CNBC хабарламасына сүйенген Aikyn.kz үлкен айыппұлдың себептерін талдайды.
Илон Маск Tesla-ның автономды басқару жүйелері роботакси қызметін атқаруға жеткілікті деңгейде екенін мәлімдеген. Фото teslaoracle.com сайтынан алынды
Майамиде алқабилер Tesla компаниясын 2019 жылы автопилотпен болған жол апатына ішінара жауапты деп танып, қаза тапқан адамның отбасына және аман қалған зардап шегушіге 329 миллион доллардың бір бөлігін өтеуге шешім шығарды. Сот шешімі бойынша айыпталушылар 129 млн доллар көлеміндегі өтемақы мен 200 млн айыппұл төлеуге міндетті.
Алқабилер Tesla-ны жол апатына 33% жауапты деп тапқан. Яғни, көлік компаниясы шамамен 42,5 млн доллар өтемақы төлеуі керек. Мұндай жағдайларда айыппұл әдетте өтемақының үш есе көлемінен аспайды.
Жәбірленуші тараптың қорғаушылары CNBC арнасына жұма күні (1 тамыз) берген сұхбатында айыппұл тек Tesla-ға қатысты болғандықтан, компания 200 млн доллардың барлығын төлеуге тиіс екенін айтуда. Сонда компания 242,5 млн доллар төлеуге тиіс. Tesla бұл шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді.
Жәбірленуші тараптың қорғаушылары алқабилерден 345 млн доллар көлемінде өтемақы төлеуді сұраған. Сот процесі Флорида штатының Оңтүстік округінде 14 шілдеде басталған болатын.Істің мәні – апатқа кім кінәлі екендігі туралы. Tesla иесі Джордж Макги 2019 жылы Ки-Ларго қаласында Model S электрокөлігін жетілдірілген автопилот (Enhanced Autopilot) режимінде жүргізіп келе жатқан. Бұл – жартылай автоматтандырылған басқару жүйесі.
Жол жүріп келе жатып, Макги ұялы телефонын түсіріп алып, оны алмақ болған. Сотта ол Enhanced Autopilot жүйесі алдында кедергі болса, өзі тоқтайды деп ойлағанын айтқан. Алайда көлік сағатына 100 км жылдамдықпен жүріп келіп, жол шетінде тұрған бос көлік пен оның иелеріне соғылған.
22 жастағы Найбель Бенавидес оқиға орнында көз жұмады. Оның денесі соғылған жерден шамамен 23 метр қашықтан табылған. Оның жігіті Диллон Ангуло аман қалады, бірақ ол көптеген мүшелері сынып, бас-ми жарақатын алған.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Бретт Шрайбер былай дейді: «Tesla автопилотты тек автомагистральдерде қолдануға жасаған. Бірақ бұл мүмкіндікті басқа жолдарда шектеуге әдейі шешім қабылдамаған. Сонымен бірге Илон Маск автопилот адамдардан жақсы жүргізеді деп бүкіл әлемге мәлімдеді. Tesla-ның бұл жалған уәделері жолдарымызды олардың толық жетілмеген технологияларын сынау полигонына айналдырды. Бұл – Найбель Бенавидес пен Диллон Ангуло секілді қарапайым америкалықтардың өмірін қауіпке тігу».
Tesla: «Бүгінгі сот үкімі қате және ол автокөліктердің қауіпсіздігін төмендетеді. Фото habr.com сайтынан алынды
Tesla-ның осы сот үкімі бойынша CNBC-ге берген жауабы мынадай болған:
«Бүгінгі үкім қате және ол автокөліктердің қауіпсіздігін төмендетеді. Tesla мен осы саладағы өмірлік маңызы бар технологияларды дамыту мен енгізу бойынша күш-жігерге қауіп төндіреді. Біз сот процесінде жіберілген елеулі заңбұзушылықтар мен қателіктерге байланысты шағым түсіруді жоспарлап отырмыз.
Алқабилер 2019 жылғы қайғылы апат үшін жүргізушіні басты кінәлі деп тапса да, дәлелдер жүргізушінің кінәсі жылдамдықты арттыруда және газ педалінде аяғын ұстап, жолға қарамай телефон іздеуде екенін көрсетті. Автопилот осы сәтте тоқтап қалған. Айта кету керек, 2019 жылы және қазіргі кезде де ешбір көлік мұндай апатты болдырмауға қабілетті емес.
Мұнда әңгіме автопилот туралы емес. Бұл – жәбірленуші тараптың адвокаттары ойлап тапқан тұжырым, олар көлікті кінәлады, бірақ жүргізушінің өзі басынан-ақ жауапкершілікті мойнына алған болатын».Бұл үкім Tesla бас директоры Илон Маск инвесторларды компаниясының жүргізушісіз көлік саласының көшбасшысы бола алатынына сендіруге тырысып жатқан сәтте шықты. Ол Tesla-ның жүйелері АҚШ-та қоғамдық жолдарда роботакси қызметін іске қосуға жеткілікті деңгейде қауіпсіз деп мәлімдеген еді.
Жұма күні (1 тамыз) Tesla акциялары 1,8%-ға төмендеді. Жыл басынан бергі құлдырау 25%-ға жетті. Бұл – ірі технологиялық компаниялар арасындағы ең үлкен төмендеу.
Үкім Tesla-ға қарсы автопилотпен байланысты басқа да істерге үлгі болуы мүмкін. Қазірде автопилот немесе Tesla-ның толық автономды басқару жүйесін (FSD) пайдалану бірқатар өлім немесе жарақатпен аяқталған жағдайлар бойынша сот орындарында оншақты іс қаралуда.
2021 жылы АҚШ-тың Жол қауіпсіздігі ұлттық басқармасы (NHTSA) Tesla-ның автопилот жүйесінде ақаулар болуы мүмкін деген күдікпен тергеу бастаған. Тергеу барысында Tesla бірнеше сымсыз бағдарламалық жаңартулар енгізді.
Кейін агенттік екінші тергеуді бастап, автопилоттың жүріп келе жатқан шұғыл қызмет көліктеріне қатысты әрекеттерінің тиімділігін бағалауға кіріскен. Бұл тергеу әлі де жалғасуда.
Сондай-ақ, NHTSA Tesla-ның әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы жүргізушілерді олардың көліктері роботакси ретінде жұмыс істей алады деп адастыруы мүмкін деп ескерткен. Ал іс жүзінде пайдалану нұсқаулығында көлікті басқару үшін қолмен басқару және жүргізушінің тұрақты назары қажет екені жазылған.
TeslaDeaths.com сайтының мәліметінше, Tesla автокөліктерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары салдарынан кемінде 58 өлім тіркелген. Олардың барлығында да автопилот апатқа дейін қосылып тұрған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.