Жарлықта Үкіметке бірнеше нақты мерзім бекітілген. Соған сәйкес, 1 шілдеге дейін 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдануы керек. Ол құжатта дербес оқыту тетіктері, цифрлық инфрақұрылым, мұғалімдерді даярлау, оқушылардың дербес деректерін қорғау секілді мәселелер қамтылады. Яғни, сөз тек чат-бот немесе автоматты тексеру жүйелері туралы емес, мектептің ішкі жұмыс логикасын жаңа технологиямен байланыстыру жайында болып отыр.
Соңғы күндері бұл бастама қоғамда қызу талқылана бастады. Әсіресе, ауыл мен қала мектебі арасындағы айырмашылықты азайту мәселесі көп айтылуда. Президент Жарлығында да осыған арнайы тоқталған. Үкіметке Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фудің ұсынымдарын пайдаланып, пилоттық жобаларды іске қосу тапсырылды. Бұл бағыттағы ұсыныстар 1 маусымға дейін әзірленуге тиіс.
Қазірдің өзінде мектептердің техникалық мүмкіндігі негізгі мәселелердің біріне айналып отыр. Жарлықта 1 тамызға дейін пилоттық жобаға қатысатын мектептер жоғары жылдамдықтағы интернетпен және қажетті техникамен қамтамасыз етілуі қажет екені көрсетілген. Бұл талап бекер емес. Өйткені жасанды интеллектіге негізделген жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі үшін интернет сапасы шешуші рөл атқарады. Әсіресе, шалғай ауылдарда бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ.
Тағы бір маңызды мәселе – академиялық адалдық. Кейінгі жылдары әлемде оқушылар мен студенттердің генеративті AI көмегімен эссе, тапсырма, реферат жазуы көбейгені жиі айтылып жүр. Қазақстан да бұл мәселеден тыс қалмайды. Сондықтан жарлықта 1 қыркүйекке дейін білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттарын бекіту міндеті қойылды. Онда оқу нәтижелерін бағалау, AI құралдарын пайдалану шегі және академиялық адалдық кепілдіктері қарастырылуға тиіс.
Құжаттағы тағы бір маңызды тұс – мұғалімнің рөліне қатысты ұстаным. Жарлықта жасанды интеллект педагогты алмастыратын жүйе ретінде емес, оның жұмысына көмектесетін қосымша құрал ретінде қарастырылатыны анық жазылған. Осыған байланысты мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына арналған арнайы жоспар да қабылданбақ.
Шынында да, жасанды интеллектіні мектептерге енгізу оқушылардың білім сапасын арттыруға қалай көмектеседі? Qazaq Expert Club білім берудегі эксперті Бахытжан Дүйсенова бұл туралы бүгінде жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу төңірегінде түрлі пікір барын айтады. Алайда халықаралық және қазақстандық құжаттардың басым бөлігі мынадай маңызды ойды нұсқайды: мәселе ЖИ-дің өзінде емес, оны қалай және қандай мақсатта қолдануда.
– Егер жасанды интеллект жүйелі, педагогикалық тұрғыда сауатты және саналы қолданылса, ол білім сапасын арттырудың қуатты құралына айнала алады. Қазақстанның 2025 жылғы «Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің ұлттық моделінде» AI құралдарын оқу процесіне кезең-кезеңімен енгізу, академиялық адалдықты сақтау және мұғалімдердің кәсіби даярлығын күшейту негізгі бағыт ретінде белгіленген, – дейді маман.
Себебі ЖИ ең алдымен оқытуды дербестендіруге мүмкіндік береді. Әр оқушының оқу қарқыны, түсіну деңгейі мен қажеттілігі әртүрлі. Сондықтан да мұғалім бір сыныптағы 25-30 оқушыға бірдей деңгейде жеке қолдау көрсете алмайды. Ал маманның пайымынша, AI құралдары оқушының әлсіз тұстарын анықтап, оған бейімделген тапсырмалар мен түсіндірулер ұсына алады. OECD Digital Education Outlook 2026 есебінде генеративті AI нақты педагогикалық мақсатпен қолданылған жағдайда оқу нәтижесін жақсартуға ықпал ететіні айтылған.
– Сонымен қатар қазіргі оқушылар цифрлық ортада өсіп келе жатқандықтан, мектеп олардың өмір сүріп отырған технологиялық шындығынан бөлек болмауы керек. Керісінше, мектеп оқушыны ЖИ-ді дұрыс қолдануға, ақпаратты тексеруге, сыни ойлауға және жауапкершілікпен пайдалануға үйретуге тиіс. UNESCO-ның 2025 жылғы құқыққа негізделген AI және білім беру есебінде де басты акцент технологиядан қорқу емес, оны қауіпсіз әрі этикалық қолдану мәдениетін қалыптастыру екені көрсетілген. Эстонияның Білім және зерттеу министрлігі жариялаған AI Leap 2025 бастамасы – Қазақстанмен салыстыруға өте ыңғайлы ресми кейс. Бағдарлама 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 10-11 сыныптағы 20 мың оқушы мен 3 мың мұғалімге әлемдегі жетекші AI қолданбаларына тегін қолжетімділік беруді, ал 2026 жылы кәсіптік мектептер мен жаңа 10-сыныптарды қосып, тағы 38 мың оқушы мен 2 мың мұғалімді қамтуды жоспарлайды. Эстония бұл жобаны мұғалім даярлығымен қатар іске қоса отырып, AI-ды «тыйым салынатын зат» емес, мектептің өзі басқаратын құрал ретінде қарастыра-ды, – дейді Бахытжан Дүйсенова.
Бұл жоба ауыл мектептері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол аша ма? Сарапшы бұл тұрғыда қала мен ауыл арасындағы білім айырмашылығын азайтуға мүмкіндік пайда болатынын айтады.
– Қазақстан жағдайында ЖИ-дің ең үлкен әлеуметтік әсері ауыл мектептерінде байқалуы мүмкін. Себебі еліміздегі мектептердің шамамен 70%-ы ауылдық жерде орналасқан. Сонымен қатар PISA-2022 ұлттық есебінде қала мен ауыл арасындағы білім айырмашылығы әлі де жоғары екені көрсетілген: оқу сауаттылығында айырма 37 балл, жаратылыстануда 26 балл болған. ЖИ бұл мәселені толық бірден шешпесе де, айырмашылықты азайтуға көмектесе алады. Мысалы, ауыл мұғалімі қаладағыдай үлкен әдістемелік ресурстарға немесе тар бейінді мамандарға әрдайым қол жеткізе алмайды. Ал AI құралдары сабақ жоспарын дайындауға, сараланған тапсырмалар құрастыруға, визуалды материалдар жасауға және көптілді контент әзірлеуге көмектеседі. Бұл әсіресе шағын жинақты мектептер үшін маңызды, – дейді ол.
Бірақ маманның сөзінше, мұнда мынадай маңызды мәселе бар: ЖИ өздігінен нәтиже бермейді. Егер мұғалім оны тек дайын жауап шығаратын құрал ретінде қолданса, онда сапаға әсері аз болады. Ал егер педагог ЖИ-ді әдістемелік тұрғыда дұрыс қолдануды үйренсе – мысалы, оқушыға бейімделген тапсырма жасау, сыни ойлау сұрақтарын әзірлеу, кері байланыс беру немесе зерттеу жобаларын ұйымдастыру үшін пайдаланса – онда оның әсері әлдеқайда жоғары болады. Сондықтан негізгі инвестиция технологияның өзіне емес, мұғалім даярлығына салынуы керек.
– Қазіргі мектептегі ең үлкен мәселелердің бірі – мұғалімнің шамадан тыс жүктемесі. Көп уақыт қағазбастылыққа, тапсырма тексеруге, есеп толтыруға және материал дайындауға кетеді. ЖИ осы техникалық жүктемені азайтып, мұғалімге оқушымен тікелей жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. 2026 жылғы ChatGPT Edu пилоты туралы ресми хабарламада AI құралдарының сабақ жоспарын бірнеше минутта дайындау, тест пен тапсырма құрастыру, материалды әртүрлі деңгейге бейімдеу, бағалау критерийлерін әзірлеу және оқушы жұмысына алдын ала талдау жасау функциялары нақты көрсетілген. Бұл мұғалімнің рөлін әлсіретпейді, керісінше, оның интеллектуалдық және шығармашылық жұмысына көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды, – деп сөзін жалғады сарапшы.
Мәселен, OECD TALIS 2024 зерттеуі бойынша AI қолданатын мұғалімдердің 64%-ы оны сабақ жоспарын әзірлеу үшін, 68%-ы ақпаратты тез талдау мен қысқаша мазмұндау үшін пайдаланатын көрінеді. Яғни, халықаралық тәжірибе мұғалімдердің AI-ды ең алдымен уақыт үнемдеу және сапалы контент дайындау құралы ретінде пайдаланып жатқанын көрсетеді.
– Дегенмен басты мәселе құралдың бар-жоғында емес, оны педагогикалық тұрғыда сауатты қолдануда. Қазір көптеген мұғалім ЖИ-ді техникалық деңгейде ғана қолданады: мәтін жаздыру немесе презентация жасату үшін. Ал шын мәнінде AI мұғалімге оқу аналитикасын жасауға, оқушының прогресін бақылауға, зерттеу тапсырмаларын әзірлеуге және сараланған оқытуды ұйымдастыруға көмектесе алады. Сондықтан алдағы кезеңде ең маңызды міндеттердің бірі – педагогтарды ЖИ құралдарын әдістемелік және саналы қолдануға жүйелі түрде үйрету, – деді Б.Дүйсенова.
Демек, жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын технология емес. Сала сарапшысы бұл мұғалімнің кәсіби мүмкіндігін күшейтетін интеллектуалдық ассистент екенін алға тартып отыр. Ал білім сапасының артуы технологияның өзіне емес, оны қолданатын педагогтың кәсіби мәдениетіне тікелей байланысты.
Кәмила ДҮЙСЕН