«Бір мақсат – бір қоғам – бір болашақ» ұранымен өткен екі күндік шараға облыстың барлық 17 аудан-қаласынан және өңір орталығынан 120-дан астам қатысушы жиналды. Қатысушылар құрамында ардагерлер ұйымы, әйелдер кеңесі, ақсақалдар алқасы, Ауған соғысы ардагерлері, жастар, еріктілер, журналистер мен түрлі ҮЕҰ мүшелері қамтылды.
Іс-шара Түркістан облысындағы ҮЕҰ арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты арттыру, қоғамдық сектордағы өзара тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыруды мақсаты етті. Сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдерінің бірін-бірі жақсы танып, ортақ қоғамдық мүддеге жұмылуына, идеяларын ортаға салып, алдағы жұмыс бағытын пысықтауына мүмкіндік берілді.
Тимбилдингті Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы негізінде Құрмет Керімбеков басшылық ететін «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бұл бастаманы «Түркістан облысы Азаматтық альянсы», «Береке» ҚБ және «Шаңырақ – жас отбасыларды қолдау» ҚБ бірлесе отырып, консорциум аясында жүзеге асырды. Іс-шараның ашылу салтанатында Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев сөз сөйлеп, жергілікті биліктің қоғамдық ұйымдармен әрдайым тығыз байланыста жұмыс істейтінін және қолдауға мүдделі екенін атап өтті.
«Бұл – тек демалыс пен ойын-сауық емес, бұл – азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған ауқымды әрі маңызды бастама. Облыстағы 100-ден аса ҮЕҰ әлеуетін көтеруге арналған бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді басқарма басшысы.
Шара барысында еліміздің түрлі өңірінен келген сарапшылар мен салалық мамандар қатысушыларға арнап семинарлар мен тренингтер өткізді. Астана қаласынан арнайы шақырылған ҮЕҰ саласындағы сарапшы Марғұлан Ермағамбетұлы екі күн қатарынан азаматтардың қоғамдық бақылауға және шешім қабылдау процестеріне қатысу тетіктері туралы семинар мен шеберлік сағатын ұйымдастырды. Қызылорда облысынан келген Азаматтық альянсының тәжірибелі өкілі Жанат Сапаржанова болса «ҮЕҰ-дың ұйымдық дамуы және қаржы тұрақтылығы» тақырыбында өз білімін бөлісті. Ал заманауи ақпараттық технологияларды тиімді қолдану бойынша Сағындық Жанысбаев Жасанды интеллект (ЖИ) құралдары арқылы ҮЕҰ-дың PR жұмыстарын жетілдіру жайында ауқымды шеберлік сағатын өткізді. Ол пост жазу, визуал қосу, аудиторияны тарту мен цифрлық маркетингтің құралдарын таныстырды.
Тимбилдинг аясында ұйымдастырылған TIMDICS пікірталас сессиясында ҮЕҰ жетекшілері жергілікті билікке өз ұсыныс-пікірлерін ашық жеткізуге мүмкіндік алды. «Азаматтық Альянс» ЗТБ басшысы Инара Намазбаева «Билік пен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимыл» тақырыбын қозғады. «Жалын» жастар ұйымы төрағасы Құрмет Керімбеков мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың ашықтығы мен тиімділігі туралы пікірін ортаға салды. «Байтақ болашақ» РҚБ басшысы, табиғат жанашыры Ғани Назарбек экологиялық қозғалыстар мен «Таза Қазақстан» бастамасы туралы ой бөлісті.
Шара барысында қатысушылар командаларға бөлініп, бірқатар тимбилдинг ойынында бақ сынасты. Арнайы шақырылған Show Today компаниясы ұйымдастырған ойындар – шаңғы жарысы, доппен эстафета, күрделі пішіндер құрастыру сияқты қызықты тапсырмалардан тұрды. Барлық қатысушы белсенділік танытып, бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ мақсатқа жұмыла білді. Ұлттық ойындар да тыс қалмады: ләңгі тебу, арқан тарту сынды дәстүрлі жарыстар ерекше көңіл күй сыйлады.
Тимбилдинг соңында барлық қатысушы алған әсерлерімен бөлісіп, шараның маңызын жоғары бағалады. Ұйымдастырушылардың кәсіби дайындығы, бағдарламаның мазмұндылығы және спикерлердің біліктілігі қатысушылар тарапынан зор ризашылыққа ие болды. Қатысушылар бұл шараның тек тәжірибе алаңы емес, азаматтық қоғамның жаңа серпілісіне жол ашқан нақты қадам екенін атап өтті. «Осындай шаралар бізге ынтымақтаса отырып жұмыс істеуге, ортақ мақсатқа бірігуге жол ашады. ҮЕҰ-ға мемлекет тарапынан қолдау бар екені қуантады. Келесі жылы да осындай бастама жалғасын тапса деген тілегіміз бар», – деді қатысушылар.
Екі күндік тимбилдинг Түркістан облысындағы ҮЕҰ арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, оларды жаңа серпінмен алға жетелейтін маңызды алаңға айналды. Қоғамдық ұйымдардың белсенділігі – ел дамуының қозғаушы күші. Сол себепті де осындай бастамалар жиі ұйымдастырылып, азаматтық қоғамның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашыла бермек.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы