Бүгінде ұлық мерекенің салмағы бұрынғыдан да жоғары сипатқа ие десек қателеспейміз. Мыңдаған жылдар бұрын қалыптасқан Наурызды ЮНЕСКО тарапынан адамзаттың мәдени мұрасының бірі ретінде тануы оның кезекті рет мойындалғанын айқын көрсетеді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының 21 наурызды халықаралық Наурыз күні деп жариялауы әлемдік деңгейдегі орнын айшықтай түсті.
Сыр бойында көпұлтты халық шоғырланған ауылдар бар. Соның ішінде бірлігі бекем, берекелі мекен саналатын Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылының тұрмысы көрген жанды таңдай қақтырады. Алақандай ғана ауылда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің татулығы мен ауызбіршілігі көпке үлгі. Әсіресе, әз-Наурызды тойлау сәтінде ерекше белсенділіктері жоғары. Бұл адамды нәсіліне, дініне, тіліне қарамай, түрлі ұлттың мәдениеті мен дәстүрін тоғыстыратын күн екенін айшықтай түседі.
Сыр өңіріне қоныстанған өзге ұлт өкілдері, оның ішінде аталмыш ІІІ Интернационал тұрғындарының татулығы мен бірлігі бір ғана Наурыз мейрамында айқын сезіледі. Ауылдағы түркітілдес ұлттарды айтпағанда, орыс, кәріс, неміс сынды басқа да этнос өкілдері киіз үй тігіп, қазақтың ұлттық киімдерін киіп, тағамдарын әзірлеп, дәстүрлі ойындарға қатысып, мерекенің көрігін қыздыруға күш салады. Бір-біріне кешіріммен қарап, ізгі тілектерін арнап жатады. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, мұқтаж жандарға көмек қолын созу үрдісін де мерекенің ажырамас бөлігіне айналдырған.
Жалпы, біз айтып отырған 2000-нан астам халық тұратын алақандай ғана ауылда 11 ұлт өкілі мамыражай тұрмыс кешіп жатыр. Ұлты басқа болғанымен, тілегі бір арнада тоғысқан интернационалдық жамағаттың бір-біріне деген құрметі ерекше. Наурыз мерекесі түркітілдес елдердің ортақ құндылығы саналғанымен, бауырлас ұлт өкілдері ұлық мерекені мүмкіндігінше қазақы сипатта тойлауға айрықша мән береді. Көп жағдайда ортақ мерекенің қазақ халқының тойлау үрдісіне ұқсастықтары басым екенін айтады.
«Негізінен, қазақ халқының Наурыз мейрамын тойлау сипаты түрік, әзербайжан, өзбек ұлттарының үрдісімен ұқсастығы көп. Анау айтқандай айырмашылық байқалмайды. Өзбек халқының дәстүрінде де Наурыз көже секілді тағам түрі дайындалады. Бұл дәстүрлі тағам «сумаляк» деп аталады. Бұл тағамның өзіндік дайындалуы ерекше маңызға ие. Бидайдан жасалатын бұл ұлттық тағам бірнеше сағат бойы дайындалады. Мұны дәстүрімізде ұлттық тағам әрі халықтың бірлігі мен татулығының нышаны ретінде бағалайды. Сол күні қазан басында ән айтып, бір-бірімізге ақжарма тілектерімізді арнаймыз. Бұл тағам өзбек қана емес, түрік пен әзербайжан ұлтына да тән. Жалпы, тағам әзірлеу жағынан өзгешелік болғанымен, наурызды тойлау сипаты қазақы дәстүрмен сабақтас болып келеді», – дейді Гукчак Искендирова.
Наурыз мерекесін көктемнің келуімен қатар, халықтың бірлігін нығайтатын ұлы мейрам ретінде бағалайтынын жеткізді түрік ұлтының өкілі, ауылдың тағы бір тұрғыны Аида Сүлейманқызы.
«Өзім ауылдық мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Жыл сайын мереке күні отбасымызбен ұлттық киімдерімізді киіп, ауылдық мәдениет үйіне жиналамыз. Мерекелік дастарқаннан дәм-татып, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрімізді көпшілікке паш етеміз. Түрік халқының ұлттық тағамдарын ұлықтаймыз. Бірақ дастарқанымыздан қазақы тағамдар да үзілмейді. Бауырсақ пен ет тағамын жиі әзірлейміз. Жалпы, түрік ұлтының мәдениетінде бұл мерекені Nevruz деп атайды. Ұлық мереке түрік халқының түсінігінде де жыл басы, табиғаттың оянуы деген жоғары маңызға ие. Сондай-ақ тағы бір ерекшелігіміз – бұл күні өзіміз өсірген бидайдан тағамдар жасап, дастарқанға қоямыз. Бұл біз үшін береке мен молшылықтың нышаны саналады. Бұған қоса, айналамызды, ауламызды тазалап, тал егу үрдісіміз де бар»,– дейді Аида Мутиева.
Оның айтуынша, биылғы мерекені де ерекше үрдістен бастаған. Отбасында екі қыз тәрбелеп отырған ол мереке қарсаңында Лиза Сәндібекова есімді әріптесіне қазақы дәстүрге сай кіші қызының тұсауын кестіріпті.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы