in

Адамзат тарихында алғаш рет Күннің бетіне жақындап, суретке түсірді

BGR сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz , ғарыш аппаратының Күнді жақын қашықтықтан қалай түсіре алғанын түсіндіреді.

Parker Solar Probe 6 миллион шақырымнан Күн атмосферасының көптеген суретін түсірді. Иллюстрация hub.jhu.edu сайтынан алынды. Авторлығы: NASA / Johns Hopkins APL / Steve Gribben

2018 жылы ұшырылған сәттен бастап, NASA Parker Solar Probe зондын  Күнге біртіндеп жақындатып келеді. Адам қолымен жасалған ең жылдам нысан ретінде танылған бұл зонд бірнеше рекордты жаңартты. Енді NASA осы аппараттың көмегімен адамзат тарихындағы Күннің ең жақын суреттерін түсіруге қол жеткізді.

Ұшырылған күннен бері жыл сайын Parker Solar Probe Күн жүйесінің орталығындағы басты жұлдызға барған сайын жақындап келеді. Бұған дейін зонд Күнге тікелей «тиген» болатын.

Ал желтоқсанда ол тіпті одан да жақын ұшып өтті. Жұлдыздың бетіне небәрі 6 миллион шақырым қалған. Осы тарихи жақындасу кезінде зонд Күн атмосферасының көптеген суретін түсірді.

Қазіргі уақытта зонд іс жүзінде Күннің тәжінің (корона) ішінде ұшып жүр. Ол Күнге тиген және еш қиындықсыз өз миссиясын жалғастыруда. Бұны адамзаттың тапқырлығы мен инновациялық жетістіктері деп қана бағалауға болмайды. Зондтың Күнге жақын қашықтыққа баруы бізді қоршаған ғалам туралы көбірек білуге деген ерекше ұмтылысымызды да көрсетеді.

Күнді мүмкіндігінше жақыннан зерттеудің көптеген маңызды себебі бар. Ең бастысы – бұл оның өзгермелі белсенділігін тереңірек түсінуге көмектеседі.

Parker зондының табысты миссиясынан күтілетін басты үміттердің бірі – Күн атмосферасын жақсырақ зерттеу мүмкіндігі. Бұл бізге тәждегі массалардың лақтырылуы (CME), күн жарылыстары және басқа да құбылыстарды болжаудың жаңа тәсілдерін табуға септігін тигізуі мүмкін. 

Осындай зерттеулер күннің қауіпті жарылыстарының салдарын азайтып, тіпті болашақта Күннің аса қуатты энергиясынан қорғанудың тиімді әдістерін жасауға көмектесуі ықтимал. Бұл Жердің магнит өрісінен тыс ұшатын кез келген ғарыш аппараты үшін өмірлік маңызы бар жаңалық.

Жаңа суреттер Parker зондындағы кеңбұрышты жылукамераның (тепловизор) көмегімен түсірілді. Бұл құрал Күн маңындағы нысандарды бейнелеуде өте пайдалы болып шықты. Жылукамера ғарышты адамның көзіне көрінетін жарық аясында түсіреді. Яғни, суреттегі бейнелерді қате түсіндіру мүмкіндігі мүлде жоқ.

Оны ерекше тиімді ететін тағы бір ерекшелігі – камера Күнге тікелей бағытталмаған. Оның орнына кеңбұрышты жылукамера Күннен тараған материалды тіркейді. Бұл ғалымдарға бүкіл Күн жүйесін толтырып тұрған күн желісінің пайда болуын егжей-тегжейлі зерттеуге де мүмкіндік береді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.