in

Құс фабрикаларына қолдау керек

Ірі қара етіне қарағанда қолжетімдісі осы өнім болып тұр. Әйтсе де, құс шаруашылығында да импортқа тәуелділік, баға тұрақсыздығы сияқты бірқатар түйткілдің түйіні әлі тарқамай тұр.

Тұтыну көлемі үздіксіз өсіп жатыр

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2023 жылы құс етін өндіру 328,6 мың тоннаны құраған. 2024 жылы құс еті өндірісі 358,7 мың тоннадан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға ұлғайған. Ал 2025 жылдың 10 айында елімізде құс еті өндірісі 360 мың тоннаға жетті.  Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға артық.

Бүгінде Қазақстанда 36 құс етін өндіретін кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың үшеуі бройлер, үшеуі жұмыртқа бағытында, ал біреуі үйрек шаруашылығы санатында. Қазір отандық нарықтың 82 пайызы құс етімен қамтамасыз етіледі. Әйткенмен, тұтыну көлемі де артып барады. Сол себепті бұл көрсеткіштерге әсте масаттануға болмайтын сияқты.

Құс шаруашылығы бағытындағы шаруалардың тыныс-тіршілігін білу мақса­тында кәсіпкерлердің өздеріне хабарласып жағдайды білген едік. Осыған орай «Қармақ­шы-құс» ЖШС фабрикасының басшысы Нұрлан Іздібаев өзінің ойымен бөлісті. Ол субсидияға қойылатын талаптар қатаңдағаны, тәуір инфрақұрылымның болмауы, жемнің тапшылығы құс шаруашылығын дамытуға тосқауыл болып отыр деп біледі.

– Біз құс шаруашылығымен айналысып келеміз. Десе де, салада қолбайлаулар жоқ емес. Субсидия ережесі қатаңдап кеткен­діктен, қолжетімсіз болып қалды. Қармақшы ауданындағы 14 шақырым жердегі электр қуатының шығынын кәсіпкерлер өтеп отыр. Құс фабрикасын өркендету үшін жем зауытын да жандандыру талабы бар. Сондықтан Қызылорда маңынан жем зауытын салайық десек, жерді берді де, оған жол, су, жарық сияқты инфрақұрылым тартып бермеді. Үйдегі тауық күріштің күрмегін берген сияқты фабрикадағы құс­тарға кез келген жем қалдықтарын беруге болмайды. Субсидия ала алмағандықтан, несиеге жүгініп, дұрыс инфрақұрылымның салынбауынан зардап шегіп отырмыз. Мұндай мәселе құс фабрикасы иелеріне таңсық емес. Сондықтан мемлекет тарапынан құс шаруашылығын дамытуға арнайы кешенді қолдау қажет, – дейді құс фабри­касының иесі.

Қазақстанға көбіне-көп Ресей, Беларусь, Қытайдан құс еті импортталатыны анық. Тіпті, мұхит асып, АҚШ-тан да құс өнімдері келеді екен. АШМ мәліметтерінше, құс етін халықтың тұтынуы 2022 жылы – 430,8 мың тонна, 2023 жылы – 460,1 мың тонна, 2024 жылы  452,4 мың тонна құраған. Ал былтыр бұл көрсеткіш шамамен 470 мыңға тоннаға жуықтаған. Яғни, халықтың көп тұтынатын әлеуметтік өнімдері қатарына құс еті мен жұмыртқасы әлдеқашан еніп кеткен.

Әйтсе де, Астана қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Айнагүл Әбілбек құс етінің құны бұрын етке қарағанда әлдеқайда арзан болғанын еске алып, бүгінде жиі қымбаттап, қалтаға тиімсіз соғып тұрғанын айтады.

– Біздің 4 баламыз бар. Күйеуіміз екеуміз айлық алғанда азық-түлікке барамыз. Сөйтіп, қалтаға тиімді құс еті, тауық аяқтары мен сан еттерін сатып аламыз. Көтерме бағада құс еті келісі 1600-1700 теңге ша­масында. Кем дегенде 10 келідей алып, 15-16 мың теңгені жұмсаймыз. Ал қонақ шақырғанда болмаса, сиыр, қой, жылқы етін ала бермейміз. Тіпті, ет сатып алған күннің өзінде шамалап 5-6 келі ғана аламыз. Өйткені 10-15 келі ет алу үшін кемінде 50-60 мың теңге керек. Супермаркет, гипермаркеттегі қапталған құс еті, оның төс еті, майлы тауық етінің құны 2,5-3 мың теңгеден жоғары. Көпбалалы жанұя болғандықтан, дүкеннен де құс етін алып тұрамыз, бірақ бағасы базардан қымбаттау екені рас. Ең бастысы, азық-түлік себетінің ең көлемді бөлігі саналатын тауық еті мен жұмыртқасы қисапсыз қымбаттамаса екен, – дейді елорда тұрғыны. 

Сыртқы тәуелділіктен қашан арыламыз?

Үкімет дерегінше, импортқа тәуелділіктен толық арылу үшін инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Былтырдан бастап 2028 жылға дейін құс шаруашылығында жалпы қуаттылығы жылына 241 мың тонна болатын, 167,9 млрд теңге сомаға 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстанды 2029 жылға дейін толық құс етімен қамту межесі де бар. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев құс шаруашылығының дамып, қарқын алып келе жатқанын оң тенденцияға балайды. Дей тұрғанмен, ол қолдан шектеу енгізгенше, сұраныс пен ұсынысты есептеп, мұқтаж отбасылардың әлеуметтік карточкасын жасап, бағаны реттеуге болатынын алға тартты.

– Біздің ел алдағы 3-4 жылда құс етімен толық қамтылады деген межеге сенемін. Себебі құс шаруашылығының өсімі тез, инвестиция құюға қызығушылық танытып отырғандар көп. Құс фабрикалары, соның ішінде ет бағыты бойынша  толық жұмыс істеп тұр. Бидай азығының молдығынан, жемнің бағасы төмендегенінің арқасында салада серпіліс байқалады. Бастысы, құс бағытына субсидияны тоқтатпау керек. Өйткені бір фабриканың өзіне 4-5 млрд, кейде 10 млрд теңгеге дейін инвестициялық субсидия қажет. Жалпы, ет бағытында 15 пайыздық шектеу, кәсіпкерлерді мәжбүрлеу бағаны тұрақтандырмайды. Одан да саланы қолдап, шаруаларға жағдай жасап,  ұсыныс пен сұраныс теңгерімін ескеріп дамыту керек. Тіпті, 130-150 пайызға дейін құс етін өндіріп, артылғанын экспорттайық. Сонымен бірге әлеуметтік жағдайы қиын, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік карточкасын беру керек. Бағаны тұрақтандыру қоры, өңірлерде Әлеуметтік‑кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қадағалағанша осындай жаңа әдіспен мұтаж отбасылар­ды анықтап, кез келген жерде азық-түлік сатып алатындай тікелей көмектескен абзал. Құс еті, сиыр еті, жалпы халық тұтынатын та­уарларды шектеп, нарықтың басқа субъек­тілерінің қолын тұсауға болмай­ды, – дейді Мәжіліс депутаты. 

Әлемде Қытай құс еті өндірісі бойынша көш бастап, жылдық өндірісін 26 млн тоннаға жеткізген. Одан кейін АҚШ 23 млн тонна,  Бразилия 16 млн тоннаға дейін құс етін өндіретінге ұқсайды. Біздің ел де қол қусырып отырмаған көрінеді. Жуыр­да бекітілген Мал шаруашылығын дамыту­дың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасының шеңберінде құс ша­руашылығын дамыту, субсидия бөлу, құс фабрикаларына жағдай жасау, инфра­құрылымды жаңарту сияқты бағыттар қарастырылған екен. Яғни, бұдан былай құс шаруашылығы қарқын алып, құс еті арзандап, жұмыртқа қолжетімді болып, сала оңалады деген үміт мол.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ