ҚМДБ Ақтөбе қаласындағы мешітте болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ҚМДБ ислам шариғатында өзгеге тіл тигізу, орынсыз сөз айту, әсіресе әйел затына қолайсыз пікір білдіру мұсылман әдебіне сай келмейтін және айыпталатын іс-әрекет екенін атап өтті.
«Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында Ақтөбе қаласындағы мешіт ауласында орын алған оқиғаға қатысты түрлі пікірлер таралып жатыр. Мешіт – құлшылық пен тәрбие ордасы. Онда келген әрбір азамат өзін әдеппен, ізетпен ұстауға міндетті. Ислам шариғатында өзгеге тіл тигізу, орынсыз сөз айту, әсіресе әйел затына қолайсыз пікір білдіру – мұсылман әдебіне сай келмейтін және айыпталатын іс-әрекет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбедегі оқиғада қыз балаға орынсыз сөз айтқан азаматтың әрекетін айыптайды. Өйткені мұндай әрекет мұсылмандыққа жат, әрі адамгершілік қағидаттарына да сай емес. ҚМДБ жамағатты сабыр мен парасаттылыққа шақырып, жалған ақпарат пен арандатушылық әрекеттерге ермеуге үндейді. Қоғамда бейбітшілік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Ақтөбе мешіттерінің бірінде қыз балаға анайы ұсыныс жасаған ер адамның видеосы тарады. Ер адам полицияға жеткізілді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.