Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділов туралы сөз қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ол журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында саясаткердің жұмбақ өлімі кездейсоқ болмағанын атап өтті. Сонымен қатар ел үшін шырылдап жүрген азаматтардың өміріне алаңдап, ескерту жасайтынын да жасырмады.
«Заманбек ағамыз қазаққа шын жаны ашыған адам болды деп ойлаймын. …Кейде шын шырылдағаның қазаққа керек пе, керек емес пе деп ойлаймын. Керек дәрежеде ғана жанашырлық таныту қажет пе екен? Алтынбек пен Заманбектің қайтыс болып кеткенінен гөрі, тірі жүргенінің пайдасы көп пе деп ойлаймын. Мысалы, кеше Шымкентте Руслан Берденовті атып кетті. Алтынбек, Нұрқаділов ағаларымыз қайтыс болып кетті. Жалпы, біздің қоғамда «сатқындық», «сені өлімге де қиып жіберу» деген нәрсенің бар екенін сезінуіміз керек сияқты. Өйткені онсыз да қазақ деп шырылдайтын азамат өте аз. Ол азаматтардың өмірінің соңына дейін миссиясын адал атқарып, аман болғаны маңызды. Сондықтан, мен кейде азаматтарға «байқаңдаршы» деп айтамын», – дейді ол.
Айтыскер жүргізушінің «Шындық ашылады деп ойлайсыз ба?» деген сұрағына да жауап берді.
«Мен неше түрлі Голливудтың киноларын көріп алғанмын. Түрлі оқиғалар өмірде бола береді. Әрине, «Аға өзін-өзі атты» дегенге ешкім сенбейді. Бірақ нақты мына адам атты дегеннің нұсқасы да көп қой. Меніңше шындық ақыретте ашылады, бұл өмірде ашылмайтын шындық көп», – дейді айтыскер ақын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.