Aikyn.kz ұшақта қарапайым ережелерді сақтау өміріңізді сақтайтынын businessinsider.com хабарламасына сүйеніп түсіндіреді.
Қауіпсіздік белдігін тағу – қарапайым әрі тиімді қауіпсіздік шарасы. Фото fair-invest.eu сайтынан алынды
Delta әуе компаниясының рейсі турбуленттікке тап болады, 25 адам зардап шегеді. Ал American Airlines жолаушылары ұшақтан эвакуациялану кезінде сөмкелеріне ұмтылып, басқалардың шығуына кедергі келтірген.
Қауіпсіздік белдігін тағу және төтенше жағдайда сөмкеңізді қалдыру – қарапайым әрі тиімді қауіпсіздік шаралары екенін мамандар ескертеді. Жолаушылардың іс-әрекеті жарақаттануды болдырмауда шешуші рөл ойнайды, екі оқиға соның дәлелі болған.
Нақты айтқанда, кенеттен болатын турбулентті жағдайларда әрқашан қауіпсіздік белдігін тағып отыру керек. Ал ұшақтан жылдам эвакуация кезінде сөмкеңізді алуға ұмтылмаңыз. Өзіңіздің және басқа жолаушылдардың өмірі одан қымбат екенін естен шығармаңыз.
Өткен аптада Delta Air Lines ұшағы Вайоминг штатының үстінен ұшып бара жатқанда қатты турбуленттілікке тап болып, нәтижесінде 25 адам жарақат алған. Бұл рейс Миннесотаға бұрылып, сәтті қонған. Алайда жиырмадан астам адам жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілген.
Турбуленттілік кенеттен пайда болуы мүмкін және оны ұшақтағы радиолокациялық жүйелер алдын ала анықтай алмайды. Сондықтан жолаушылар қауіпсіздік белбеуін тағып үлгермеуі мүмкін.
«Бұл – ішінде бірнәрсе жатқан қорапты жоғары-төмен шайқағанмен бірдей. Егер сіз сол қораптың ішіндегі адам болсаңыз, сізді жоғары-төмен, оңға-солға лақтырып жібереді, жарақаттар дәл осылай пайда болады. Жолаушыларға белдік тағып отыру керектігі сондықтан. Егер сіз қорапқа қатты бекітілген болсаңыз, жарақат алу қаупі әлдеқайда төмен болады», – дейді Кранфилд университетінің авиация және қоршаған орта кафедрасының профессоры Гай Граттон.
Сонымен қатар, климаттық дағдарыс салдарынан турбуленттілік бұрынғыдан жиі кездесетін құбылысқа айналуда. Температураның жоғарылауы атмосферада ылғалдың көбірек жиналуына әкеліп, найзағай мен дауылдардың ықтималдығы мен қарқындылығын арттырады. Ашық аспанда пайда болатын турбуленттілік, әсіресе, ағынды ауа ағыстарының жанында, атмосферадағы өзгерістерге байланысты күшейіп барады.
2023 жылы Ұлыбританиядағы Рединг университетінің зерттеушілері 1979-2020 жылдар аралығында Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде қатты турбуленттік жағдайлары 55%-ға артқанын анықтаған.
Бірнеше күн бұрын American Airlines рейсінің жолаушылар шассидің жануы салдарынан Денвер халықаралық әуежайында эвакуацияланды.
Әуе компаниясы борттағы 173 жолаушы мен 6 экипаж мүшесінің бәрі сәтті эвакуацияланғанын хабарлады. Бір адам ғана жеңіл жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Алайда оқиға видеосында жолаушылардың апатты сырғанау жолақтарымен түсе отырып, қол сөмкелерін алып шыққаны анық байқалады.
Азаматтық авиация федералды басқармасы (FAA) өз сайтында былай деп ескертеді: «Жеке заттарды алып шығу жолаушылардың қауіпсіз эвакуациясын қиындатады».
Авиация сарапшысы Джеффри Томас бұндай әрекеттер бортта кептеліс тудырып, эвакуацияны баяулататынын айтады:
«Барлық жолаушылар 90 секунд ішінде ұшақтан түсуі тиіс. Қазір эвакуация 6-7 минутқа дейін созылады, өйткені жолаушылар жол сөмкелерін алып шығуды ойлайды.
2024 жылдың қаңтарында Japan Airlines-тың Airbus A350 ұшағы басқа ұшақпен соқтығысқаннан кейін өртеніп кеткен. Бірақ борттағы барлық 379 адам эвакуацияланып, тірі қалған. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, ұшақ өндірушілері эвакуацияның тек жартылай ашылған шығу есіктері арқылы 90 секунд ішінде жүзеге асатынын дәлелдеуі тиіс.
«Есіңізде болсын, бұл сынақтар күйзеліске толы жағдайда өткізілмейді», – дейді Кранфилд университетінің ұшу қауіпсіздігі жөніндегі маманы Грэм Брейтуэйт.
Ұшақ ішіндегі қауіпсіздік жөніндегі видеонұсқаулықта эвакуация туралы нақты нұсқаулар беріледі және сөмкелерді тастап кету туралы ескертулер жасалады.
Барлық апатты оқиғалар сәтті аяқтала бермейді. 2019 жылы Мәскеуде апатты қону кезінде Aэрофлоттың ұшағы өртеніп, 78 адамның 41-і қаза тапқан. Сарапшылар қол жүктерін өзімен бірге алып шыққан жолаушыларды сынға алып, сол себепті қаза тапқандар санының көп болғанын айтады.
American Airlines және Delta Air Lines ұшақтарындағы соңғы апаттарда адам шығыны болмағанымен, осы екі оқиға қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда қайғылы жағдай болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.