in

18 жастағы бойжеткенге әпкесі бірнеше банктен 3 миллион теңге кредит алдырған

2025 жылдың басында Қазақстан қоғамында қаржы жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі – қарыз жүктемесінің күрт артуы болды. Ұлттық банк деректері бойынша, халықтың кредиттік портфелі 24,1 триллион теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 22,9 пайызға өскен. Бұл өсімнің басым бөлігі микрокредиттер есебінен болғаны қарыз алушылардың әлеуеті мен қаржылық сауаты жайлы ойлануға мәжбүр етеді. Қоғамда микрокредит жүйесінің мәні мен салдары, әлеуметтік жауапкершілік пен цифрлы қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аға-жеңгесіне кредит алып берген студент 

Микрокредит – табысы төмен азаматтар мен кәсіп ашқысы келетіндерге арналған шағын несие түрі. Әлеуметтік қолдаудың бір тетігі саналған бұл құрал бүгінде қаржылық сауаты төмен азаматтарды борыш батпағына батырып, олардың әлеуметтік жағдайын одан сайын қиындатып отыр.

Қаржы нарығында бақылаусыз таратылған микронесиелер, әсіресе жастарға едәуір салмақ түсіруде. Мәселен, Жазира есімді 18 жастағы бойжеткен әпкесінің бірнеше өтінішінен кейін өз атына микрокредит рәсімдеуге келіседі. Алайда әпкесі қарыздарын өтемегендіктен, Жазира 3 миллион теңгеге жуық берешекке белшесінен батып қалған. Осылайша, жас қыз бұл соманы өзі өтеуге мәжбүр болады. Бұл – еліміздегі жүздеген, бәлкім, мыңдаған жастың ортақ трагедиясы.

Осыған ұқсас жағдай Нұрмахан есімді ауыл жастарының бірінің басынан өтті. Астанаға оқуға келген жігіттің ағасы мен жеңгесі оған өтініш жасап, өз атынан микрокредит алып беруін сұраған. Бірақ олар кредитті уақытылы төлемей, Нұрмахан барлық стипендиясы мен қосымша табысын сол қарызды өтеуге жұмсап, қаржылық қысымға түседі.

Қажетсіз қарыздан бас тартыңыз

Бұл мәселелер мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша» заң жобасы – халықты борыш тұзағынан қорғау мақсатында жасалған маңызды қадам. Аталған заң Мемлекет басшысының Жолдауы мен Парламенттік тыңдаулар нәтижесі негізінде әзірленген.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Дәулет Мұқаев жетекшілік ететін «Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған. Бұл бастама азаматтардың қажетсіз қарыздан бас тартуына, жеке бюджетін тиімді басқаруына, өз болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. 

Алаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеу керек?

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Аралбайұлы бұл тақырыпқа қатысты ерекше пікір білдірді. Оның айтуынша, микрокредит беру процесінде азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі мәселесі назардан тыс қалып отыр.

– Телефонға үздіксіз келетін хабарламалар мен қоңырауларда «сізге несие шықты» деп жазып, адамдарды қарыз алуға үгіттейді. Ал бүкіл елдің жеке деректері, құжаттары мен нөмірлері – осындай компаниялардың қолына қалай түсіп жүр? Сандық технологияны дамытамыз дейміз, бірақ азаматтардың дербес деректерінің қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? – деді депутат.

Қаржылық сауат пен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері өзара тығыз байланысты. Азаматтар жеке деректерін қорғау маңызын сезінбейінше, алаяқтар мен күмәнді ұйымдардың қақпанына түсіп қала беруі мүмкін.

Қарыздан құтылудың жолы

«Микроқаржы қызметі туралы» заңда лицензия алу кезінде жалған ақпарат берген компаниялардың жұмысын тоқтату қарастырылған. Алайда заңнама тетіктерінің тиімділігі қаржылық сауат деңгейімен тығыз байланысты. 

Қарыз – қазіргі қоғамның әлеуметтік айнасы. Ол адамның қаржылық жағдайынан бөлек, оның білім деңгейін, жауапкершілігін, сенімін, отбасы ішіндегі қарым-қатынасын айқындайды. Қоғамды қарыздан құтқарудың жалғыз жолы – қаржыны дұрыс басқаруды үйрену және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Мемлекеттік заңдар мен бастамалар маңызды рөл атқарады. Бірақ «Қарызсыз қоғам» идеясы – тек құжат жүзінде емес, шынайы өмірде көрініс табуы тиіс. Бұл үшін мектептен бастап, жоғары оқу орындары мен еңбек ұжымдарына дейін қаржылық білім беруді жүйелі түрде енгізу қажет.

Гүлшекер Сүлейменова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.