Бұл жөнінде Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысында айтып берді.
Индикаторлық көрсеткіштерді орындау мақсатында басқарма тиісті құрылымдармен тығыз өза ра іс-қимылда жұмыс атқаруда. Ресми статистикалық деректер әр тоқсан аяқталған соң, 45 күн ішінде жарияланып, ресми порталдарға орналастырылып отырады.
Бүгінде Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту шаралары белсенді жүргізілуде. 2025 жылы Шымкент қаласында жалпы 49 733 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланса, жарты жылда бұл бағыттағы нақты көрсеткіш 15 412 адамды құрап отыр. Жұмыспен қамту саясатының бір маңызды бағыты жаңа жұмыс орындарын ашу екені белгілі. Бұл орайда Шымкент қаласы бойынша 2025 жылы 21 812 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 2 610 жұмыс орны қалада іске асырылып жатқан концепциялар арқылы, 19 202 жұмыс орны азаматтардың жеке бастамасымен ашылуға тиіс.
Жоспарланған жұмыс орындарының 21 370-і тұрақты, 388-і уақытша болмақ. Алайда жыл басынан бері нақты 2 863 азамат жұмыспен қамтылған. Жаңа жұмыс орындары негізінен жекеменшік бала- бақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріханалар мен қоғамдық тамақтану орындары сияқты әлеуметтік маңызы бар ны сандар арқылы құрылып жатыр.
Сонымен бірге Шымкентте зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы тұрғындарды қолдау бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Халықтың осал топтарына нақты көмек көрсету – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл орайда қала әкімдігі мен мәслихаттың бастамасымен 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бірқатар ауқымды жұмыс атқарылған.
Қарттар – қоғамның алтын қоры. Олардың денсаулығын сақтау, өмір сапасын арттыру басты міндеттердің бірі екені белгілі. Осы мақсатта мәслихат шешіміне сәйкес, 2025 жылы зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету үшін 5 500 ардагер мен зейнеткерге жолдама беру жоспарланған болатын. Қазір бұл бағытта 1 270 азамат емдеу мекемелеріне жолданды.
Зейнеткерлердің демалысын ұйымдастыруда оң нәтиже көрсеткен мекемелердің бірі «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мемлекеттік мекемесі екенін атап өтті Жанат Өмірсейітқызы. 2025 жылы бұл мекеменің сыйымдылығы 70 орыннан 120 орынға дейін ұлғайтылып, 906 ардагер мен зейнеткерге қызмет көрсетілген.
Қалада жүргізілген нәтижелі жұмыспен қамту шараларының арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38%-ға азайғаны байқалады. Бұл мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған іс-шаралардың оң нәтиже бергенін көрсетеді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 4 649 отба сындағы 24 396 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Былтыр бұл көрсеткіш – 8 810 отбасы, 45 955 адам болған еді. Демек, әлеуметтік көмек алушылар 2 есеге жуық азайып отыр деген сөз.
Әлеуметтік көмек алушылардың қатарының азаюы халықтың тұрмыс деңгейінің біртіндеп жақсарып келе жатқанының айғағы. Шымкент қаласының әкімдігі мен тиісті басқармалары әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға жан-жақты көмек көрсету, оларды жұмысқа орналастыру, оқыту және жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды жалғастыра береді.
Бұл – мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұтымды әрі ұзақмерзімді саясаттың бір көрінісі. Әлеуметтік әділеттілік пен адами капиталды дамыту жолындағы бұл бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.
Басқарма басшылығының айтуынша, жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерін жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту қала әкімдігінің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы