөздермен безендіріледі.
– Әр оқу аптасын Әнұранмен бастау – тәуелсіздік пен отаншылдық рухын бекемдейді. Апта дәйексөздері білім алушыларды нақты құндылықтарға үндеп, сабақтан тыс уақыттағы әрекетін соған бағдарлайды. Әр сынып сағатының 10 минуты оқушылардың жеке қауіпсіздігіне арналып, «Қауіпсіздік сабақтары» аясында техногендік және табиғи апаттардан, интернеттен, нашақорлықтан, басқасынан төнетін қатерлерден қорғану дағдыларын дамытады. Ай сайын зиянды әдеттердің алдын алу шаралары ұйымдастырылады», – деді Е.Қалмақов.
«Балалар кітапханасы» білім алушылардың оқу сауаттылығы мен оқырмандық мәдениетін өркендетіп, рухани кемелдікке бастайтыны айтылды. Оның аясында жас оқырмандарға ұсынылатын 2,6 мыңға жуық кітап іріктеліп, тізімі бекітілді. Бүгінде бұл тізімге сай кітапхана қоры толықтырылып жатыр. Бағдарлама шеңберінде мектеп кітапханасының қорын жыл сайын 2 млн данаға көбейту көзделіпті.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – еліміздің әрбір мектебінде біртұтас тәрбиелік орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Тәрбие лайықты жүрсе, жас ұрпақ адал, парасатты, әділетті әрі жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасып, Қазақ елін жаһандық жаңа белестерге шығаратын күшке айналады.
Елдос СЕНБАЙ